АҚШ Беларусь үкіметін тәуелсіз бақылау жағдайында еркін және әділ сайлау өткізуге шақырды. Бұл туралы АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео жариялаған жазбаша мәлімдемеде айтылған.
Құжатта: «Америка Құрама Штаттары Беларусь билігін оппозиция мен оны қолдайтын азаматтарды қудалауын тоқтатуға және әділ сайлау өткізуді шақырады», – делінген.
АҚШ сыртқы саяси ведомствосы басшысының мәлімдемесі Еуропадағы қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының (ЕҚЫҰ) баяндамашысы Вольфганг Бенедектің мәлімдемесімен ұқсас. ЕҚЫҰ ресми түрде 9 тамыздағы сайлау қорытындысын жоды ұсынды.
ЕҚЫҰ-ның баяндамаларында Беларусь билігі «адам құқықтарын таптап, сөз бостандығын шектеді» делінген. Ұйымның есебі 17 мемлекеттің өтініші бойынша әзірленген. Құжатта 700 шақты дәлел, айғақ келтіріледі. Осыған дейін Минск құжатты әзірлеуге атсалысудан бас тартқан.
9 тамызда Беларусьте президенттік сайлау өтіп, нәтижесінде Орталық сайлау комиссиясы ширек ғасыр билік еткен Александр Лукашенконың жеңісін жариялады. Оппозиция президент сайлауының ресми қорытындысын мойындаудан бас тартып, елде саяси дағдарыс ушыға түсті. Азаматтық белсенділер сайлау қорытындысы бұрмаланды деп санайды. Лукашенконың отставкасын талап еткен наразылық шаралары елдің түрлі қалаларында жалғасып жатыр.