10 қаңтарға белгіленген 10 мыңнан астам учаскеде өтетін мәжіліс және мәслихат сайлауын 400-ге жуық халықаралық байқаушы бақылайды. Бұл туралы дүйсенбі күні Орталық сайлау комиссиясы өкілдері хабарлады

Сол күні кешкісін, 4 қаңтарда сағат 18.00-де халықаралық байқаушыларды тіркеу процесі аяқталған. Алдағы сайлауды бақылайтын шетелдік байқаушылардың саны өткен мәжіліс сайлауына қарағанда әлдеқайда аз, екі есеге кем. 2016 жылы 20 наурызда өткен парламенттік сайлауға қатысуға шетелдер мен халықаралық ұйымдардан 817 бақылаушы аккредиттелген, ал биыл 400-ге жетер-жетпес.

ОСК-ның ресми дерегіне қарағанда, барлығы 398 халықаралық байқаушының 322-сі – 10 халықаралық ұйымның атынан қатысады: ТМД парламентаралық ассамблеясы (48), ТМД атқару комитеті (179), Ислам ынтымақтастық ұйымы (4), ЕҚЫҰ демократиялық институттар мен адам құқығы бюросы (42), ЕҚЫҰ парламенттік ассамблеясы (9), Шанхай ынтымақтастық ұйымы (15), Түркітілді мемлекеттер ынтымақтастық кеңесі (7), Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының парламенттік ассамблеясы (7), Түркітілді елдер парламенттік ассамблеясы (9), Еуроодақтың Қазақстандағы өкілдігі (2). Одан өзге, 31 мемлекеттен (Иордания, Қырғызстан, Мальдив, Молдова, Түркия, Әзірбайжан, Армения, Индонезия, Өзбекстан, Ресей, Румыния, Үндістан, Филиппин, Венгрия, Испания, Норвегия, Франция, Швейцария, Польша, Чехия, Италия, Эстония, Украина, Германия, Бельгия, Палестина, Ұлыбритания, Моңғолия, Швеция, Канада, Финляндия) 76 байқаушы қатысады.

2019 жылғы президент сайлауында фальсификация фактілері туралы фото-видео материалдар интернетте көптеп тараған соң ОСК өткен айда үкіметтік емес ұйымдар мен тәуелсіз бақылаушылардың «қызметін шектейтін» қаулы қабылдаған. Бұл азаматтық қоғам, белсенділер мен құқық қорғаушылардың сынына ұшырады. Олар жоғарғы сот пен бас прокуратурадан қаулының күшін жоюды сұраған. Биліктің «тәуелсіз тармағы» саналатын жоғарғы сот  қаулыға байланысты түскен 32 шағымды «техникалық талапқа сай болмауы себепті» кері қайтарған. Ал сайлау науқаны таяп қалды...

Осы жексенбіде өтетін саяси оқиғаға «Nur Otan», «Ақжол», «Адал», «Ауыл» және «Қазақстан халық партиясы» қатысады. ОСК мәліметінше, бес партия мәжіліс сайлауына – 312 кандидат (90 әйел, 222 ер адам), мәслихатқа 832 кандидат ұсынған. Сайлау ОСК ұйымдастыруымен 232 аймақтық сайлау комиссия өкілдік ететін 10 мыңнан астам сайлау учаскесінде өтеді.

"The Qazaq Times"