2 желтоқсан күні Қазақстан президенті Тоқаев 2021 жылдың 10 қаңтарында өтетін мәжіліс және мәслихаттар сайлауын «ашық әрі әділ өткізуге ниетті» екенін мәлімдеген еді. Дегенмен төрағасының "Кітапханаға" және мәжіліс депутаттығынан дәмелі Дариға Назарбаеваға туыстық жақындығы бар Орталық сайлау комиссиясы 2019 жылғы президент сайлауынан кейін бақылаушыларға қойылатын талапты күшейте түсті. Сондай-ақ, атқару органдары тарапынан қысым артқан.
Желтоқсанның басында қабылданған қаулыға сәйкес, тәуелсіз бақылаушылар бұл жолы бұрынғыша кез келген қоғамдық ұйымнан қатыса алмайды әрі фото-видео түсіру мүмкіндігі шектелген. Оған қоса, 28 желтоқсан күні ОСК сайлау учаскесіне тек ПТР тестін тапсырып, теріс қорытынды алған бақылаушылардың жіберілетінін мәлімдеген. Бұл да өз алдына дауға айналып үлгерді. Кейбір бақылаушылар тест тапсыру қиындағанын айтса, енді бірі негізсіз себептермен бақылау миссисынан шеттетілген немесе туыстары арқылы сес көрсетілген. ПТР сынамасын тапсырмаған атыраулық белсендіге "коронавирус анықталғаны" хабарланған. Сонымен қоса, Алматы қаласының Санитарлық эпидемиологиялық қызметі жүздеген бақылушыдан тест алған екі бірдей зертхананың жұмысын заңсыздығын хабарлап, нәтижесін жарамсыз деп танығанын хабарлады. Мұндай қисынсыз әрі күтпеген жағдайлар аз емес тәрізді.
Карантин – "Еркіндік қанатын" қайыруға сылтау ма?
Астананың Байқоңыр аудандық санитарлық-эпидемиялық бақылау басқармасы сайлауды бақылауға оқталған "Еркіндік қанаты" қоғамдық қорының жұмысын жұма күні екі апталық карантинге ауыстыруға қаулы қабылдады. Бұл туралы қор құрылтайшысының бірі Елена Швецованың Азаттыққа айтуынша, қашықтан жұмыс істеп жүрген қызметкердің бірінен 28 желтоқсан күні коронавирус анықталған.
"Кеше кешке бізді 8 қаңтардан бастап карантинге жіберу туралы қаулы жіберді. Кісі 28 күні ауырған, ал бізді 8 қаңтардан бастап карантинге отырғызғысы келеді", – дейді ол.
Астананың санитарлық-эпидемиялық департаменті бастығы Сархат Бейсенова ақпарат құралына берген пікірінде ұйымдағы карантин 12 қаңтар күні аяқталатынын айтады. Санитар-дәрігер карантиндегі ұйымнан анықталған сырқат маманның нақты қай күннен бастап жұмысқа шықпағанынан хабарсыз сияқты.
Полиция "аңдыған" куәлік
Сенбі, 9 қаңтар күні Шымкент полициясы белсендіден "HAQ" азаматтық қозғалысының 600 бақылаушысының куәлігін *тартып алған. Қозғалыс жетекшісі Тоғжан Қожалиева мен астандан келген құжатты Шымкент әуежайынан күтіп алған жергілікті бақылаушы Аманұлла Раманқұлдың мәліметінше, Қызылорда, Түркістан өңірлері мен Шымкент қаласындағы 600 бақылаушының қолына берілуі тиіс құжаттарды ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы тәркілеген.
"Мені заңсыз тексерді, жолдамаларды тәркіледі. Бұл үш аймақта 600 бақылаушы сайлауға бақылаушы ретінде қатыса алмайды деген сөз", – дейді полицей жолын кескен Раманқұл Азаттыққа.
Интернет басылымының қолы жеткен дерекк қарағанда, полиция хаттамасында тәркілеу "қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету" мақсатында жүргізілгені жазылған.
Осындай жағдайға тап болған тағы бір белсенді Айжан Жолдасованы да қаңтардың 8-і полицей ұстап, ондаған бақылаушыға тиесілі куәлікті тартып алған. Бұл 67 куәлікті астанадағы "Мұқалмас" ұйымы аймаққа сәлемдеме ретінде жіберген. Шымкенттегі Еңбекші аудандық полиция басқармасы қызметкерлері белсендінің алдынан шыққан.
*10 қаңтарға қараған түні Азаттық Абай аудандық прокуратурасы полицияның бұл әрекеті "Қазақстан конституциясы мен Сайлау туралы заңын өрескел бұзған полиция әрекетін" айыптап, 600 куәлік кері қайтарып бергенін хабарлады. Құжатты қолына алған Аманұлла Раманқұл сайлауды бақылауға мүмкіндік беретін жолдаманы үлестіруші аймақ өкілдерінің қайтып кеткенін айтады. Куәлік тиісті иелерінің қолына дер кезінде жетпеуі мүмкін деседі.
Белсендіге хабаршыдан ескерту
Oyan, Qazaqstan азаматтық қозғалысының мүшесі Әсем Жапишев телеграм-арнасында ұйым жастары сайлау күні өткізуге ниеттенген бейбіт жиынға қарсы арандату акциясы ұйымдастырылып жатқаны туралы ескерткен "хабаршының" жазбасын жариялады.
Жапишеваға "биліктік контр-жиын" жөнінде хабарлаған "еріктінің" (өзін таныстыруы бойынша) сөзінше, "сенбі күнгі Нұр Отанның партиясының шешімімен жексенбіде Қайрат Бисембаев бастаған 100 шақты жас педагог пен студент ҚДТ, Демпартия және Oyan, Qazaqstan-ға қарсы митингке шықпақ" көрінеді.
Бұған дейін 10 қаңтарға белігіленген мәжіліс және мәслихаттар сайлауы күні Алматы қаласында әртүрлі ұстанымдағы оппазициялық күштер наразылық шеруін өткізетінін хабарлаған. Жексенбідегі саяси науқанда бюллетеньді бүлдіруге үндейтін Oyan, Qazaqstan қозғалысы мен белсенді бойкотқа шақырған Демпартия бастамашыл тобы бірдей уақытта және бір жерде митинг өткізуді жоспарлаған. Ал Қазақстанда қызметіне тыйым салынған, шетелден саяси баспана алған экс-банкир Мұхтар Әблязов басқаратын ҚДТ ұйымы "билік партиясының ұпайын кеміту және әшкерелеу мақсатында" жақтастарын "Ақ жол" партиясына дауыс беруге үгіттеп, түсте 20 шақты қаладағы қарсылық жиынына қатысуға шақырған.
*Шымкент полициясы тәркілеп, кейіннен прокуратура қайтарып берген бақылаушылардың куәліктері туралы ақпарат толықтырылды