Астананың мемлекеттік кірістер департаменті «Еркіндік қанаты» қоғамдық қорына байланысты істе құқық бұзушылық құрамының болмауы себепті осыған дейін салынған айыппұл жазасының күшін жойды.
Қор заңгері Роман Реймер Vlast.kz редакциясына берген пікірінде ұйым атынан екі шағым түсіргенін хабарлаған.
«Біз айыппұлдың неге жарамсыз деп танылғанын білмейміз. Тіпті құжаттың өзін, яғни айыппұлдың күшін жою туралы қаулыны әлі көргеміз жоқ. Елордалық МКД төрағасының орынбасары құқық бұзушылықтың құрамы жоқ екенін айтты. Ұйым тарапынан екі шағым бердік – әкімшілік жауапқа тарту туралы хаттама мен қаулыға қарсы. Хаттама жайлы алғашқы шағымымыз дұрыс жасалғанына қарамастан қабылданбады. Қаулыға байланысты арызымыз қанағаттандырылды. Құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты әкімшілік айыппұл алынып тасталды», – деді Реймер.
Ол айыппұлдың алынып тасталуын құқықтық мәселеге емес, саяси астарына, қордың ақпараттық кампаниясына байланысты деп есептейді.
Бұған дейін сайлау барысын бақылаған «Еркіндік қанаты» ұйымына Norwegian Helsinki Committee тарапынан техникалық қатеден жіберілген қаржыны растайтын және қайтаратын салық құжаттарын ұсынса да, билік жазаның ауыр түрін қолданды, 100 АЕК (277 800 теңге) көлемінде айыппұл кескен.
Қаңтар айының соңында адам құқықтарын қорғаумен және азаматтық іспен айналысатын жеті бірдей қоғамдық ұйым салық қызметінің тарапынан қысым жасалғанын жариялаған. Сайлау қарсаңы мен жыл басында ұйымдарға кейінгі бірнеше жылдағы салық есебінің 17 және 18 формаларын толтыру кезінде бұзушылықтар болғаны жайлы хабарлама жіберілген. Салдарынан үкіметтік емес ұйымдарға, соның қатарында «Эхо» мен «Халықаралық құқықтық бастама» ұйымының әрқайсына 400 АЕК (1 166 800 теңге) көлемінде айыппұл салынып, үш айға қызметі тоқтатылған. Тағы бірі Қазақстандағы Адам құқығы және заңдылықты сақтау халықаралық бюросына 800 АЕК (2 333 600 теңге) мөлшерінде айыппұл кесіліп, қызметі 3 айға тоқтаған еді.