Кеше, 1 қыркүйекте The Village Kazakhstan  басылымына Түркістан облысындағы атышулы бала зорлау оқиғасы жайлы журналист Әсем Жапишеваның репортажы шыққан. Соған байланысты журналист пен редакцияға белгісіз біреулер хабарласып, қоқан-лоққы көрсетіп жатыр. Бұл туралы басылымның Telegram арнасы хабаралады. 

"Дәл қазір түрлі ведомство атынан белгісіз адамдар хабарласып, мақаланы алып тастаңдар деген талап қойып жатыр. Тәуелсіз журналистерге қысым тоқтатылсын. Мақаланы алмаймыз. Бұл адамдар журналистердің ауызын жапқанша елдегі проблеманы шешсін" делінген Village Kazakhstan баслымының Telegram хабарламасында.

Әсем Жәпішева өзінің Facebook парақшасында "Мақала жарияланғаннан кейін бейтаныс біреулер түрлі ведомствоның өкілі болып телефон шалып, мақаланы жоюды талап етті, қорқытып-үркіте бастады"  деп жазды.

Жәпішеваның репортажында Түркістан облысы Абай ауылындағы бала зорлау оқиғасының қалай болғаны және қалай тергелгені жайлы баяндалады. Автор зардап шеккен баланың әжесімен және осы оқиғаны қоғамға алғаш жеткізген журналиспен сұхбаттасқан.

Абай ауылында бала зорланғаны жайлы хабар 2018 жылы наурыз айында тараған. Бұл оқиға қоғамда үлкен шу туғызып, елдің сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі мәселеге үн қосқан еді.

The Qazaq Times