Сайлау қарсаңында Nur Otan иелігіндегі Nur Media холдингіне қарасты Astana телеарнасы өз қаражаты есебінен билік партиясының репутациясын үгіттейтін сауалнама қорытындысын жариялады. Назарбаевтың партиясы қатысы бар зерттеулерде Nur Otan саяси партиялар рейтингінде үнемі алғашқы орынды иеленеді. Тәуелсіз сауалнама жүргізуге рұқсат етілмейді.
«Зерттеу» қорытындысын партиялық холдингтің құрамындағы Astana арнасы хабарлап, Литер және Azattyq Ruhy онлайн-басылымдары жарыса жазды.
Қосымша: Нұрсұлтан Назарбаев төрағалық ететін партияның бастамасымен 2008 жылы құрылған Nur Media холдингіне Astana телеарнасы, Aiqyn, «Литер», Túrkistan, «Қазақстан Теміржолшысы» газеттері, Azattyq Ruhy ақпарат порталы, NS және Orda FM радио арналары қарайды. Бұлар билік партиясының саясатын жиі мадақтап-насихаттап отырады.
Бағынысты ақпарат құралдарының дерегінше, 10 және 15 желтоқсан күндері аралығында электораттың көңіл-күйін зерттеу мақсатында жүргізілген жобаға елдің 17 өңірінен 6,8 мың адам қатысқан. Іріктеудің коэффициент қателігі 2,1% шамасында.
«2021 жылғы 10 қаңтарда Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайламақ. Сіз бұл туралы білесіз бе?» деген сауалға респонденттердің 65.4% «иә» деп жауап берген. Атап өтер ерекшелігі, ауылға қарағанда қала тұрғындары бейхабар болып шықты. Оның ішінде ер адамдар жақсы құлақтанған. Ал жас ерекшелігіне келсек, 46 жастан асқан азаматтар сайлау туралы ақпаратты жақсы білетінін көрсеткен».
Респонденттердің 58,1%-ы сайлауға қатысуды жоспарлап отыр. Ауыл халқының үлесі басым бөлігі (66,8%-ы), қалалықтардың жартысы (52,6%-ы) сайлауға баратынын айтқан. Осы саяси науқанға қатысуға ниетті аудиорияның 74,2%-ы Nur Otan, 5,2%-ы «Aқ жол», 4,4%-ы Қазақстан Халық партиясы, 4,1%-ы «Ауыл» және 2,5%-ы Adal партияларына дауыс бермек көрінеді. Сауалнама есебіне сәйкес, қалған 9,6% қатысушы әзірге ешқандай шешім қабылдамаған.
Әлеуметтік сауалнаманы партияның тапсырысы бойынша «Астана-Зерттеу» қоғамдық қоры өткізген. Ашық дерекөздегі мәліметтерге қарағанда, қордың биылғы табысы күрт өскен. Әтіркүл Ешимканова басқаратын ұйым құрылғанына 12 жылдан асқан. Кейінгі онжылдықта, яғни 2010-2019 жылдар аралығында мемлекет қаржысына небәрі 2 млн теңгеден сәл аса салық төлеген «шағын кәсіпкерлік» санатындағы ұйым биыл табысы молайып, 6 млн теңге салық құйған. Қор алдағы уақытта кемі екі мәрте осыған ұқсас сауалнама жүргізеді.
Осыған дейін, партиялардың үгіт-насихаты басталмай жатып қарашаның 12-сі «Қоғамдық пікір» зерттеу институты да «Астана-Зерттеу» қорымен шамалас мәлімдеме жасаған. Онда «Егер сайлау келесі жексенбіде өткізілсе, онда сіз қандай саяси партияға дауыс бересіз?» деген сұраққа сауалнамаға қатысушылардың көбі, яғни 72,1%-ы әдеттегідей Nur Otan партиясына (Ақ жол – 5,1%; ҚХП (ҚКХП) – 2,9%; Ауыл – 2,7%; ЖСДП – 2,3%; Бірлік (Адал) – 1,9%; 13,0% – нақты емес) дауыс беретінін «айтқаны» хабарланды. Айнұр Мәжитова жетекшілік ететін ұйым құрылғалы бергі жеті жылдық тәжірибесінде әртүрлі министрліктер мен әкімдіктердің ішкі саясат басқармаларының тапсырысын орындап келеді.
Әлеуметтік зерттеулерді жүзеге асыратын «Қоғамдық пікір» зерттеу институтының қаржысы сайлау науқаны артқан тұста, 2019-2020 жылдары айтарлықтай молайған. Президент сайлауы болған былтыр 25 млн, ал депутаттарды сайлау алдында биыл 26,8 млн теңге салық төлеген. Осы кезге дейін ұйым мемлекет қазынасына мұндай көлемде қомақты қаржы құймаған. Социология магистрі Мажитованың үш бірдей компаниясы бар: «Қоғамдық пікір» институт» және «Әлеуметтік-саяси зерттеулер институты» ҚБ, «Қоғамдық пікір» зерттеу институты ЖШС.
Сонымен қоса, Тұңғыш президент күні қарсаңында ақордашыл саясаттанушы, Nur Otan мүшесі әрі ең белді насихатшысы, алдағы сайлауда мәжіліс депутаттығына үміткер Ерлан Сайыров өзі басқаратын Еуразиялық интеграция институтың осы тақілеттес зерттеуін жариялаған. Барлық аймақтан 2,4 мың адамның қатысуымен 20 қазан-5 қараша аралығында өтті делінген сауалнаманың қорытындысында да жеңімпаз – «билік партиясы». Нақтырақ айтқанда, Nur Otan – 72,3%, Ауыл – 3,3%, Ақ жол – 3,2%, ҚХП – 2%, ЖСДП – 1,6%, Adal – 1,4% респонденттің қолдауына «ие болған».
Әлеуметтанушылар Нұр Отан партиясының монополиялық амбициясынан халық оны биліктің бір бөлігі ретінде қабылдауға мәжбүр екенін айтады. Жоғарыда айтқан мысалдарға үңілсек, елде азаматтардың саяси көзқарасын анықтау жұмысын көбіне билікке жақын субъектілер жүргізеді. Мемлекеттік сатып алумен өмір сүретін ақпарат құралдары арқылы кеңінен пропогандалауға тырысады.
Өзге тәуелсіз тұлғалардың әлеуметтік желілерде немесе басқа формада емін-еркін сауалнама-эксзит полл жүргізуге құқықтық негізде тыйым салынған. Азаматтық белсенділер мен құқық қорғаушылар мұның Конституцияға қайшы келетінін әрі ой-сөз еркіндігін шектейтінін айтады. Дегенмен Орталық сайлау комиссиясы мен парламент әртүрлі құқықтық нормалар арқылы тәуелсіз-баламалы сауалнама жасауға тосқауыл қойған. Әдетте интернеттегі желілердің көмегімен өзінше шағын мониторинг ұйымдастырған белсенділер мен блогерлер жауапқа тартылып жатады.
Қазақстанда сайлау алдында халық пікірін білу мақсатында сауалнама жүргізу тек осы салада 5 жыл тәжірибесі бар заңды тұлғаларға ғана рұқсат етіледі. Әзірге ОСК-ға 7 ұйым өтінім беріп, рұқсат алған. Олардың қатарында «Қоғамдық пікір» ҚБ, «Демократия институты» ғылыми-зерттеу ассоциациясы ҚБ, «Нұр Отан» партиясы, «Еуразиялық интеграция институты» ЖШС, «Астана зерттеу» ҚҚ, «Право» ҚҚ, «ШҚО-ның талдау және болжау институты» ЖШС бар. Бір ескере кететін жайт, ОСК тіркеген ұйымдардан басқа кез келген заңды және жеке тұлғаларға (қарапайым азамат, блогер, танымал тұлға, ақпарат құралы, қоғамдық ұйымдар т.б.) қоғамдық сауалнама жүргізуге тыйым салынады.