Бүгін, 10 желтоқсан кешкісін сайлауалды үгіт-насихат кезеңі басталады. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, үгіт-насихат кезеңі келесі жылы 9 қаңтар түнгі сағат 00:00-ге дейін жалғасады.
Келер жылғы 10 қаңтарға белгіленген мәжіліс және мәслихат сайлауына 5 партия қатысады. Олар – «Қазақстан халық партиясы» (бұрынғы ҚКХП), «Нұр Отан», «Ауыл», «Ақ жол» және «Адал» (бұрынғы «Бірлік»). Ресми дерек бойынша, мәжіліс депутаттығына 3 үміткерден таласады. 312 кадидаттың (90 әйел, 222 ер адам) орташа жасы 46,7.
Бейсенбі күнгі брифингте ОСК мәжіліске түсетін партиялардың дебаты 30 желтоқсанға белгіленгенін хабарлады. Мәжіліске қатысатын партиялардың пікірсайысын ОСК, ал мәслихат додасын аймақтардағы комиссия филиалдары ұйымдастырады.
Сонымен қоса, сайлау алдында халық пікірін білу мақсатында сауалнама жүргізу тек сол салада 5 жыл тәжірибесі бар заңды тұлғаларға ғана рұқсат етіледі. Әзірге ОСК-ға 7 ұйым өтінім беріп, рұқсат алған. Олардың қатарында «Қоғамдық пікір» ҚБ, «Демократия институты» ғылыми-зерттеу ассоциациясы ҚБ, «Нұр Отан» партиясы, «Еуразиялық интеграция институты» ЖШС, «Астана зерттеу» ҚҚ, «Право» ҚҚ, «ШҚО-ның талдау және болжау институты» ЖШС бар. Бір ескере кететін жайт, ОСК тіркеген ұйымдардан басқа кез келген заңды және жеке тұлғаларға (қарапайым азамат, блогер, танымал тұлға, ақпарат құралы, қоғамдық ұйымдар т.б.) қоғамдық сауалнама жүргізуге тыйым салынады.
Комиссияның мүшесі Анастасия Щегорцованың айтуынша, қоғамдық-әлеуметтік пікір-сауалнамалар мен сайлау қорытындысы туралы болжам сайлаудан 5 күн бұрын, яғни 4 желтоқсанға дейін жариялануы тиіс. Және үгіт-насихат кезеңі аяқталғанша, 9 қаңтарға дейін мәжіліске өтуді мақсат тұтқан 21 журналист-кандидат уақытша кәсіби қызметін атқара алмайды.
Жиында ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев әлеуметтік желілерде үгіт-насихат жүргізу мәселесі ұлттық заңнамада нақты қарастырылмағанын айтты. Дегенмен «әлеуметтік желі адамның жеке пікірін білдіретін алаң» ретінде саналғандықтан кандидаттардың жеке аккаунтына (ресми парақшасы емес) «мониторинг» жүргізілмейді.
Қазақстанда сайлауға түсу үшін міндетті түрде ресми тіркелген әлдебір партияға кіру қажет. Жекелеген кандидаттар сайлану құқығынан қағылған. Тәуелсіз сарапшылар партиялық тізіммен сайлауды әділетсіз, шынайы оппонет партияның жоқтығын, олардың «билікшіл» екенін айтып сынайды.