АҚШ-та коронавирусқа қарсы екпе егу басталды. Бірінші кезеңде вакцина 6 миллион адамға салынады. Екпенің қауіпсіздігіне күмән келтірмеу үшін Американың бірқатар сенаторлары, сайлауда жеңіске жеткен Джо Байден Moderna вакцинасын алғашқылардың бірі болып қабылдады.
Емдік тиімділігі 94% көрсеткен Moderna компаниясының препаратын қолдануға өткен аптада рұқсат берілген болатын. Бұл – Құрама штаттарда вирусқа қарсы мақұлданған екінші вакцина. Осының алдында АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмектің сапасын бақылау басқармасы жергілікті Pfizer екпесін салуға куәлік берген еді.
Америкада вакцинаның қауіпсіздігіне күмән келтірмеу үшін екпе қабылдауды бірінші боп үкіметтегілер бастаған. Бұған дейін вице-президент Майк Пенс, Конгресс депутаты Ненси Пелоси сынды бірқатар саясаткер жұрттың көзінше коронавирус екпесін салдыртты. Осылайша, олар америкалықтарды егуден бас тартпауға үндеді.
Кеше Джо Байденге дәрі егу процесі ұлттық телеарнадан тікелей эфирде көрсетілді. Процестен кейін ол жаппай вакцинациялау бағдарламасының басталуына себепкер болған Дональд Трамп әкімшілігінің жұмысын жоғары бағалады. Әзірге, АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамп вирусқа қарсы екпе салдыртқан жоқ.
Ал Қазақстанда вакцина егу ақпанда басталмақ. Үкімет басшысы Асқар Маминнің айтуынша, коронавирусқа қарсы екпені бірінші кезекте дәрігерлер, мұғалімдер мен тәртіп сақшылары қабылдайды. Сосын егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға да егіледі.
Әлем бойынша сынақтан сәтті өткен Pfizer, BioNTech фармацевтикалық компаниясы жасаған екпе және америкалық Мoderna екпесін салуды бастаған елдер қатарында Ұлыбритания, АҚШ және Канада бар.
Вирусқа қарсы екпеге бірінші болып Ұлыбритания билігі рұқсат берді. 9 желтоқсанда Британияда Pfizer компаниясы өндірген вакцинаны алғашқы болып 90 жастағы Маргарет Кинан есімді британдық әйел қабылдады. Елдің Денсаулық сақтау министрі Мэтт Ханкоктың айтуынша, екпенің 40 миллион дозасына тапсырыс берілген.
Америкалық Pfizer және оның германиялық серіктесі BioNTech компаниясы бірлесіп әзірлеген вакцинаның тиімділігі клиникалық сынақта 90%-дан астам оң нәтиже көрсеткен. Ал Оскфорд университеті мен AstraZeneca компаниясы өндірген коронавирусқа қарсы вакцина 70% тиімділік көрсетті.
Вирусқа қарсы екпе егу басталғаннан кейін, Ұлыбританияда COVID-19-дың мутацияға ұшыраған түрі анықталды. Осыған байланысты Британияда төртінші деңгейлі локдаун енгізілді. Сонымен қатар, мутацияға ұшыраған вирус Нидерланд, Дания, Аустралия және Оңтүстік Африкада да тіркелді. Мәліметтер бойынша, вирустың жаңа штамы адамдар арасында 70%-ға тез тарайды. Бірақ қауіптілігі жағынан бұрынғы түрінен ерекшеленбейді.