Өткен аптада порталымыз Қытай соты өмір бойы бас бостандығынан айыруға үкім еткен Оспан батыр ұрпақтарына қатысты мәселені алғаш болып көтерді және осы мәселе бойынша Қазақстандағы Қытай елшілігіне, ҚР Сыртқы істер министрлігіне ақпараттық сауал хат жолдаған едік. Қытай елшілігіне жолдаған хатымыз жауапсыз қалғанымен, ҚР Сыртқы істер министрлігі редакцияға өз жауабын жолдады.
ҚР СІМ Баспасөз қызметі жолдаған хатта министрлік ҚР азаматтары Парасат Нұрланұлы, Назыкен Бікейқызы және Әшу Ахаттың туыстары Нұрлан Нәбиұлы, Нағыз Мұхаметұлы және Толқын Соғысайұлы қатарлы ҚХР азаматтарының мәселесін өз құзіреті шегінде қарастырып жатқанын хабарлаған.
«Министрлік аталған тұлғалардың туыстарының Қытай аумағынан елімізге шығуларына рұқсат беру және оң шешу жөнінде Нұр-Сұлтан қаласындағы Қытай Халық Республикасының Елшілігіне тиісті ноталар жолдады», – деген Сыртқы істер министрлігінің жауап хатында.
Сондай-ақ, аталған хатта: «Қытай тарапы олардың арыздарында көрсетілген тұлғалар Қытай азаматтары болғандықтан сол елдің құзыретті органдары олардың мәселесін Қытайдың ішкі заңнамасына сәйкес қарастыратынын мәлімдеді. Бұған қоса, Министрлік 1963 жылғы 18 сәуірдегі Консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясының 55-бабының 1-тармағы бойынша бір мемлекет екінші мемлекеттің ішкі істеріне қол сұғуына құқығының жоқ екеніне назар аударады», – деген.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі хат соңында Қазақстан азаматтарының сұрауын әділетті қарастыру мақсатында, әрі отбасы мүшелерінің бірге тұру, ажырап қалмау турасындағы халықаралық және Қытай заңдарындағы қағидаларға сай Қытай жақпен жұмысты жалғастырып жатқанын жеткізген.
Еске сала кетейік, Оспан батырдың тікелей және аталас ағайындарының ұрпақтары – Нұрлан Нәбиұлы, Нағыз Мұхаметұлы және Толқын Соғысайұлы қатарлы азаматтар ШҰАР Алтай аймағы, Көктоғай ауданының Қоғам қауіпсіздік мекемесі (Полиция) тарабынан 2017 жылдың соңы мен 2018 жылдың наурыз аралығында қамауға алынған. Оларға қатысты алғашқы сот отырысы тек биыл 10 шілдеде болған. Ал, 24 қыркүйек күні аудандық орта сот оларға «отан тұтастығына қауіп төндірген», «әсіре ұлтшыл», «Қазақстанмен жиі байланыс орнатқан, Қазақстан тәуелсіздік күнін құттықтаған» деген айыптармен өмір бойы бас бостандығынан айыруға үкім шығарған болатын. Қазақстандағы туыстары олардың жазықсыз екенін айтады. Ақорда мен халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымдарынан араша сұрап баспасөз жинын да өткізген болатын.