Алматыда Шоқан Уәлиханов саябағында белсенді Жанболат Мамай бастаған «Демократиялық партия» құрғысы келетін топ мүшелері ұйымдастырған митинг өтіп жатыр.
Оқиға орнында жүрген тілшіміздің хабарауынша, 100-ден астам адам жиналған митингте екі мәселе: Қытай экспансиясына қарсылық және халыққа несиелік рақымшылық жасау талабы қойылған. Партия құруды көздейтін «Алаш-Желтоқсан» қозғалысының мүшелері ЖМға қолдау білдіруге қатысты.
«Біз пандемия салдарынан жұмыссыз қалдық. Сондай-ақ қазір бізде жалақы аз, азық-түлік бағасы өсті. Мәселен, айына 60-70 мың теңге ғана аламыз. Үкіметтің бұған арнайы бақылауы жоқ. Қиын кезеңде дәрі-дәрмек пен тамаққа ақша тапшы», – дейді наразы жұрт.
Митингке қатысушылар саяси тұтқындардың, оның ішінде қоғам белсендісі және эколог Макс Боқаев пен ақын Арон Атабектің босатылуын талап етуде. Олар «Несие кешірілсін!», «Қытай экспансиясына жол жоқ!», «Чжан Сяо Қазақстаннан кет!» деген жазуы бар плакаттар ұстап шыққан.
Осыдан бірнеше күн бұрын жергілікті әкімдік несие рақымшылығына қатысты митинг өткізуге рұқсат беріп, «санитарлық талаптар сақталсын, жиын тақырыбынан ауытқымасын» деп қатаң ескерткен. Бұл жолы жаңа заңға сәйкес баспасөз өкілдеріне арнайы орын да қойылған.
Бұған дейін саясаткер Жанболат Мамай бастаған Демократиялық партия құруды көздейтін топ өкілдері 13 қыркүйекте митинг өткізетінін хабарлаған. Топ өкілдері жердің шетелдіктерге сатылмауын, несие амнистиясын жариялап, саяси тұтқындарды босатуды талап ететінін айтқан.
Ресми ақпараттарға сүйенсек, осы мәселерді тақырып еткен митинг Шымкентте де ұйымдастырылған. Алайда алаңға жиналғандарды ұстап әкету басталған.
«Еститін, әрі халық үніне құлақ түретін мемлекет» тұжырымдамасын ұсынған президент Тоқаев билігі кезінде де елде ықтимал митинг қарсаңында белсенділер қамалып, митинг болады деп белгіленген орындардың қоршауға алынатыны әдетке айналған. Осыған дейін халықаралық ұйымдар Қазақстан билігі карантинді пайдаланып, адам құқығын шектеп жатыр деп мәлімдеген. Елдегі құқық қорғаушылар да пандемия кезінде билік белсенділерге қысымды күшейтті деп дабыл қаққан.