Шілденің 27-сі Қытай билігі Шыңжаңда эпидемияның екінші толқыны басталғанын алға тартып, автономиялы региондағы қалаларды жауып, миллиондаған адамдарды оқшаулайтын ауқымды шараларды енгізді. Шенеуніктер жұртшылыққа «Соғыс күйіндегі» тәртіпті сақтау турасында үгіт жүргізді және тұрғын үй есіктеріне дейін жергілікті үкіметтің мөрі басылған қағаздарды жапсырып, жүріс-тұрысты қатаң шектеді.
Дегенмен, соңғы бірер аптада Шыңжаңда індет жұқтырған ешқандай жағдай тіркелмесе де қатаң карантин шарасы алынған жоқ. Облыс, аудан, ауыл аралық жолдар тегіс жабық, тіпті бір үйден екінші үйге баруға да шектеу қойылған күйде қатып-семіп тұр. Орта-шағын бизнес карантин кезінде тұрақты кірістерінен айрылғаны белгілі. Үкіметтің орта-шағын бизнесті қолдау бағдарламаларына қарамастан, шағын жеке кәсіпкерлер он мыңдаған юань кірістерін жоғалтты.
Алайда, өңірдегі тұрғындар өз наразылығын білдіруге жүрексінеді, әсіресе аз санды ұлт өкілдері өз пікірін білдіруге мүлде дәрменсіз. Оның себебі белгілі – соңғы бірнеше жылда Шыңжаңда жүрілген басып-жаншу, идеологиялық шектеу өңірдегі аз санды ұлттардың дербес көзқарастарын әбден тұншықтырып жіберген. Соған қарамастан әлеуметтік желілерде және шетелдік БАҚ-қа үкіметтің шектеу шарасы тым қатаң екенін айтқандар да бар. Бірақ, байқағанымыздай соның көбі тек хан (қытай) ұлтынан. Қытайда кеңінен танымал әлеуметтік желі платформасы Weibo-да Үрімжілік желі қолданушыларының наразылығын байқау қиын емес. «Бұл қала ма, түрме ме?» деген пікірлер де кездеседі. Қытайдың індетке қарсы дәрі-дәрмектеріне күмән келтірген тұрғындардың жазбасын The New York Times басылымы ерекше назарға алған еді.
ШҰАР орталығы Үрімжі қаласы. Фото: Weibo палатформасы.
Осындай аздаған адамның айтуынша, әлеуметтік желілердегі жекелеген бұндай наразылықтардың ешқандай өнімі болмайды. Билік өз азаматтарының пікірлеріне құлақ асуы екі талай. Әсіресе, Шыңжаң жерінде тұрғындардың талап-арызы ҚКП-ге қарсылық, «екіжүзділік» деген секілді саяси ұрандарға телініп, күреске алынбаса, позитивті тұрғыда ескерілмейді.
Әрине, Шыңжаңнан өзге Қытайдың ішкі провинцияларында пандемияның алғашқы толқыны бақылауға алынғаннан кейін өмір қалыпты күйіне келе бастады. Тіпті, Қытай билігі өзінің індетке қарсы күрес тәжірибелері арқылы әлемге үлгі ретінде көрсеткісі де келеді. Ресми мәліметтерде Шыңжаңдағы кезекті шектеу шарасы 4 млн адамды қамтығаны айтылады. Дегенмен, былайғы мәліметтер бойынша Шыңжаңның басым көп аумағы толықтай қатаң режимдегі оқшаулау күйінде тұр. Тіпті, кейбір тәуелсіз сарапшылар Шыңжаңдағы карантин шарасы індетті бақылауға алу үшін емес, керісінше Орта Азия елдеріне Қытайдың індетке қарсы күрес тәжірибесін жоғары нәтижелі етіп көрсету үшін кіргізілген деген пікірлерін де айтады.
Шыңжаңда ресми мәліметтер бойынша 25 млн адам өмір сүреді. Көптеген жылдардан бері Қытай билігі Шыңжаңда азаматтарды бақылау жүйесін толассыз жетілдіріп келеді. Пандемия жағдайынан бұрын да билік Шыңжаңдағы мұсылман халықтарды қатаң бақылау астында ұстап келе жатқаны шын. Бұл Қытай билігінің аталған аймақта миллиондаған адамды өзгеше бақылау астында ұстап тұрғанын көрсетеді. Халықаралық ұйымдар және бірқатар Батыс елдері Шыңжаңдағы адам құқығының бұзылуынан тағы да алаңдаулы.
Шыңжаң – Қытайдың Орта Азиямен шектесетін, стратегиялық маңызды аймағы. Бұл өңір сондай-ақ Қытайдағы қазба байлықтардың да басым көбін ұстайды. Автономиялы регионды Тәңір тауының сілемі табиғи түрде екіге бөліп тұрады, оңтүстігінде ұйғырлар, солтүстігінде қазақтар көбірек қоныстанған. Бұл күнде Қытайдың елімізбен шекаралас бұл аумағы әлемдегі адам құқығы ауыр дәрежеде бұзылған аймақ саналады. Бейжіңнің аймақтағы саясаты АҚШ пен ЕО елдерінің наразылығына ұшырауда. Бір апта бұрын шетелдегі ұйғыр ақпарат көздері Қытай билігін шыңжаңдық аз ұлттарды вакцина сынағының нысанына айналдырды деп айыптаған мәліметтерді де таратты. Шыңжаңдағы карантиндік бақылау ұзарған сайын шетелдік ақпарат құралдары, халықаралық құқық қорғау ұйымдары өңірдегі адам құқығының бұзылуынан алаңдай бастады.