АҚШ пен Польша әскери ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Құжат Американың Польшадағы позициясын нығайтуға бағытталған. Politico басылымының мәліметінше, Польшадағы АҚШ сарбаздарының саны бір мыңға артып, 5-ші жаяу әскер корпусы қайта жасақталмақ.
2019 жылы Варшава мен Уашингтон АҚШ-тың Польшадағы контингентін 4,5 мыңнан 5,5 мыңға дейін ұлғайту туралы келісімге қол қойды. Ал соңғы кездесуде Трамп бұл жолы республикаға Германиядан одан да көп әскер жіберілетінін хабарлаған. Қазір поляк жерінде 5 мыңға жуық американдық жауынгер бар. Польша президенті Анджей Дуданың айтуынша, екі елдің әскери ынтымақтастығы Еуропаның қауіпсіздігін күшейтеді.
Варшава кеңестік дәуірдегі ескірген әскери техниканы белсенді түрде жаңартып, оны Американың жаңа жабдықтарымен алмастыруда. Өткен жылы Польша 2026 жылға арналған модернизациялаудың жаңа жоспарын қабылдап, ұшқышсыз ұшатын аппараттарды, шабуылға арналған тікұшақтарын, қысқа қашықтықтағы зымырандарды, сүңгуір қайықтар мен кибер қорғаныс жүйелерін сатып алуға шамамен 50 миллиард доллар бөлді. Сонымен қатар Польша Patriot әуе қорғаныс батареяларын сатып алуды жоспарлап отыр. Осы жылдың басында Польша мен Америка 32 F-35A ұшақтарын сатып алу туралы келісімге қол қойды. Биыл Польша өз аумағында «Еуропа-2020» әскери жаттығуларын өткізеді. Демек қазір Польшада НАТО-ның жетекші әуе күштерінің бірі болуға барлық мүмкіндік бар.
Бұған дейін Трамп НАТО жобалары аясында қорғаныс саласына қаражаттың жеткіліксіз жұмсалуына байланысты АҚШ-тың Германиядағы әскерилері санын қысқарту жайлы сөз еткен. Еуропалық БАҚ-тың хабарлауынша, Трамп бұл шешімді Германиямен келісімге келмей жариялаған. AFP мәліметінше, Уашингтон Германиядағы әскери күштерін 25 мың адамға (қазіргі 34,5 мың адамнан) азайтуға ниетті. Бұл сарбаздардың бір бөлігі Польшаға жіберіледі. АҚШ-тың Польшадағы ұзақ мерзімді әскери ықпалы Варшава мен Уашингтон арасындағы қарым-қатынасты нығайтып қана қоймай, оларды жаңа деңгейге көтерді. Бұл қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық қана емес, сонымен бірге бірлескен сауда және энергетикалық жобаларды жүзеге асыруға сеп болмақ. Ұзақ мерзімді стратегия екі ел байланысын нығайтып, Польшаның аймақтық күш ретіндегі маңызын арттырады және бұл байланыстарды Дональд Трамп билігінен кейінгі жаңа әкімшілік кезінде де сақтауға мүмкіндік береді.