АҚШ Германиядан 11,9 мың сарбазын шығарды. Олардың 5,6 мыңға жуығы Еуропада қалады, ал 6,4 мыңға жуығы отанына оралады. Бұл туралы АҚШ қорғаныс министрі Марк Эспер мәлімдеді.
«АҚШ Қарулы Күштерінің Еуропалық қолбасшылығының қазіргі жоспарына сәйкес, НАТО-ны нығайту, Ресейден қорғану шараларын нығайту және басқа да қағидаларды сақтау үшін шамамен 11,9 мың америкалық әскер Германиядан шығарылады. Вахталық әдіспен жұмыс істейтін әскери бөлімдерді Бельгия мен Италияға орнатуды жоспарлап отырмыз», – деді Пентагон басшысы.
Сонымен қатар АҚШ ротациялық негізде Ұлыбританиядан Германияға 2500 америкалық әскери-әуе күштерін жібермек. Ел президенті Дональд Трамп әскерлерді Германиядан маусымның соңында шығаруды мақұлдады, ал одақтастарға ресми түрде соңғы күндері ғана хабарланды.
«АҚШ президенті маусымның соңында Еуропалық қолбасшылықтың жоспарын яғни ФРГ-дан әскерді ішінара шығару туралы жоспарды мақұлдады. Біз өткен аптада Конгресстің негізгі мүшелеріне хабарластық. Мен НАТО Бас хатшысы Йенс Столтенбергпен сөйлестім және соңғы бірнеше күн ішінде одақтастармен байланыс орнаттым». – деді министр.
Марк Эспер АҚШ болашақта Польша мен Балтық елдеріне қосымша әскери күштер жіберуі мүмкін екенін айтты.
«Варшавамен қорғаныс саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойып, қаржыландыру туралы мәліметтерді мақұлдап, жаңадан құрылған V корпусының (АҚШ армиясының) штаб-пәтерінен Польшаға жіберуді жоспарлап отырмыз. Мұнымен қатар Польша мен Балтық жағалауы елдеріне қосымша күштерді жіберу мүмкіндігі бар», – деп атап өтті қорғаныс ведомствосының басшысы.