Корея Республикасының Ұлттық қорғаныс министрі Чон Ген Ду 23 ақпанда АҚШ-қа ресми іссапармен барып, американлық әріптесі Марк Эспермен Корей түбегіндегі ахуалды талқыламақ. Бұл туралы Сеулде өткен брифингте Оңтүстік Корея қорғаныс ведомствосының ресми өкілі мәлім етті.
Мәлімдемеде: «Жоспарланған кездесу барысында екіжақты әскери байланыстарға қатысты маңызды мәселелер, оның ішінде Оңтүстік Кореядағы АҚШ әскерлерін ұстауға жұмсалатын шығындарды бөлу тақырыбы да талқыланады», – делінген.
Сондай-ақ, Қорғаныс министрлігінің өкілі Чон Ген Ду 1950-1953 жылдардағы Корей соғысына қатысқан америкалық ардагерлермен кездесіп, конгрессмендермен келіссөздер жүргізеді және теңіз жаяу әскерлерін дайындайтын Калифорниядағы әскери базаға барады.
Қаңтарда Корей түбегінде америкалық әскери контингентке бөлінетін қаржы мәселесін реттеу мақсатында өткен алтыншы келіссөз нәтижесіз аяқталды. Алдыңғы келісімнің мерзімі 2019 жылы 31 желтоқсанда аяқталды.
2018 жылдан бастап Уашингтон Сеулден Корея Республикасындағы АҚШ контингентін ұстауға арналған жарналардың үлесін арттыруды талап етіп келедң. 2019 жылы оңтүстік кореялық бірлескен қорғаныс шығындары 8,2%-ға яғни 1,04 трлн вонға (915 млн доллар) дейін артты. 2019 жылдың қарашасында Уашингтон Сеулден жарналарды бес есеге ($ 4,7 млрд-қа) дейін арттыруды талап еткен.
АҚШ әскерлері Оңтүстік Кореяда 1950-1953 жылдары болған. Екі ел арасындағы келісімге 1950 жылы 26 қаңтарда қол қойылған.
Құрама Штат пен Оңтүстік Корея бірлескен әскери жаттығуларды жылына екі рет Корей түбегінде өткізіп келген. Түбекте шиеленістердің артуына байланысты, Пхеньян тарапы бірнеше рет наразылық білдірген болатын. Себебі, Корей түбегінде әскери жаттығу өткізетін елдер арасында келіспеушіліктер жиі орын алғандықтан, қос Корея соғыс режиміне өтуі мүмкін деген күдік ұялады. Бірақ, Оңтүстік Корея президенті Мүн Жа-Ин жергілікті арналарға сұхбат беріп: «Оңтүстік Кореяның бір ниет, бір тілекте күш жұмылдыру ұстанымы, Корей түбегі дағдарысының соғысқа ұласпауының негізгі кепілі. Біз соғыс тудырмауға тырысамыз. Егер тағы бір мәрте соғыс туатын болса барлығы күлге айналады. Корей түбегінің әскери іс-қимылына тек Оңтүстік Корея шешім қабылдай алады. Егер Оңтүстік Корея келіспесе, басқа ешбір тарап Корей түбегінде соғыс бастамайды», – деп кесімді жауап қайтарған.
Бүгінгі күнге дейін аймақтағы елдер ғана емес, әлем елдері де Корей түбегінде тууы мүмкін ядролық соғысқа алаңдап келген болатын. Дегенмен, қазіргі әр тараптың қадамдары бұл қауіптің ауылын біршама алыстатты. Оңтүстік Корея басшысы корейлердің тағдырына қауіп тудыратын қадамға бармайтынын атап өтті.