Қазақстан коронавирусқа ұқсас пневмония дерегін 1 тамыздан бері жаңа кодпен есептей бастағаны белгілі. Дегенмен бұған дейінгі 256 мың пневмония жағдайы ескерусіз қалды. Ресми статистика бойынша, ковид пен коронавирустық пневмонияға шалдыққан 113 мыңдай адамның 1,4 мыңға жуығы қайтыс болған. Шынайы көрсеткіш бұдан айтарлықтай көп болуы мүмкін. Неге?
Тамыз айының 1-9 күндері елде шамамен 9 075 адамнан коронавирус анықталып, 270-тей (3-і күнгі дерек белгісіз болғандықтан, нақты 247 жағдайға тәуліктік орташа көрсеткішті қоса есептеуге-топшылауға болады – QT) адам қайтыс болған. Дәл осы аралықта 13 280 адамға коронавирустық пневмония диагнозы қойылып, соған қоса 164 адам өмірден өткен. Демек тамыз басталғалы 22 мыңнан артық адам ауырып, 400-ден артық науқас айыға алмай көз жұмған.
2 және 3 тамыз күндері коронавирусқа ұқсас пневмонияның алдыңғы және кейінгі күндерден еселеп аз анықталуының себебін ДенМин әлі күнге дейін түсіндірмеді. Сондай-ақ, ведомство сайтында жарияланған хабарламада және мемлекеттік штабтың ресурсында өткен тоңыз күнде 13 280 науқас тіркелгені айтылған. Ал тәуліктік есептің қарапайым арифметикалық қосындысы 13 271 адам екенін көрсетеді. Сонда айырмашылық тудырған 9 адам енбей қалған ба, әлде артық қосылып кеткен бе, бұл жағы да бұлдыр.
Министрліктің сайты мен телеграм парақшасында күнделікті өлім-жітім есебі беріле бастады. Бірақ белгісіз себептен ведомствоның дерегі www.coronavirus2020.kz сайтында жарияланбаған. Жалпы ҚазАқпарат ХАА-нің жанынан көктемде құрылған басты платформада техникалық қате жиі болып жатады. Қазақстан Үкіметінің ақпараттандыру құралдары синхронды түрде бірізді хабар таратуда дәрменсіз. Олай дейтініміз әлі күнге дейін министрлік пен мемлекеттік комиссия сайты мен парақшаларындағы ақпараттар бір-бірімен қабыспайды. Негізгі сайттағы деректер өте кеш, баяу жаңартылады.
Ресми ақпарат бойынша, қазіргі таңда коронавирус жұқтырған 25 650 адам емделіп жатыр. Олардың 4 713-ы стационарлық ауруханаларда, ал 21 мыңға жуығы амбулаторлық жағдайда бақылауда екен. Олардың арасында 105 жеткіншек бала, жағдайы нашар 246, ахуалы аса қатты ауыр 69 науқас бар. Сондай-ақ 70 науқас өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр.
Сонымен қатар, министр Цой 3 шілде күнгі брифингте апта ішінде коронавирустық пневмонияға шалдыққандардың аймақтық есебін жариялауға сөз берген. Алайда әлі күнге дейін бұл жөнінде толыққанды ақпарат берілмеді. Бұдан өзге ДДСҰ кешеден бері (8 шілде) Қазақстандағы коронавирус пен оның пневмониялық түрін бірге жариялай бастады. Қазіргі таңда халықаралық ұйымның сайтында 110 мыңға жуық жағдай, 1 109 өлім дерегі көрсетілген. Бұл мемлекеттік статистикаға сәйкеспейді.
Денсаулық сақтау министрлігі вирус жұғып, «бірақ басқа аурудан қайтты» деген себептен қайтыс болғандар санаты осыдан 2,5 апта бұрын 319-ға жеткенін хабарлаған. Одан бері әлі толықтырылған жоқ. Коронавирустың кесірінен емес, коронавируспен қайтқандар деп айдарланған құрбандардың қаншасы күтпеген бақытсыз жағдаяттан (жол апаты, қастандық, соққы, жарақат т.б.) қайтқаны да жұмбақ.
Жоғарыда көрсетілген сандар тек ресми статистика. Алайда бұған күдікпен қарайтын халық та, маман да көп. Тіпті отандық және шетелдік жоғары санатты дәрігерлер шілденің ортасында-ақ Қазақстандағы 200 мыңнан 2 миллионға дейінгі адамның вирус жұқтырғанын айтқан.
1 қаңтар-2 тамыз аралығында елде 256 541 адам пневмонияға шалдыққан. 35 мың кейс маусымда, 152 мың кейс шілде айында тіркелген. Бұл көрсеткіш былтырғы дәл осы уақытпен салыстырғанда 3,3 есеге көп. 2019 жылдың қаңтар-тамыз аралығында республика көлемінде 76 986 адам пневмониямен ауырған. Ол кезде 2333 адам, ал биыл 4042 адам өмірден озған. Осы жылы пневмонияның салдарынан өлім жағдайы 1,9 есеге артқан. Осы аптада Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы мен орынбасары пандемия кезінде күрт өршіген пневмониядан коронавирустық түрін ажыратуды артық іс санап, 256 мың кейсті қайта қарауға құлықсыз екенін танытқан.