Жаз басталғалы Қазақстанда коронавирус пандемиясы әртүрлі формада жіктелді: симптомды-симптомсыз науқастар, вирустың жанама және тура әсерінен қайтыс болғандар, өкпе қабынуы... Министрдің жаңасы ескісінің есептеу тәсілін терістеу арқылы санақ жүйесін реттегендей болды. Соңғы ресми мәлімет бойынша, пневмония 138 мыңнан асса, коронавирус 67 мыңға жуықтаған (2020 жылға – QT). Мұның бәрі қоғамның қарсылығын күшейтіп, сенімсіздікті арттырды. Пневмноия мен коронавирус бір ме, неге қосып есептелмей жатыр? Бүгін сарапшыларды сөзге тарта отырып, осыған дейін бірнеше рет көтерілген мәселеге нүкте қоямыз. «Цифрлық иллюзия» мен «Статистикалық манипуляцияның» бар не жоғын өз құзырыңызға қалдырамыз, әз-оқырман.
Сипаттама: Өткен тәуліктегі жағдай бойынша, Қазақстанда вирус жұқтырғандардың ресми есебі 67 мыңға жуықтап, оның 40 мыңдайы ауруынан айығып шыққан. Жалпы жиыны 476 адам қайтыс болған. Атырау және Алматы қаласында, елордада жағдай күрделенген. 6 мыңдай науқас медицина қызметкерлері. Кейстер саны негізінде әлем елдерінің тізімінде 29-орынға шыққан Қазақстанда тестілеу қарқыны бәсеңдеген. Осы уақытқа дейін небәрі 1,7 млн әртүрлі тест жасалған.
Әлемде 14 миллионнан астам адамнан, оның 1,6 миллионы 7 күн ішінде тіркелген. 7 апта қатарынан өсім артып келеді.
Статистика сарсаңы: Эпидмаусым vs Жылдық есеп
Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің мәліметі бойынша, 2015-2020 ж.ж. пневмония ауруы туралы статистикада әр эпидмаусым сайын шамамен 11-21 мыңның арасында кейс тіркеліп келген.
Эпидмаусым | Пневмонияға шалдыққан науқастар | Қайтыс болғандар |
2015-2016 | 11 687 | 7 |
2016-2017 | 17 423 | 8 |
2017-2018 | 21 295 | 20 |
2018-2019 | 19 582 | 10 |
2019-2020 | 18 072 | 10 |
«Эпидемиологиялық маусым күздің соңынан көктемнің басына дейін жалғасады. 2019-2020 жылдардағы мәлімет. І жартыжылдықта 98,5 мың адам ауырған болса, былтыр бұл кезеңде 64 мыңдай адам ауырған болатын. Көрсеткіштің басым бөлігі маусым айында көбейгендіктен, 4 есеге өскен», – деді Тимур Сұлтаназиев кешегі брифингте.
Осы уақытқа дейін эпидмаусым мен жылдық қорытынды статистиканың методологиясындағы айырмашылықтың мән-жайын жазбаша біле алмағандықтан, бейсенбі күні Орталық коммуникациялар қызметінде комитет басшысынан тікелей сұраудың реті келді. Бірақ бұл жолы да ашып айтылмады. Шілденің басында министрлік Қазақстанда биылғы бірінші жарты жылда (қаңтар-маусым) 98,5 мың адам пневмонияға шалдыққанын, 1800-дей адамның осы дерттен қайтыс болғанын хабарлаған. Эпидмаусым жөніндегі комитеттің мәліметінше, соңғы бес жыл бойы пневмонияға шалдыққандар қатары 20 мыңның маңында болған.
Сарапшылар: Пневмония мен COVID-19 – бір
Денсаулық сақтау саласындағы белгілі сарапшы, дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты Қайырғали Көнеев жаздыгүні өршіген типтік емес пневмонияның көпшілік бөлігін коронавирус есебіне қосу қажет деп санайды.
– Әдетте пневмония күздігүні не қыс пен ерте көктемде жүреді. Жаздың 40 градус ыстығында жайдан-жай пневмониялық эпидемия шарықтау шегіне жетуі мүмкін емес. Егер 98,5 мың адамға ресми санақтағы 65 мың жағдайды, тағы ешқайда тіркелмей, үйінде емделген 50 мыңдай адамды қоса есептесек, жалпы жиыны 200 мыңның төңірегіндегі статистиканы байқауға болады. Қазақстан халқының 1%-дан астамы коронавируспен ауырған деуге келеді. Сәйкесінше биліктің есебіндегі 400-ге тарта вирус құрбаны және пневмониядан қайтқан 1800-дей адамның ортақ саны жалпы кейстердің 1%-ына сәйкес шығады, – дейді Көнеев.
Бұл пікірді Швейцариядағы (Еуропа) қазақ дәрігері, медицина білімдері бойынша оқытушы-тәлімгер әрі сарапшы Серік Тұрсын да қуаттайды. Ол 100 мыңға тарта пневмония жағдайын және жаңармағанына көп болған 1800-ге жуық өлім санағын әзірге жұмбақ коронавирусқа тікелей қатысы барын айтады.
– Егер үкімет мұны басқа ауру десе, онда әлем қауымдастығына жаңа дерттің этиологиясын дәлелдеп, жариялауы қажет. Қытайдағы бастапқы дайынсыздық сценарийі қайталанбауы керек. Статистиканы шынайы көрсету – билікке де пайдалы. Ушыққан жағдайға көзі жеткен көрші және де басқа да елдер көмектесуі мүмкін. Оның үстіне ДДСҰ-ның өкілдігі Қазақстандағы пневмония вирустың салдары екенінн мойындады, – деген шеттегі дәрігер Еуропада симтомды-симптомсыз, коронавирустық пневмония, вирустан не вируспен қайтқандар деп шиырлаудың жоғын айтады.
Қазақстандық жоғары санатты нейрохирург-дәрігер Мыңжылқы Бердіқожаевтың көзқарасы да тәуелсіз сарапшылармен бірдей. Оның сөзінше, «пневмонияның еселеп өсуі, өлім жағдайының өршуі – коронавирус пандемиясымен тікелей байланысты». Сондай-ақ қабынудың бұл түрі оңғы екі айда тіпті ұлғайған.
– Пневмонияға шалдықты делінген 98,5 мың адамды коронавирус инфекциясына жатқызу керек. Статистика бойынша шамамен 3-4% өлім көрсеткішін көрсетеді. Қазіргі пневмония көп жағдайда вирусты инфекциядан болған ауру. Сондықтан оны атипиялық пневмония деп толық сеніммен айтуға болады. Демек елімізде атипиялық пневмонияны жаңа коронавирус инфекциясы тудырып отыр. Бұл фактіні мойындау керек, – дейді министрлікке статистиканы манипуляциялауды доғаруға шақырған Бердіқожаев.
Маманның пікірінше, белең алған өкпе қабынуы жай пневмония болса, онда мұны емдеуде вирусқа қарсы дәрілер қолданбауы керек. Ал ауруханаларға түскен науқастар дәрігерлер антивирустық преператтар тағайындағанын айтады.
– Екеуіне де ортақ белгі – дене қызуы және жөтел, әлсіздік. Қалыпты пневмнонияда адам жөтеліп, қақырығы түсіп, антибиотиктермен емдегенде тез жазылып кетеді. Ал коронавирусты қабынудың айырмашылығы дене мен бастың ауруы қатты өтеді, екі жақтан қабынады, қан ұйғыштығы жоғарылайды, дәм-иіс сезбейді. Жалпы пневмония кезінде мұндай белгілер анықталмайды, – дейді.
ДДСҰ Қазақстандағы «белгісіз пневмонияны» қалай бағалады?
ДДСҰ-ның Қазақстандағы өкілдігі редакцияның сұрау хатына «COVID-19 анықталған пациенттердің көпшілігінде ауру жеңіл ағымда өтеді, кейбіреулерде, яғни 10 пациенттің шамамен 4-де пневмония дамуы мүмкін» деген жауап қайтарды. Ұйымның Қазақстандағы ресми өкілі Кэролайн Кларинваль «Пневмонияның болжамды түсініктерінің аясы кең, олардың бірі, өзіміз білетін Қазақстан айналымында жүрген осы COVID-19» деп, Орта Азияда өршіген өкпе қабынуының бір себебі ретінде коронавирус екенін нақтылады. Бір жұма бұрын, Қытай елшілігінің «азаматтарына ескертпесінен» соң WHO (ДДСҰ – QT) төтенше жағдайлар жөніндегі директоры Майкл Райан 10 шілдеде Женевада өткен баспасөз жиынында Қазақстандағы пневмонияға коронавирустың әсері барын растады. Ол:
«Ел билігі кейінгі жеті күнде 10 мыңнан астам адамнан COVID-19 анықталғанын айтты. Демек елде коронавирустың өзі қатты өршіп отыр. Біз қазір тестілеуге және оның сапасына көңіл бөліп жатырмыз. Пневмонияға шалдыққандардың тесттері жалған теріс нәтиже көрсетуі мүмкін. Бұл рас болса, пневмонияға шалдыққандардың көбі COVID-19 инфекциясын жұқтырған болуы мүмкін. ... елдегі COVID-19 траекториясы осы пневмония жағдайларының көбі COVID-19 болуы мүмкін екенін меңзейді», – деп мәлімдеді (аударма Азаттықтікі – QT).
Пневмония әдетте қай кезде өлімге апарады?
Күн қайнайтын кез маусым айында пневмониямен ауырған 32,7 мың (былтыр 8 мыңдай жағдай – министр А.Цой) адам және 630-дай өлім анықталған. Ресми дерекке сенсек, бірінші жартыжылдықтың соңғы бір айының өзінде жалпы есептің 3/1-і тіркелген. Шілденің шіліңгір ыстығындағы өкпе қабынысының қарқыны былтырғыдан 4 есе көп. Сандардың осыншалық жоғары айырмада өсуіне вирустың әсері барына ешкім күмәнданбайды. COVID-19 вирусының штамы мен қазір Қазақстанда бұрын-соңды тіркелмеген деңгейге жеткен пневмонияның қандай ұқсастығы бар? Симптомы мен емдеу хаттамасы бірдей аурулар сипаты жағынан өзара ұқсас па? Бұл сауалға тәуелсіз сарапшы Көнеев:
«Тыныс жолдарындағы ең қауіпті, салдары өлімге әкеп соғатын патогенді ауру – өткір респираторлық дистресс синдромы. Бұл жарақат (травма), сепсис, аспирация жағдайында ауа жетіспеушілігінен болады. Ал жай үйде отырып, жоғарыда аталған диагноздарға шалдықпай-ақ, соңы қазаға жеткізетін жағдайға келу деген медицина заңдылығына жатпайды», – деп жауап береді.
Сонымен бірге, Көнеев жұқтырып алу ықтималдығы көп коронавирус инфекциясын ең сенімді амал компьютерлік томография мен рентгенографияның көмегімен анықтауға болады деп кеңес береді. Денсаулық сақтау саласында ұзақ жылдар қызмет еткен Төлебай Рахыпбеков SARS-CoV-2 вирусының маусымдық ауру еместігін алға тарта отырып, биліктің «сан-саққа жүгірткен» есебіне көңіл аударуды қойып, пневмонияны анализ арқылы дәлелденген-дәлелденбегеніне қарамастан COVID-19 вирусының хаттамасы негізінде емдеуге мықтап кіріскен жөн деп санайды.
– Денсаулық сақтау министрлігі эпидахуалды алдын-ала болжап-бағамдай алмады. Күн тәртібіне шыға қоятындай аса өзекті емес – кодекс, аурухана құрылысы сияқты жобалармен айналысып, уақыт-энергия шығындап алды. Алматыдағы 12 аурухананың тәжірибесі көрсеткендей, алғы шепте ешбір қорғаныш құралынсыз жүрген медқызметкерлерді айыптаған министрліктің мойнында зілдей жауапкершілік бар, – дейді профессор Рахыпбеков.
Коронавирустық пневмонияның клиникалық хаттамасы
Қыстыгүні басталған белгісіз вирустың әзіргідей жаздың ыстық күнінде жалғасуын ескерсек, індеттің күн райына, жыл мезгіліне тәуелсіз еместігін байқауға болады. Осылайша індеттің ерекшелігіне жіті мән берген Серік Тұрсын «пневмонияның басты себебі – коронавирус» екенін бірнеше мәрте қайталап-нықтап айтты. Вирусқа шалдыққан 33 мыңдай тұрғынының 30 мыңға жуығы сауығып шыққан Швейцариядағы сәтті тәжірибеге үлесін қосып жүрген дәрігер Тұрсын:
– Антикогулянцияға сұраныстың шектен тыс көбеюі оны реанимацияда қолданатыны туралы хабардың қоғам арасында тарағанынан. Бұл қатарлы күрделі дәрілер жөнінде дұрыс түсіндірме-нұсқау берілуі шарт. Әйтпесе қуатты дәріні аурудың бастапқы кезеңінде бейберекет-орынсыз ішу әртүрлі қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін. Мәселен, миға қан құйылу деген сияқты. Ауруханада қабылдайтын преператты амбулаторияда ретсіз қолданудың ақыры анық емес, – дейді.
Пандемия кезінде әлеуметтік желіде кәсіби көзқарасын ашық әрі өткір білдіріп келе жатқан Мыңжылқы Бердіқожаевтың сөзінше, «шілде айында пневмония тағы көбейеді». Оның түсіндірмесіне қарағанда, ауруханада орын жетпей немесе барып қаралуға жүрексініп үйде қаптап антибиотик ішіп жатқандарды есепке алса, қазіргі ресми статистиканың шындыққа жанаспайтынын байқау қиын емес. «Өткенде бір сұқбатымда айтқандай вирустың жылдың ең ыстық маусымында беті қайтпай, керісінше күш алуы – мұның қолдан жасалғанын дәлелдейді» дейді сарапшы. Екіжақты пневмонияны міндетті түрде коронавирус ретінде қарастыру керек деп санайтын дәрігер Бердіқожаев клиникалық хаттаманың толықтырылған үлгісіндегі ерекшеліктерге де тоқталды.
– Вирусқа қарсы дәрілерден еш көмек болмады. Жаңа редакциядағы емдеу хаттамасында антибиотиктер профилактика ретінде көрсетілген. Вирустың кесірінен қан ұйып, өте қатты қабыну реакциясын тудырғандықтан, ондай науқастарға қан сұйылтатын гармональды преператтар кіріп отыр. Бірақ оны жеңіл және орташа түрде өтетін науқастарға беру құпталмаған. Оларды симптоматикалық стандартта емдеуге болады. Үйде амбулаториялық бақылаудағы адамға азитромицин, амоксициллин сияқты дәрі-дәрмек ұсынуға болады, әрине дәрігердің тағайындауы арқылы, – деді.
Вирустан қайтқандардың шынайы саны қанша?
Бүгінгі таңда вирустың тура-жанама әсерінен қайтыс болғандардың ресми саны 500-ге (375-негізгі, 101-жанама) таяды. Министр Цой өткен сейсенбіде тағы 110 өлім жағдайын комиссия зерттеп жатқанын айтқан. Биыл пневмониядан қайтыс болды делінген 1800-дей адамның қаншауынан коронавирус табылды? Аталған деректерді қоса есептегенде, жалпы коронавирус жұғып қайтыс болғандардың жиынтық есебі қаншаға жетті?
– О баста министрлік болжамына сәйкес, ресурстар мен дайындық 3,5 мың орынға лайықталған болуы керек. Енді бүгінгі жағдайға келсек, 65 мыңнан асқанда бұл табиғи тұрғыда көп мәселе туғызғаны анық, – деген Қайырғали Көнеев мәселенің осыншалық ушығуын қате болжаммен түсіндіреді.
«Үкімет коронавируспен күресте толық жеңіліске ұшырады» деп есептейтін дәргер бұған 200 мыңдай адамның (маман пікірі бойынша) ауырып жатқаны дәлел көреді. Мыңжылқы Бердіқожаев ресми есептен тыс «тіркелмей қалған немесе қазасы инфаркт-инсульт деп көрсетілген, кейске қатысты 3-4% орташа коэффициентін қоса есептегенде, жиынтығы 3-4 мың қаза десек жалған емес» деп санайды.
Вакцинасыз вирусты жұқтырған қазақстандықтардың саны
«Ұжымдық иммунитет әлі күнге дейін 50%-ға жетіп үлгерген жоқ. Егер бұл көрсеткіш 60-70%-ға маңайласа, онда вирус шарықтау шегінен өтті деуге әбден болады» деген пікірдегі медицина маманы Қайырғали Көнеевтің болжалды есебі ең төмені. Оның айтуынша, Қазақстандағы шынайы картинаға үңілсек, 200 мыңға жуық азамат COVID-19 вирусына шалдыққан. Швейцария дәрігері Тұрсын мұны анықтауда биыл Италияда жүргізілген зерттеудің дерегіне иек артады.
– 10 мың италиялықтың тек 57%-ында вирус жеңіл формада өткені анықталған. Демек Қазақстандағы 80% науқас симптомсыз және жеңіл формада өткен болса, онда 98 мыңнан астам пневмония кейсінің 80%-ын сырттай қоссақ, онда елде 500 мыңға жуық адамның вирус жұқтырған деуге болады. 500 мың адам ауырып жатыр деген кем болмаса, көп емес. 18,7 млн халықты жаппай скринингдеу арқылы антидене мен ауру туралы түрлі параметрлерді айқындаған дұрыс, – дейді.
Ең үлкен көрсеткішті ұсынған – Мыңжылқы Бердіқожаев. Оның иіс пен дәм сезбей қалған мыңдаған адамның ресми санаққа ене қойғанына күмәні күшті. Дәрігер:
– Қазіргі таңда Қазақстанда 2 миллионға жуық адам коронавируспен ауырып жатыр немесе ауырып шықты. Карантин дисциплинасын дұрыс сақтамағандықтан, ауру көбірек тарады. Провизорлық стационарда төсек-орын, дәрі-дәрмек көлемін қамдау керек. Ертеңгі күні карантин біткен соң, ауру қайта көбеюі ықтимал. Осыған ресурс және кадр жағынан дайын болу маңызды, – деп болжайды.
Симптомсыз науқастан төнетін қауіп?
Біз тілдескен сарапшылардың барлығы симптомсыз науқастардың қаупі барын теріске шығармайды. Дәрігер Көнеев «ауру белгісі байқалмайтын науқас тыныстаған кезде одан қауіп төнуі мүмкін» дейді. Симптомды науқасқа қарағанда симптомсыздар азырақ жұқтыратыны анық.
– Бірақ екеуі де қауіпті. Симпомсыз пациенттің өзі 3-5 кісіге вирус жұқтыруы ықтимал. Сонымен қоса, жұқпалы аурудың тарау тізбегін жіті зерттеген ғалымдар тұмаумен ауыратын адам бойында COVID-19 вирусы бар адамнан гөрі 4 есеге аз жұқтыратынын анықтаған, – дейді маман.
Ал науқастарды симптомды-симптомсыз деп бөліп қарауға түбегейлі қарсы Серік Тұрсын «Коронавирус пневмонияға, бұл дистресс-синдромға, кейін фиброзға алып келеді. Бір аурудың асқынған сатылары. Симптомсыз науқастардың тарату қаупі күшті. Мұны бетперде тағып, жеке гигиена және әлеуметтік арақашықтықты сақтап қана тоқтата аламыз» дейді. Нейрохирург Бердіқожаев та осы ұстанымда. «Симптомсыз таратушылардың айналасына жұқтыру қаупі жоғары». Сондықтан маман медициналық бетперде тағып, үнемі антисептик қолдануға кеңес береді.
Қазақстан қазір қай толқында?
Жазғытұрым тұста экс-министр Елжан Біртанов екінші толқын мамырдың ортасында басталды десе, президент Тоқаев алда келе жатыр деп мәлімдеді. Сарапшы Көнеевтің ойынша, бұрынғы бас дәрігер Біртановтің екінші толқын туралы бағдары қате болып шыққан. Ол Қазақстан «әлі бірінші толқынның шарықтау шегінде» дейді. Серік Тұрсыновтің сөзіне қарағанда, «бірінші толқынға қарағанда екінші толқын күшті болуы мүмкін емес».
– Әу баста-ақ, 13 наурызда алғашқы кейс тіркеледі дегені көп күдік туғызды. Бұған дейін де қаңтардан бері шекарасы ашық тұрған Қытаймен арада біраз қатынас болды. Әр толқын сайын вирустың қарқыны бәсеңдей береді. Мутацияның екі жағы бар: оның пайдасы да болуы ықтимал. Мұны екіжақты талдау қажет, – деген маман вирустың бейімделгіштігіне қарамай, уақыт өте әлсірей беретінін айтады.
Мыңжылқы Бердіқожаевтың індет кезеңдері жөніндегі ойы басқаша.
«Індет қарқынын екінші, үшінші... толқын деп бөлу қате сияқты. Елдегі пандемия біртіндеп өсіп келе жатыр, арасында ешқандай үзіліс болған жоқ. Сол себепті мұны толқындарға бөлу орынсыз. ТЖ режимі вирустың қатты тарауын уақытша ұстап тұра алғанымен, алайда дұрыс жоспардың болмауы себепті шектеу босаңсығаннан кейінгі кезеңге дайын болмай шықтық», – дейді ол.
Болжам: «Сол бір екі айға» сценарий
Дәл осы сарынмен әлем тіршілігін тұралатып, адамзат санасын біразға есейткен пандемияның дедлайны 2020 жылға бұйырмайтын тәрізді.
«Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай – Қыстың басы бірі ерте, біреуі жәй» (Абай)
Қысқа қарай эпидемиялық ахуал қалай болары анық емес. Сәті тумағасын, кесіп айту мүмкін де емес. Дегенмен сарапшылардың болжам пікірін сұрастырып көрдік. Бәрінің дегені бір.
– Меніңше, тамыз не қыркүйектен бастап вирустың қарқыны бәсеңдейді. Қоңыр күзде, қазан айына қарай науқастардың тіркелуі біршама азаяды. Алайда желтоқсанда тұмау, параинфлуа, аденовирус, риновирус, тыныс алудың синцитийі қозған тұста коронавируспен қабаттасуын ешкім жоққа шығара алмайды. Мұндай күрделі екінші толқынға мемлекет тас-түйін дайын болуы тиіс. Егер дайындық дұрыс жүрсе, екінші толқын жеңіл өтеді, – дейді медицина саласының маманы Қайырғали Көнеев.
Ұжымдық иммунитетке мониториң жасайтын әрі тереңдей ғылыми зерттеуді жолға қойсақ – екінші толқыннан қазіргідей қысылмай өтер едік дейді дәрігер. Аузы күйген үрлеп ішедіні шын түйсініп, шын әрекет ететін кез қазір деп санайды. Расында да Қазақстанда коронавирус пандемиясын көппараметрлі спектрде зерттейтін дербес ғылыми мекеме жоқтың қасы. Ұлттық сараптама орталығының құзіреті біршама шектеулі. Көнеевтің пікірін медицина саласының ардагері де қолдайды. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің. Күздің қара суығы өңмеңнен өтер кезде, маусымдық тұмау, аденавирус етек алғанда жағдай қиындауы мүмкін», – дейді Төлебай Рахыпбеков. Қыстыгүні қатар өрбуі мүмкін аурулар туралы Серік Тұрсын да таратып сөйледі.
– Тұмау мен вирустың тесті бөлек-бөлек. Екеуінің біреуі позитив шықса... Оны компьютерлік томография 100% диагностикалай алады. Тұмауда температура болады, аденавируста алдымен мұрыннан сұйықтық ағады да кейіннен дене қызуы көтеріледі. Ал коронавирустың симптомы – диарея, – дейді шеттегі қат кадр.
Ал қандай болжам жасалса да дөп басып айту мүмкін емес екенін айтқан Бердіқожаев алда сынақтың күшейерін жасырмайды.
«Қазір өршіген сатысына қарағанда, әлі алда инфекцияның 2-3 рет көтеріліп-түсуіне толықтай дайын болуымыз керек. Қысқа қарай басқа да инфекциялар араласып, қайтадан өршуі ықтимал» дейді ол.
Бір дерттен екі рет сырқаттану мүмкін бе?
Сөзін «Кешегі той-думанның ақыры бүгін аза тұтуға ұласқаны ауыр тиді» деп күрсіне жалғаған Серік Тұрсын емделіп шыққан науқастар туралы ойын бөлісті. Дәрігердің пікірінше, ауырып шыққан адамда «иммунноглобулин G» пайда болуы керек, мұндай жағдайда қайта ауруы мүмкін емес. Екіншіден, тұмауға қарсы вакцина бар. Екі вирусты симптом жағынан айыру оңай болмайды. Екі вируске де тест жасаған жөн. Ал қазақстандық танымал дәрігердің бірі Мыңжылқы Бердіқожаев бір ауырған адам екінші рет ауыруы мүмкін дейді. Маманның айтуына қарағанда, күн суығанда екі вирус қатар жұғуы әбден мүмін.
«Құр статистикадан да маңызды нәрсе үйренетін жайтқа көбірек көңіл бөлген жөн. Емдеудің дұрыстығы мен үйлестіруін қадағалауымыз қажет. Денсаулық сақтау саласын тактикалық тұрғыда іске жарату өте өзекті. БАҚ өкілдері және елге танымал тұлғалар арқылы қазіргі өлімнің бәрі коронавирус екенін, гигиена талаптарының маңыздылығын жиі айту керек», – дейді дәрігер Бердіқожаев.
Тест тапшыда тіркелген аз кейс – «жағдайдың тұрақтанғаны» ма?
Тоқаевтың елге берген уәдесі және үкіметке жүктеген тапсырмасы бойынша, тәулігіне 35 мыңнан астам тест жүргізуі тиіс еді. Бірақ бүгінгі таңда тестілеудің көлемі небәрі 16 мың шамасында. Соған байланысты анықталып жатқан жағдай кейінгі күндері біршама кеміген. 16 шілде күні өткен брифингке дайындықсыз барып, журналистердің көп сұрағын жауапсыз қалдырған Сұлтанғазиев тестілеу жүйесінің тұралап тұрғанына қарамастан, жағдай оңалып келеді деп, айды аспаннан бір-ақ шығарғандай болды.
«ТЖ тоқтағаннан кейін азаматтар карантин шектеуі мен сақтық шарасын сақтамағандықтан өсім байқалды. Сондықтан бір айға карантин режимі енгізілді. Қазір жағдай, сырқаттанудың өсу мөлшері тұрақтанып келеді», – деді комитет басшысы.
Тест межеден екі есеге аз жүріп жатқан күннің өзінде соңғы 7 тәулікте 10 мыңнан астам қазақстандықтан коронавирус анықталған. Егер тестілеу жоспардағыдай 35 мың адамнан алынса және стационарға пневмониямен түсіп жатқан есепсіз науқасты КТ-ға түсіріп-зерттесе, әлі талай мыңдаған кейстің тіркелері анық. Онда қалайша жағдайды «оң» түгілі, оған жетеқабыл деп бағалауға болады?
P.S.-1: Бұдан өзге де пандемия дәуіріне байланысты маңызды мәселелер бойынша жолданған сұрақтарға министрлік тарапынан әлі жауап болмады. Ай бұрын (14 маусым) жолданған бірінші, 29 маусым жіберілген екінші сұрау хат ведомство кеңсесінде қабылданып тіркелгенімен, әлі күнге дейін мардымдық мәлімет жоқтың қасы. Жазбаша сұраудан нәтиже көрмеген соң Орталық коммуникациялар қызметінде 15 шілде күні онлайн баспасөз жиынын өткізген вице-министр Людмила Бұйрабековадан көкейде жүрген, осы кезге дейін актуалдығын жоймаған сауалдарға дереу жауап беруін тікелей эфирде сұраттық. Денсаулық сақтау министрінің орынбасары арнайы кері байланысқа шығып, жауап беруге сендіріп, уәдені үйіп-төккен. Бірақ одан бері екі жұмыс күні өтті. Ләм-мим деген жан болмады. Қазақ тіліндегі БАҚ өкілдеріне қатынас деп бағалауға бола ма, ол жағын уақыт көрсетер.
P.S.-2: Қайтыс болғандарды коронавирустан және коронавируспен қайтты деп екіжақты есеп жүргізетін Қазақстан үкіметі соңғы рет 2 шілде күні «вируспен, яғни COVID-19 дертінің жанама әсерінен көз жұмғандар саны 101-ге жетті» деп жариялаған. Алайда арада жарты ай өтсе де, мәлімет толықтырылмады. Алғашқы жартыжылдықта 98 546 адамның пневмонияға шалдыққаны, оның 1772-сі көз жұмғаны туралы ақпарат та жаңармады. Алексей Цой 10 шілдедегі үкімет отырысындағы сөзінде «1-8 шілде аралығындағы аптада елде ауру белгілері коронавирустікіне ұқсайтын бірақ «нақтыланбаған» 39 702 мың пневмония жағдайы тіркелді» деген.
*Ескерту (толықтыру): Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 17 шілде өткен өткен жиында шілде басталғалы 135 мың адам пневмонияға шалдығып, 1555 адам қайтыс болғанын мәлімдеді. Бас дәрігер тамыз айынан бастап пневмония және коронавирус ауруының статистикасын бірге есептеуге болады. Толығырақ «Ресми санақ: Қазақстанда вирус жұқтырғандар 200 мыңды маңайлады» деген тақырыпта жарияланған мақаладан оқи аласыз. Министрліктің толықтыруынан кейін жоғарыда көрсетілген 98 546 санын 234 187, 1772 немесе 1800-дей деген көрсеткішті 3327 деп оқуыңызды сұраймыз, оқырман.