Швеция Қоғамдық денсаулық сақтау агенттігі коронавирустың таралу қаупінің артуына байланысты 3 түрлі сценарий ұсынды. Құжат гипотезаға негізделген.
Бірінші болжалды сценарий: вирус күз бен жаңа жылда қайта өршіп, 5 мың тұрғын қайтыс болуы мүмкін.
Екінші болжалды сценарий: егер Швецияда коронавирус жұқтырғандар санының азаюы сақталса, аталған уақыт аралығында індеттен 2500 адам қайтыс болады.
Үшінші болжалды сценарий: ахуал елдің барлық аймағында ушығып, құрбандар саны 7 мыңнан асуы мүмкін.
Ресми мәліметтер бойынша, Швецияда коронавирус жұқтырғандар саны 78 мыңнан асып, 5600 науқас көз жұмған. Денсаулық сақтау агенттігі ұсынған құжат келесі жылдың 1 қыркүйегіне дейін сақталады. Қазіргі уақытта тұрғындарға маска тағу міндеттелмеген, тек қоғамдық орындарда арақашықтық сақтау талабы бар.
Бұған дейін сайтымызда «Коронавирус және әлем: Швед моделінің күнгейі мен көлеңкесі» тақырыбында сараптама жариялаған болатынбыз. Коронавирустық инфекциямен күресте швед билігі өзге тәсіл таңдады: ұжымдық иммунитет қалыптастыру мақсатында елде карантин енгізген жоқ, тұрғындар арасында қалыпты өмір сүру формасы сақталды. Дегенмен Швецияның бас эпидемиологы Андерс Тегнелл ұсынған бұл тұжырым індетпен күресте айтарлықтай нәтиже көрсеткен жоқ. Керісінше, өлім-жітім саны бойынша Швеция әлемдік антирекорд орнатқан елдер тізімінде көш бастады.
Пандемиямен күресте Швеция мен әлемнің өзге елдері екіге бөлінген. COVID-19 дерегі алғаш тіркелген мемлекеттер жаппай төтенше жағдай енгізіп, қауіпсіздік шараларын күшейтті. Ал Швеция коронавирусты жеңудің жалғыз жолы – ұжымдық имммунитет қалыптастыру екенін айтты.