Швеция билігі коронавируспен күресте «швед моделінің» тиімсіздігін мойындап, шектеу шараларын қатаңдата бастады. Бастапқыда Швеция карантинді күшейтпей ұжымдық иммунитет қалыптастыруды мақсат еткенмен, індет өрши түскен.
Қазір мұнда кісі өлімінің үш негізгі себебінің қатарына жүрек және қан-тамырлары аурулары мен қатерлі ісіктен кейін коронавирус кіріп отыр. Қатаң шектеулер бойынша енді қоғамдық орындарда бұрынғыдай 50 адам емес, 8 адамнан артық жиналуға болмайды. Бұл ереженің жерлеу рәсіміне қатысы жоқ. Онда 20 адамға дейін жиналуға рұқсат беріледі. Түнгі 22:00-ден кейін мейрамханалар мен барларда ішімдік сатуға болмайды. Бұл шара келер жылдың наурызына дейін күшін жоймайды. Ел астанасы Стокгольм мен үшінші ірі қала Мальмёде жыл соңына дейін мұражайлар, спорттық залдар мен бассейндер жұмыс істемейді.
Осыған байланысты мәлімдеме жасаған ел премьер-министрі Стефан Лёвен: «Адамдардың өмірі мен денсаулығына төнген қауіп күн санап күшейіп, коронавирусты жұқтырғандар саны артып барады. Жансақтау бөліміне түскендер де көп. Кісі өлімінің көрсеткіштері де көңіл көншітпейді. Сіз індеттің жеңіл формасымен ауырдыңыз, бірақ автобуста, мейрамханада немесе дүкенде басқаға жұқтырдыңыз делік. Ал ол қарт адам болуы мүмкін. Қариялардың қатты ауыратынын білеміз. Сондықтан сақтыққа салғырт қарамай, жауапкершілік танытайық», – деді.
Алғаш COVID-19 дерегі тіркелген мемлекеттер жаппай төтенше жағдай енгізіп, қауіпсіздік шараларын күшейтті. Ал Швеция билігі коронавирусты жеңудің жалғыз жолы – ұжымдық имммунитет қалыптастыру деген. Яғни індетті мейлінше көп халық жұқтырып, жазылып шығуы керек.
Осылайша наурызда Еуропада вирусты жеңу жолында екі бағыт қалыптасты: қатаң карантин және ұжымдық иммунитет. Екінші бағытты Ұлыбритания мен Швеция билігі таңдаған. Бірақ тез дендеген вирусты жеңу қиын болғандықтан, Ұлыбритания екінші бағыттан бас тартып, елде төтенше жағдай енгізді. Ал Швеция бастапқы сценарийге үміт артты.
Төрт айға жуық уақытта Швецияда қоғамдық көлік қозғалысына шектеу қойылған жоқ, мектептер мен балабақшалар қалыпты жұмысты жалғастырды. Швеция үкіметі дәл осындай тәсіл денсаулық сақтау саласына ауыртпалық әкелмейтінін айтты. Швед дәрігерлері тұрғындарда вирусқа төзімділік қалыптасады деп болжады. Алайда ұжымдық иммунитет пайда болған жоқ.