Қазірге дейін әлемде екі вакцина клиникалық сынақтың соңғы үшінші фазасын аяқтады. Тағы он екпе сынақтың соңғы кезеңінен өткізіліп жатыр. Сынақтан сәтті өтіп, коронавирусты емдеуде 90%-дан артық дәлдік көрсеткен вакциналар қатарында Pfizer, BioNTech фармацевтикалық компаниясы жасаған екпе және америкалық Мoderna екпесі бар. Тиімділігі жоғары екпе анықталған күн «адамзат пен ғылым үшін ұлы күн» деп бағаланды.

Америкалық Pfizer және оның германиялық серіктесі BioNTech компаниясы бірлесіп әзірлеген вакцинаның тиімділігі клиникалық сынақта 90%-дан артық оң нәтиже көрсеткен. Ғылыми зерттеу жұмысына әлемнің 6 елінен 43 мың 500 ерікті қатысқан. Мамандар препараттың бір де бір жанама әсер бермегенін сеніммен айтып отыр. Зерттеу жұмыстарына АҚШ, Германия, Бразилия, Оңтүстік Африка, Аргентина мен Түркия елдерінен шамамен 43 мыңнан астам адам қатысқан. Еріктілерге препараттың екі дозасы егілген. Шілдеде басталған клиникалық сынақ қорытындысы бойынша екінші рет егілген екпеден кейін 7 күн өтісімен адам ағзасындағы коронавирусқа қарсы қорғаныс 90% болды. Сөйтіп бұл – жаппай сынақтан сәтті өткен алғашқы екпе.

Компания Ұлыбританияға 30 млн, АҚШ-қа 100 млн және Жапонияға 120 млн доза жолдау туралы келісімге келген.

Вирусты емдеуде тиімділігі жоғары болған екінші вакцина – америкалық Мoderna. Тиімділігі – 94,5%. Екпенің сынағына 30 мың ерікті қатысқан. Солардың 95-і вирус жұқтырған. Көбінде ауру жеңіл не орташа ауыр формада өткен. Тиісті жаңалық бірден қор нарығына әсер етті. Сөйтіп Moderna акциялары 18%-ға қымбаттаған.

Мoderna екпесінің Pfizer-ден басты айырмашылығы – екпені өте суық тоңазытқышта сақтаудың қажеті жоқ. Moderna вакцинасы 2-8 градус температурада 30 күндей, ал -20 градуста алты айдай сақталады. Ал Pfizer вакцинасын сақтау үшін -70 градус температура қажет. Аталған екпенің сынағына екпесінің сынағаны 30 мыңдай адам қатысқан. Компанияның мәлімдеуінше, сынақ кезінде вакцина Covid дертінің ауыр түрінен де қорғайтыны анықталған.

Бұған дейін Ресей билігі сынақтың үшінші фазасы аяқталмай жатып екі вакцина – Sputnik V және «ЭпиВакКорона» екпесінің тіркелгенін хабарлаған. Қазақстан мен Ресей «Sputnik V» жеткізу туралы келісімге де келген. Аталған екпе бойынша сынаққа 40 мың ерікті қатысқан. Вакцина Үндістан, Венесэула және Беларусте клиникалық сынақтан өткізген. Бірақ халықаралық сарапшылар сынақтың үшінші кезеңі аяқталмаған ресейлік вакцинаға күмәнмен қарайды. Себебі «Sputnik V» екпесін алған кейбір еріктілерден коронавирус табылған.

Пандемияның екінші толқыны белең алған тұста Италияда адам жасушасындағы коронавирусты бейтараптандыратын, яғни, жойып жіберетін вакцина әзірленді. Ғалымдардың сөзінше, тышқандарға бір рет препаратты салғаннан кейін вирусты «бұғаттайтын» антидене пайда болған. Жалпы бес вакцина әзірленген. Оның бәрі сәтті аяқталған. Екеуі вирус адам жасушасына ену үшін пайдаланатын ДНҚ ақуызына негізделген вакцина. Лаззаро Спалланцанидағы жұқпалы аурулар емханасында тышқандарға жүргізілген тәжірибе оң нәтиже берген. Қазіргі уақытта екпе сынақтан өткізіліп жатыр.

Дертке қарсы екпе тақырыбында Қазақстан да қалыс қалған жоқ. COVID-19-ға қарсы вакцина әзірлеген қазақстандық ғалымдар инактивтелген немесе «өлтірілген» вакцинаны клиникаға дейінгі сынақтан өткізген. Кейіннен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазақстандық ғалымдардың вакцинасын тіркеп, өзінің ресми сайтына орналастырды. Вакцина клиникаға дейінгі сынаққа рұқсат етілген, коронавирусқа қарсы вакцина кандидаттарының тізіміне енді. Қазақстандық вакцина еліміздің аумағында ауырғандардан бөлінген вирус штамы негізінде жасалған. Енді ғалымдар бірқатар клиникаға дейінгі және клиникалық сынақтар өткізуі тиіс.

"The Qazaq Times"