Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусқа қарсы вакцина 2021 жылдың соңына қарай шығарылады деп мәлімдеді. ВВС агенттігі хабарлағандай, кейбір мемлекеттер вакцина өндіруге қатысты ерекше құқықты сатып алу үшін қазірдің өзінде миллиардтаған доллар инвестиция салған. Демек коронавирусқа қарсы екпе өндіру жолында үлкен жарыс басталды.
«Вакцинаны өндіретін ел алдымен халықтың көп бөлігі вакцина алғанға дейін оны экспорттауға тыйым салады. Мұны әртүрлі халықаралық ұйымдар, Эпидемияға дайындық саласындағы инновация коалициясы қадағалайды. Бірақ бірінші кезекте вакцинаны өндірген елдің ішкі нарығында тарату мүмкіндігі жоғары», – дейді АҚШ-тағы Джонс Хопкинс университетінің пандемия және жұқпалы аурулар бойынша маманы Амеш Адаглия.
Сонымен қтар ДДҰ коронавирусқа қарсы екпе 2021 жылдың соңына дейін өндірілмейтінін айтты. Ресми өкілдің айтуынша, «Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы барлық елдер үшін вакциналар қолжетімді болған кезде қажетті дозаларды алу үшін екпені сынақтан өткізіп және олардың өндірісін кеңейту үшін демеуші компаниялармен жұмыс істейтін болады. Қазіргі уақытта вакцинаны өндіруге бүкіл әлемде қаражат бөлдді: егер доза формуласы 2020 жылдың соңына дейін табылса, 2021 жылдың аяғында вакцинация жетіспеушілігі туындамауы тиіс».
Дегенмен Амеш Адаглия «сынақтан сәтті өткізілген вакцинаның формуласы көпшілікке белгілі болмайды, ол өндірістік компанияның зияткерлік меншігіне айналады» дейді. Демек теория жүзінде, компаниялар басқа елдердің өндірушілеріне лицензия бойынша өндірісті ұйымдастыруға мүмкіндік бере алады, бірақ формула көпшілікке жария болмайды. Болжалды сценарий бойынша, вакцина жасалғаннан кейін, қарсы көрсетілімдері жоқ адамдардың екпе алуына 2 жылдай уақыт кетеді.
ДДҰ дамушы мемлекеттер, әлемдегі осал топтар үшін 2 миллиард доза вакцина сатып алуды ұсынып отыр. Осылайша, 2021 жылдың соңына дейін медицина қызметкерлері, 65 жастан асқан адамдар және коронавирустың неғұрлым ауыр түрінің (қант диабеті және басқалары) дамуына ықпал ететін аурулардан зардап шегетіндер вакцинация ала алады. Бұл үшін ДДҰ-ның бағалауы бойынша шамамен 18,1 миллиард доллар қажет.
Мамандардың айтуынша, айына 5-6 миллион доза өндіру жеткіліксіз болады. Егер әлемде жыл сайын қолданыстағы барлық вакциналардың 5 миллиард доза шығарылатынын және оның 1,5 млрд-ы маусымдық тұмауға қарсы вакциналар екенін ескерсек, COVID-19 инфекциясына қарсы екпе де көп мөлшерде өндірілуі қажет.
Коронавирусқа қарсы екпе шыққан соң, 7,8 миллиард адамды вакцинациялауға бір жарым жылдан астам уақыт кетеді. Сарапшылардың пікірінше, ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін халықтың 80%-ын вакцинациялау жеткілікті, бірақ адамдарға вакцинаның екі дозасы қажет болуы мүмкін.
Қазіргі уақытта әлемнің дамыған елдер арасында вирусқа қарсы екпені шығару үшін жарыс басталған.Осы ретте Америка Құрама Штаттарында клиникалық сынақтарды жеке фармацевтикалық компаниялар өткізбек. Қазір елде бес вакцина өндірушісі AstraZeneca, Johnson & Johnson, Merck, Sanofi және Moderna үкіметпен келісімшарттқа отырды. Ал Ресейде вакцинаның клиникалық сынақтары шілденің ортасында аяқталады деген болжам бар. Клиникалық зерттеулер тамыздың аяғында – қыркүйектің басында басталуы керек. Тек жыл соңына дейін бұл вакцинаның тиімділігі анықтала алады.
Кейбір елдер әртүрлі өндірушілердің вакциналарын сатып алу үшін алдын-ала келісімшарттар жасаған. Мысалы, Германия, Франция, Италия және Нидерланды бірігіп, AstraZeneca британдық-швед концернімен 300 миллион дозалық вакцинаны алу туралы келісімге келді. АҚШ та осындай мөлшерде вакцинаға тапсырыс берген. Ал Ұлыбритания вирусқа қарсы екпеге бірінші болып британдықтар қол жеткізеді деп санайды. Себебі вакцинаны өндіруге рұқсат алған AstraZeneca компаниясы Оксфорд университетімен бірлесіп жұмыс істейді.