Біріккен ұлттар ұйымы «COVID-19 тұсында және одан кейінгі дамуды қаржыландыру» тақырыбында халықаралық онлайн конференция өткізді. Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев қазір Қазақстан төрағалық етіп отырған «Теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдер тобының» атынан сөз сөйледі.
Конференцияға Канаданың премьер-министрі Джастин Трюдо, Германия канцлері Ангела Меркель, Франция президенті Эммануэль Макрон, Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ, Біріккен ұлттар ұйымының бас хатшысы Антониу Гутерриш, өзге де мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың басшылары қатысты. БҰҰ-ның Бас хатшысы пандемия жағдайында қаржылық дағдарысты еңсеру, гуманитарлық көмек көрсету сынды мәселелерді сөз етті.
Өз баяндамасында неси қарызын ескеру туралы ұсыныс білдірген Тоқаев: «Пандемия барлық елдің дамуын тежеп тастады. Әсіресе, жаһандық індеттің зардабын теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдер тобы қатты сезініп жатыр. 2030 жылға дейінгі күн тәртібінің орындалуы үшін бірде-бір мемлекеттің артта қалмауы мақсатында халықаралық қоғамдастық бірігуде. Біздің топ БҰҰ мен оның серіктестері күрделі кезеңде қабылдап жатқан шараларды қолдайтынын жеткізгім келеді. Теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдер тобының атынан келесі салаларда өзара үйлесімді әрекет етуге шақырамын. Ең бірінші несие қарызын ескеруіміз керек. Халықаралық деңгейде берешегі бар елдердің қарызын өтеуге мораторий жариялау маңызды. Халықаралық қаржы ұйымы дамушы елдердің денсаулық сақтау саласына қосымша қаражат бағыттауды ұсынуы қажет. Әлемдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз еткеніміз жөн. Ауылшаруашылық секторына мән беру керек. Жаһандағы кей елдердің азаматтарын ауыз сумен қамту да күн тәртібіндегі мәселе болуы тиіс. Жасыл технологияларға қолжетімділікті арттыру қажет. Жекелеген инвесторлар әлемде цифрландыру теңдігін қалыптастырып, интернеті жоқ елдерді ғаламторға қосуға ынта білдіргені ләзім. Осы бағытта инвестиция салу маңызды. Халықаралық сауда қатынасын жандандыру да өзекті», – деп атап өтті.
Германия канцлері Ангела Меркель: «Бұл дағдарысты тек жұмыла әрекет ету арқасында ғана еңсере аламыз. Бүгінгі кездесу қорытындысы бойынша осы ынтымақтаса әрекет етудің нақты шешімдері қабылданады деген үміттеміз. Коронавирустан жапа шеккен елдердің экономикасын қолдау үшін ауқымды шаралар қажет. Мәселен, жекеменшік кредиторларды тарту керек. Бұл дағдарысты еңсеру үшін бізге Халықаралық валюта қоры, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Дүниежүзілік банк және БҰҰ-ның көмегі қажет болуы мүмкін», – деді.
Айта кетейік, әлемде Covid-19 коронавирусын 5,6 миллионнан астам адам жұқтырған. Қайтыс болғандар 355 мыңнан асты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты «пандемия» деп жариялаған. Коронавирусты алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді.