Коронавирус пандемияға айналғалы бері әлемнің көп елдерінде, соның ішінде Қазақстанда да вирусқа қатысты түрлі мифтер пайда болып, алып-қашпа сөздер де көбейді. Әсіресе, 5G жаңа технологиясының COVID-19-дың таралуына әсер етіп, вирус симптомдарын туындатып отыр деген сықылды ақпараттар қазақстандық әлеуметтік желілердің басты тақырыбына айналғандай. Мұның саяси астары болуы мүмкін. Кей деректер халықтың карантинде отырғанын пайдаланып, үкімет бақылау жүйесін одан әрі дамытып, бұрын "терінің үстін" бақыласа, енді "терінің астын да" басқарғысы келетінін алға тартуда. Десек те, мұндай мәліметтердің пайда болуына не түрткі болды?
5G жаңа технологиясының мүмкіндігі қандай
5G интернет желісі өткен жылдан бастап әлемнің кей елдерінде қолжетімді бола бастады. Автономды 5G - "бұлтты желілерге" негізделген әдіс. Оның басты айырмашылығы - 4G LTE инфрақұрылымын пайдаланбайды, керісінше, жоғары жылдамдықты қолдау үшін жаңасын құруды талап етеді. Мұндай технология компанияларға желі арқылы еркін видеоконференциялар ұйымдастырып, пилотсыз көліктерді қашықтан басқаруға мүмкіндік бермек.
Сондай-ақ оның жылдамдығының арқасында қолданушылар толықметражды фильмдерді санаулы секунд ішінде жүктеп, графикаға толы мобильді ойындарды еш кедергісіз ойнай алады.
5G интернет желісі бір шаршы шақырымға дейін миллион құрылғыға қызмет көрсетуе қабілетті. Ал қазіргі қолданыстағы 4G бір шаршы шақырымына 100 000 құрылғыны қамтиды.
Ал коронавирус пен 5G желісін байланыстыруға не себеп болды? COVID-19 пандемиясы мен 5G желілерін орнату уақыты бір-бірімен сәйкес келді. Кейбір әлеуметтік желі қолданушыларына бұл кездейсоқтық емес секілді. Әртүрлі елдердің блогерлері жылдамдығы жоғары мұнаралардағы сәулелену қатерлі ісік ауруын тудырып отыр деп жазуда. Ал билік оны коронавирус деп атап, жаңа 5G мұнараларын орнату үшін карантин жариялаған. Қазақстанда да түрлі мессенжерлерде тарап жүрген мына ақпаратқа назар салайық.
"Дамыған елдерде адамдар 5G интернет желісін пайдаланғаны үшін денелеріне ультрасәуле өтіп, қырылып жатыр. Коронавирус деген ауру жоқ. Ол бар болғаны биліктің ойлап тапқаны. Мәселен, Ухан қаласының тұрғындары 5G мұнараларын өртеп, қиратып жатыр. Осылайша олар ауруды жеңіп отыр. Енді Италия да 5G мұнараларын құлатып өртеуде. Тек 5G орнатылған мемлекеттің азаматтары ғана бұл ауруға шалдығады" деген сыңайдағы әңгіме таралып жүр.
Біз де жарияланған бейнематериалдардан азаматтардың жаңа технологияға қатысы бар мұнараларды қиратып, қуанып жатқанын көрдік. Бұл видеоның астында ағылшын тілінде былай деп жазылған: "Қытайлықтар 5G мұнараларын қиратуда, себебі олар оның коронавирус симптомдарын тудыратынын біледі. Алайда мұны халықаралық жаңалықтардан көрсетпейді". Бейнематериалды мына Facebook пен Instagram парақшаларынан көруге болады.
Мұндай постты бөлісетіндердің айтуынша, ұялы телефон желілерінде қолданылатын 5G радиотолқындардың сигналдарына сүйенеді, осылайша, ол коронавирустың пайда болуына себеп деп қарайды. Жалпы, бұл адамдардың өзі екі топқа бөлінеді. Біреуі 5G иммундық жүйені әлсіретіп, адамдардың вирусты тез жұқтыруына алып келеді десе, енді бірі - 5G технологиясын қолдану арқылы коронавирусқа шалдығады дейді. Осы орайда, Ұлыбританиядағы Рединг университетінің жасушалық микробиология бойынша доценті Саймон Кларк ВВС басылымына берген сұхбатында бұл екі түсінік те "бос сөз" екенін айтады.
"5G адамдардың иммундық жүйесін әлсіретеді деген түсінік зерттеуді қажет етпейді. Адамның иммундық жүйесі көп нәрседен төмендейді, ол шаршағаннан да, немесе дұрыс тамақтанбағаннан әлсірейді. Әрине, мұндай түсінік шынайы көрінбеуі мүмкін, бірақ бұдан вирус жұқтыру ықтималдығы жоғары", - деді Саймон Кларк.
Оның пайымдауынша, өте күшті радио толқындар қыздыруды тудыруы мүмкін, алайда 5G желісінің адамның денесін қыздыратындай күші жоқ.
"Радиотолқындар адамның денесін қыздырған кезде физиологиясын бұзуы мүмкін, яғни иммундық жүйе жұмыс істей алмайды. Алайда, 5G радиотолқындары өте кішкентай, әрі олар иммундық жүйеге әсер ете алатындай күшті емес", - деп атап өтті ол.
Сонымен қатар Бристол университеті педиатрия бөлімінің профессоры Адам Финн 5G интернет желісінің вирусты тарату мүмкіндігі жоқ екенін айтады. "Қазіргі індет бір вирус жұқтырған адамнан екінші адамға беріліп отыр. Бұл шындық. Тіпті, біз зертханамызда ауруға шалдыққан адамнан алынған вирусты өсіру жұмысымен айналысып жатырмыз. Вирус және ұялы телефон мен интернет байланыстарын жасауға қолданылатын электромагниттік толқындар мүлдем екі бөлек нәрсе. Бор мен ірімшік сияқты", - дейді профессор ВВС басылымындағы сұхбатында.
Сонымен қатар жылдың басында да радиациядан қорғау жөніндегі Халықаралық комиссия жүргізген зерттеулер "мобильді желілердің қатерлі ісікке немесе басқа ауруларға себеп болатынына ешқандай дәлел жоқ" екенін айтқан еді.
Айта кету керек, бұл видеоматериалды Еуропаның бірқатар елінде милииондаған тұрғын көріп үлгерген. Салдарынан Ұлыбританияда соңғы апталарда ұялы телефон мұнараларын өртеуге бағытталған 50-ге жуық өрт тіркеліп, үш адам қамауға алынған. Ал Mobile UK-дің мәліметінше, телекоммуникация инженерлері қызмет бабында соңғы айда 80 рет тұрғындар тарапынан қатыгездікке тап болған. Сонымен қатар Нидерландыда 16 мұнара қираған. Ал дәл осындай ұялы телефон мұнараларына шабуыл Ирландия, Кипр және Бельгияда да тіркелді.
Осы тұста, мобильді байланыстың бесінші буыны әлі толық орнатылмаған Ұлыбританияны былай қойғанда, коронавирус 5G интернет желісінің иісі де бармаған Иран елінде де таралып жатқанын еске салған жөн болар еді.
Енді зерттеуімізге себеп болған жоғарыда берілген видеоның шын мәнісінде қайда және қалай түсірілгеніне тоқталайық. Ол бұрын шыққан бір материалдан "жұлып" алынған. Reuters ақпарат агенттігінде жарияланған бұл кадрлар іс жүзінде 2019 жылдың тамыз айында Гонконг қаласындағы наразылық кезінде түсірілген. Ол кезде митингке шыққандар биліктің адамдардың жеке деректерін жинау үшін арнайы қойған мұнаралар деп көшедегі "ақылды" шамдарды қиратқан. Бұл сондағы көріністер. Мұндай видеолардың араға жылдар салып, белгілі бір мақсатта жұрттың назарын аудару үшін қайтадан жарық көруін зомби-фэйк деп атайды.
South China Morning Post басылымының жазуынша, Гонконгтағы наразылық білдірушілер қозғалыс пен ауа-райы туралы мәліметтерді жинауға арналған "ақылды" шамдар тұрғындарды қадағалап, бақылау үшін қойылған деп күдіктенген.
Сөз соңында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының "ешқандай зерттеу жұмыстары сымсыз технологияның денсаулыққа кері әсер ететінін дәлелдеген жоқ" деген мәлімдемесін еске салған жөн. ДДСҰ өзінің веб-сайтында осы саладағы зерттеулерді жалғастыратындығын атап өткен еді.
Десек те, 5G интернет желісінің коронавирустың пайда болуына әсері болмағанымен, кей тұстарында адамзаттың жеке қауіпсіздігіне кері әсерін тигізуі мүмкін. Мәселен, соңғы жылдары үкімет, ірі корпорациялар адамдарды бақылауға алу, манипуляция жасау және басқару үшін күрделі технологияларды қолдана бастағаны белгілі. Енді 5G секілді жаңа технологияның мұндай басқаруға арналған құрылғыларды одан әрі жетілдіруге мүмкіндік беретінін ескерсек, адамзат үшін қауіпті екендігі анық. Бұл туралы келесі материалда жазамыз.