Германия канцлері Ангела Меркель кеше, 27 қарашада Еуропа елдерін Қытайға және келесі жылы іске қосылатын 5G байланыс желісі туралы ортақ ұстанымға шақырды. Бұл туралы "Рейтер" агенттігі хабарлаған болатын.
Германияның кейбір заң шығарушылары қытайлық "Хуавей" компаниясын 5g келісімшарттарынан шығарып тастағысы келеді. Себебі, Америка Құрама Штаттары барлау қызметі және Мемлекеттік департаменті аталған қытайлық компания Бейжің билігі үшін тыңшылық әрекеттермен айналысады деп ескерткен болатын. Бірақ, ресми Бейжің мен аталған қытайлық компания Уашингтонның айыптауын жоққа шығарып келеді.
Ангела Меркель кеше Парламенттің төменгі палатасы мүшелерімен бюджеттік талқылау кезінде Еуропа елдерінің ортақ ұстанымы туралы баса айтты. "Ең үлкен қауіптің бірі – Еуропадағы кейбір елдер Қытайға қарата жеке саясатын жүргізгісі келеді, бұл Еуропаның Қытайға қаратқан көзқарасымен сәйкес келмейді", – деген Меркель ханым. Ол және: "Бұл Қытай үшін емес, Еуропадағы біз үшін апат әкеледі" – деді. Германия канцлерінің ойынша, Қытай және жаңа ұрпақ байланыс желісі туралы ең алдымен Германия мен Франция арасында ортақ ұстаным қалыптастыру, соған сүйене отырып, тұтас еуропалық ұстанымды қалыптастыру керек.
Бірақ, француздың кейбір лауазымдылары Франция АҚШ-тың жолымен жүрмейді, қытайлық "Хуавейді" де шақырмайды, қауіпсіздік талаптарын қамтамасыз ете алады деп санайды. Бұған қарата канцлер Меркель: 5G-ді кеңейту кезінде бізге жоғары қауіпсіздік стандарттары қажет екендігі даусыз, бірақ біз өзімізге стандарттарды белгілеуіміз керек, сонымен бірге басқа еуропалық серіктестермен де келісуіміз керек", – деді.
Бұдан бұрын Франция президенті Эммануэль Макрон Қытайға ресми сапармен барып, бірқатар сауда-экономикалық келісімдерге қол жеткізіп қайтқан болатын. Кейбір сарапшылар Франция президентінің қадамы Еуропаның Қытайға ұстанған позициясын жұмсартты деген пікірде.