5 наурыз «Жас Алаш» басылымының бұрынғы журналисі Асхат Асанның үстінен экс-президент Назарбаев пен оның отбасы туралы жазған материалына байланысты «әлеуметтік араздық тудырды» деген күдікпен қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды.
Ғасырға жуық тарихы бар іргелі басылымның ақпандағы редакторы Инга Иманбай мен редакциядағы бірқатар тілшінің соңғы нөмірінде (№12) жарық көрген «Экс-президентті интерпол іздеп, сұрау салатын күн туса...» тақырыбындағы материал төңірегінде дау туды. Кеше азаматтық журналистиканың белді өкілі Асхат Асанға астанадан келген тергеуші телефон шалып, Медеу ауданының полция басқармасына куәгер ретінде шақырған. Журналистің сөзінше, істі бас прокуратура қозғатқан.
Қылмыстық кодекстің ерекше бөлігіндегі 174 баптың бірінші тармағы бойынша, «әлеуметтік алауыздық тудырды» деген айыппен, қылмыстық іс қозғалған. Ал бұған заңда 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру не шектеу жазасы қарастырылған.
– Елдегі жағдай белгілі ғой. Менің айтқан дүнием ешкім білмейтін құпия емес, интернете, ашық ақпаратта жүрген нәрселер. Бір ай штатта істегеніммен, оған дейін де үш айдай жазып келдім. Апта сайын шолу жазатынмын. Соның бірінен билік бір ілік тапқаны ғой. Кеше кешке естідім. Содан елге жария еттім, – деген тілші әзірге адвокат жалдау мәселесін қарастырып жатыр.
Журналист оқиғаны «бір жағынан саяси ойын болуы мүмкін, …органадардың түпкі көздегені Инга Иманбай секілді» деп санайды. Оның айтуынша, мақаланы сот сараптамасынан өткізуге комиссия құрылған көрінеді.
– Тәуелсіздік алған соң 4-5 жылдан кейін-ақ басталған. Қазір қарсы пікірді бұрынғыдай бірді-екілі емес, бәрі айтатын болды. Жағдай қайткенде де өзгереді. Конституциядағы Қазақстанның «зайырлы-демократиялық мемлекет» деп көрсетілген анықтауыш жай сөз емес, демократияның бүкіл атрибуттары болуы керек. Сөз бостандығы, дін бостандығы, ар-ождан хақы, құқық кепілдігі сияқты… Мәселенің түбі –өзі жазған Конституцияны биліктің өзі орындамауында, – дейді ол.
Алматыда адам құқықтары және заңдылықты сақтау қазақстандық халықаралық бюросының хабарлауынша, «бұрынғы редактор іс фигурантына айналуы мүмкін». Сондай-ақ бюро мәлімдемесінде «бұрынғы президенттің Н.Назарбаевтың (тіпті отбасымен қоса алғанның өзінде) алауыздық тудыратындай қалай «әлеуметтік топ» ретінде қарастырылғаны түсініксіз-белгісіз» делінген.
Ақпанның соңғы дүйсенбісінде редактор қызметінен кеткен Инга Иманбай өзінің «құрылтайшыларға билік тарапынан үлкен қысым болғаннан соң кеткенін» айтады.
– Соңғы уақытта журналист, құқық қорғаушы, редактор ретінде айналамда болып жатқан оқиғалар саяси қысымды көрсетеді. Асхат Асан өте сауатты және тәжірибелі журналист. Ол материал алдымнан өткен. Онда әлеуметтік араздық немесе ашу-ыза тудыратын ешқандай негіз жоқ, барынша объективті сын түрінде берілген. Егер бұл іс ары қарай жалғасса, Қазақстанды зайырлы-демократиялы, сөз бостандығы бар деп жариялаған билікке абырай әпермейді. Олай болған жағдайда тап-таза пікір үшін сотқа тарту сөз бостандығының жоқтығын әшкерелейді.
Біз қазір тәуелсіз филологиялық сараптама жасаймыз. Назарбаев және оның отбасын қалай әлеуметтік топ ретінде қарастырады. Мен де редактор ретінде мақаланы оқып барлық жауапкершілікпен ешқандай қылмыстық негіз жоқ екенін айта аламын. Және мұны отандық және шетелдік эксперттермен балама тәуелсіз сараптама арқылы дәлелдейміз, ары қарай күресеміз.
Шынымен жалғасып жатса, біз барлық сөз бостандығы мен адам құқығын қорғайтын халықаралық ұйымдар, демократиялық елдердің дипломатиялық миссияларын аталған іс бойынша хабардар етеміз және сотқа шақырамыз, – дейді Инга Иманбай.
Оның ойынша, «қандай жағдай болмасын тәуелсіз журналиспен соттасу кез келген режимге әлем алдында абырой алып бермейді». Жаңа тағайындалған редактордың «есімін және биографиясын көргеннен кейін-ақ «Жас Алаштың» болашағына қатты алаңдағанын» жеткізген белсенді-журналиске «бар шындықты, неге кеткенін ашып айтуға тура келіпті». Ол «басылымның болашағына балта шабылғанына толыққанды көзім жетеді» дейді.
Қазақстанда Қылмыстық кодекстің 373-бабы шеңберінде, яғни экс-президент Назарбаевты «көпшілік алдында қорлау және оның абыройы мен қадір-қасиетіне өзгедей қолсұғушылық, бейнесін бүлдіру» айыбымен бес жылға дейін бас бостандығынан айыру не шектеу жазасы көзделген. Әдетте шетелдік БАҚ-тарда жыл сайын Назарбаевтар отбасына қатысты ондаған атышулы сыни материалдар жарық көріп жатады. Бірақ олардың жауапқа тартылғаны немесе айыппұл салынғаны жөнінде ешқандай ақпарат жоқ.
RSF халықаралық ұйымының рейтингісінде Қазақстан сөз бостандығы бойынша 180 елдің ішінде 158-орында тұр. Елде журналистердің кәсіби қызметіне құқық қорғау органдары мен әкімдік адамдарының тарапынан жиі кедергі жасалып тұрады, әсіресе саяси көпшілік оқиғаларда. «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғаудың халықаралық қорының есебінше, «Журналистердің заңды кәсіби қызметіне кедергі жасау» реестрінде 2000-2019 жылдары аралығында тілшілер жұмысына 839 кедергі келтіру фактісі тіркелген. Жыл басында «жала жапты әрі қорлады» деген айыппен 27 айға негізсіз сотталған белгілі аймақ журналисі Амангелді Батырбеков халықаралық ұйымдардың қайта-қайта араласуымен Түркістан облыстық сотының үкімімен ақталған еді.