2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап әйелдердің зейнет жасы 59,5 жасқа дейін ұлғайды. Себебі, бірнеше жыл бұрын қабылданған заң бойынша олардың зейнет жасы жыл сайын жарты жылдан өсіп отырады. Бұл туралы БЖЗҚ хабарлады.
Осылайша 2027 жылы қазақстандағы әйелдер де 63 жасында өзінің жұмыс жолын толығымен аяқтамақ. Мұндай өзгеріс қазіргі таңда 1960 пен 1964 жылдар аралығында туған қазақстандық азаматшаларға қатысты.
БЖЗҚ таратқан мәлімдемеде: «2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап әйелдер «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңның 11-бабының 1 тармағына сәйкес зейнеткерлікке 59,5 жасқа толғанда шығады. 2027 жылы 63 жасқа жеткенге дейін жыл сайын 6 айға ұзартылып отырады», — дейді.
«Eximar» форсайтинг агенттігінің директоры Айман Тұрсынхан өзінің зейнетақы қоры туралы ойының мүлде басқаша екендігін айтқан еді. Ол сөзінде: «Зейнетақы қорындағы қаржы қаупі тым жоғары облигацияларға, құлдыраудың алдында тұрған банктерге және бюджет дефицитін жамауға жұмсалады. Салымшылардың қаржысы жұмыс істемейді. Қордан ақша алатындар саны бес жылдан бері өсіп келеді. 2015 жылға дейін зейнетақы қоры салымдарды жинап келсе, енді жыл сайын қаржының 30%-ын жұмсайтын болды. Жаңа салымшылардың келуі бәсең. Бұл таяу бес жылда БЖЗҚ-ның ақшасының таусылуына әкеп соғады», — деп мәлімдеген болатын.