Қытайдан қашып келген этникалық қазақ жігіттерінің адвокаты Ләззат Кендебайқызы мен белгілі исламтанушы Қайрат Жолдыбайұлы ҰҚК өкілінің «депортациялау туралы» мәлімдемесіне пікір білдірді.
Бейсенбі ҰҚК төрағасының орынбасары, Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов «сот ісі аяқталғаннан кейін шекараны заңсыз кесіп өткен екі этникалық қазақ Қытайға қайтарылатынын» айтқан еді. Екі этникалық қазақ – Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлының «кері қайтарылуына» қатысты қорғаушысы Ләззат Ахатова facebook парағында құқықтық тұрғыда баға берді. Оның сөзінше, қос азаматты Қытайға қайтаруға Қазақстанның құқығы жоқ, өйткені екі азамат та алдымен Қазақстанның шекарасын бұзып отыр. Сондықтан олар жазасын Қазақстанда өтеуі тиіс.
– Құрметті бауырлар, ұшақтан түскенім осы. Қарасам, Қастер пен Мұрагерді қайтаратын болыпты деп, желіде мені тегтеп жазылған комменттер мен посттар толып жүр. Уайымдап жатқандарыңызды түсінем. Оған себеп-ҰҚК-нің шекара ісі жөніндегі орынбасары А.Ділмановтың сұқбаты. Барлықтарыңызға жеке жауап беруге уақытым аз, реніш болмасын. Осы постпен мән-жайды сұрап жатқан ағайынның бәріне бірақ жауап берейін: А.Ділманов мырза шекара бұзып өткен екі жігітті екі ел арасындағы бекітілген Келісімнің шарттары бойынша кері қайтарамыз деді. Ол Келісім 2006 жылы 14 желтоқсанда ҚР Үкіметімен бекітілген, – дейді адвокат.
Аталған Келісімнің 32-ші бабында Қытайдың немесе Қазақстанның шекарасын шатасып, не аңдамай бұзып өткен екі ел адамдары 7 күн ішінде қайтарылады делінген. Сотқа жетпей, жеті күн ішінде. Ал қалыптасқан жағдай бойынша екі жігіт шекараны қазан айында кесіп өткен. Қазір желтоқсан, яғни 7 күн емес, екі айдан асып барады.
– Одан өзге, екі жігіттің үстінен ҚК-тің 392-ші бабына сай, қылмыстық іс қозғалды. Ол іс толық аяқталмай, сот шешім шығармай, Қастер мен Мұрагерді ешкім ешқайда қозғай алмайды. Олар алдымен біздің мемлекеттік шекараны заңсыз бұзып өткені үшін жазаларын біздің елде өтеу керек. Алты айдан бір жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазасы қолданылуы мүмкін. 392-ші бап бойынша жазаны толық өтемей, депортациялау болмайды. Естеріңізде болса, Сайрагүлде де тура осындай жағдай болды. Сот алты айға бас бостандығын шектеген болатын. Ол мерзім өтпей жатып, Қазақстан босқындық беруден бас тартқан соң, Швеция саяси баспана беріп, сонда көшіп кеткенін білесіздер. Сондықтан, саясатпен айтылған әр сөзге уайымдай бермей, сабыр сақтаңыздар дегім келеді. Мен жасалып жатқан жұмыстарды, жоспардың бәрін мұнда ашық жаза алмаймын, өкінішке қарай. Достан дұшпан көп уақыт өйткені..Бірақ бәрін көріп отырмыз, қол қусырып отырмағанымызды айтқым келеді. Кеше ғана осы жағдайға байланысты Ресей Қытайға кері депортациялаған екі татар жігіті туралы пост жазғанмын. Сол постта өз позициямды да көрсеттім, бізде қандай шешім шығарса да, таң қалмаймын, біздің ендігі үмітіміз – БҰҰ мен халықаралық соттар деп жазғанмын. Осы бағытта жұмыстар атқарылып жатыр, – дейді адвокат Ахатова.
Белгілі исламтанушы, қоғамдық белсенді Қайрат Жолдыбайұлы facebook парағында «ҰҚК-нің депортациялау туралы хабарына» өз ұстанымын білдіріпті:
– Кезінде кеңес өкіметінің құрсауынан қашып, әуелі қытайға барып, одан әрі Үндістан, Пәкістан, Ауғаныстан асып, Түрік елін паналауға мәжбүр болған еді талай қазақ. Сонда Түркия елі мыңдаған қазақ отбасына босқын мәртебесін беріп, тіпті оларға арнайы жер бөліп, ерекше жағдай жасап, аман алып қалған еді.
Ал енді өзіміз тәуелсіз елміз дегенде, Қытайдың қысымнан қашып келген бірнеше қазағымызды қорғай алмауымыз елдігімізге сын. Қытайдағы қандастарымыздың проблемасын түбегейлі шешуге, оларды жаппай көшіріп әкелуге әрекет етуіміз қажет. Барлық дипломатиялық жолдарды қарастыруымыз керек. Бұл мәселе бүгінгі қазақ билігінің тарих алдындағы ең бір жауапты міндеті екенін ұмытпауға тиіс, – дейді.
14 қазанда Алматыдағы адам құқығын қорғау бюросында өткен баспасөз мәслихатында Қастер Мұсаханұлы Шыңжаңдағы «саяси лагерьде қамауда болғанын», Мұрагер Әлімұлы Қытайда «қысым көргенін» мәлімдеген. Осыдан кейін ҰҚК екеуін «шекараны заңсыз кесіп өтті» деген айыппен ұстап, ертеңінде Шығыс Қазақстан облысына алып кеткен.
Қазан айының 30-ы күні ҰҚК Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов шекараны заңсыз бұзып өту фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын және бірқатар лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылғандығын хабарлаған.