«Құл», «құл базары», «құл сату» қатарлы сөздер тарихтың терең қабатында қалып кетті деп санайтынымыз белгілі. Алайда, бұл ұғымдар мен атаулар түрін өзгертіп, адамзат қоғамымен бірге жасап келеді. Жақында BBC-дің араб тіліндегі қызметі ғаламтор арқылы «құл саудасымен» айналысатын жүйені анықтап шықты. Жасырын базар сауаттылығы жоқ, үй жұмыскерлерін сатумен айналысқан.
Бұндай үй жұмыскерлерін таңдау, саудаласу кәдімгі Google Play және Apple App Store арқылы түсірілетін арнайы бағдарлама арқылы жүзеге асатыны анықталған. Тіпті белгілі хештектер арқылы Инстаграм желісінен де табуға болады екен.
Интернет арқылы жұмыскерлерді саудалау әрекеті БҰҰ-ның қатысты тұлғаларын алаңдатты. «Шын мәнісінде бұл құл саудалаудың онлайн түрі десе болады. Егер де, Google, Apple, Facebook немесе басқа да желілер бұған жол беріп отырса, оларды да қатаң жауапкершілікке тарту керек», – дейді БҰҰ-ның құлдауға қарсы арнайы орталығының өкілі Урмила Бхула.
Кувейт Парсы шығанағы арқылы әлемнің жер-жерінен жалдамалы жұмыс іздеп барушылар көп. BBC журналистері өздерін үй қызметшісін іздеуші ретінде таныстырып 4Sale бағдарламасы арқылы өзінің үй қызметшісін сатқысы келген елуден астам адаммен сөйлескен. Олардың бәрі де «сатып алушыға» ортақ кеңесін берген, яғни үй қызметкерінің паспортын тартып алып, ұялы телефон қолдануын шектеу керек деген «ақылдарын» айтқан.
Араб мемлекетіндегі аталған бағдарлама өз «тауарларын» түріне, жасына, бағасына қарай бөліп-бөліп ұсынған. Кәдімгі базар тауарлары секілді бағалары жазылған. Кувейт заңында 21 жастан жоғарғыларды ғана үй қызметкері ретінде жұмысқа алуға болады. Алайда, аталмыш жүйе арқылы 16 жастағы қыздар да саудаланып жатқаны белгілі болған. Кейбір жұмыс берушілер оларды таңнан кешке дейін, тіпті кейде тәулік бойы жұмысқа салатыны анықталған. Әрине, Кувейттің еңбек заңы бұған жол бермейді, бірақ қоғамында бұл қалыпты үрдіске айналып кеткен.