Қазіргі таңда Қазақстанда жарты миллионға тарта адам жұмыссыз жүр. «...Жұмысы жоқтық – Аздырар адам баласын» деген һәкім Абайдың құны зордан қымбат консультациясына құлақ түрер кім бар десеңші. Қайбір жылы қылмыскердің 91% – «жаңа», 78,6% – жұмыссыз екені, қылмыскерлердің көбі жұмыссыздар болатыны туралы ресми мәлімет шыққаны есімізде.

Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Статистика комитетінің мәліметі бойынша, елдегі еңбек нарығына қатысты жалпы жұмыссыздардың саны 442 200 азамат деп көрсетілген. Оның тіркелгені – 170 мыңға тартады-мыс. 4,8%-дан түспейтін я көтерілмейтін жұмыссыздық деңгейінің ресми көрсеткішіне сарапшылар түгілі көпшілік бұқараның да көңілі күмәнді. Оның ішінде 15-28 жас аралығындағы жастар 85 мыңға таяу деседі. Әдетте жұмыссыздық туралы өткір мәлімдеушілер мен қарапайым азаматтар әр түрлі айыптаулармен істі болып жатады. Соның бірі жуырда ғана бес жылға бас бостандығынан айырылған Жаңаөзендегі жұмыссыздар қозғалысының белсендісі, жастар жұмыссыздығын көтеріп жүрген Ержан Елшібаев саяси тұтқын деп танылды. Бұл жайлы тамызда құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина өзінің Facebook парақшасында жариялаған болатын.

Ведомствоның «Негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер мониторингі» қортындысына сәйкес кәсіпкерлік қызметпен айналысатын шағын кәсіпорындарды есепке алмағанда азматтардың орташа айлығы жыл басында 180 885 теңге болса, ал қыркүйекте 188 634 теңгеге дейін жоғарылаған.

Бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысының соңғы төрт жылдағы көрсеткіші:

  • 2019 жылы 188 634 ₸
  • 2018 жылы 162 673 ₸
  • 2017 жылы 150 827 ₸
  • 2016 жылы 142 898 ₸

Шынына келгенде, «ҚР-ның әлеуметтік-экономикалық дамуы» қысқаша статистикалық бюллетенінде көрсетілген деректер реалды ахуалдан тым алшақ. Олай дейтініміз, еден жуушы мен вице-министрдің еңбекақыларын қосып, субъектілердің ортақ табысын олардың санына бөліп есептеу арқылы орташа жалақыны анықтау – шындыққа келіңкіремейтін әдіс.  Мемлекеттік қызметкерлер корпусы мен өзге еңбек кадрларын ажыратып есептейтін жаңа жіктелім механизмі қажет.

Қазіргі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов шенеуніктер ғана сенетін утопиялық көрсеткіштерді шындыққа қалай жақындатарын алдағы уақыт көрсетеді.

"The Qazaq Times"