Германия халқы Бірлік күнін атап өтті. Осыған орай Ганновердегі салтанатты жиында сөз сөйлеген Федералдық канцлер Ангела Меркель Германияның шығысы мен батысындағы адамдар уақыт өткен сайын тату-бірлікте өмір сүретінін айтты.

1990 жылдың 3 қазанында бұрынғы Герман Демократиялық Республикасына кірген бес жер – Бранденбург, Мекленбург-Померания, Саксония, Саксония-Анхальт және Тюрингия Германия Федеративтік Республикасына қосылған (ГФР). Осы ретте Бірлік күні ортаға қабырға салып, көптеген жылдар бөлек тұрған немістер бір ту астына жиналады.

Айтулы шарада Ангела Меркель: «Егер бүгін ГФР шығысындағы әрбір неміс жастары бірлікте күн кешу ұлтқа пайда әкеледі деп ойлайтын болса, Германия бірлігінің 24 жылы текке кетпеді деген сөз. Осы уақыт аралығында халықтың басқа аймаққа кету үрдісі де азая түсті. Дегенмен, әлі де көп жоспарды жүзеге асыруымыз қажет. Оның ішінде еңбек нарығында және шығыс бөліктің батыстан төмен экономикасын арттыруымыз керек», – деді. Сонымен қатар, Германия канцлері «мемлекет пен федералдық жерлер арасындағы қаржылық қатынастарды жаңаша ретке келтіру» қажеттігін, шығыстың қаржылық шығындардан құтыла алатындай және бір мезгілде Германияның құрылымдық жағынан әлсіз өңірлері толықтай дамитын жүйені іске асырудың маңызына тоқталды.

Елге босқындардың көптеп келуіне, миграциялық мәселелерге қатысты пікір білдірген канцлер «кері тарту» құбылысы саналатын ксенофобия, нәсілшілдік және антисемитизм көріністерін қатаң сынға алды. «Біз осы жерде өскен жастарды оларға қарағанда өзгеше өмір сүретін адамдарға қарсы күреске тартпауымыз қажет», – деді Меркель.

Айтулы мереке қалай өтті?

Handelsblatt неміс басылымының хабарлауынша, мереке елдің барлық қалаларында тойланады. Дегенмен дәстүрге сай басты шаралар ел астанасында ұйымдастырылды. Бранденбург қақпасы маңына мыңдаған тұрғын мен қонақ жиналды. Себебі бұл – батыс және шығыс немістерінің кездесетін символдық орны. Бірден үш сахнада түрлі музыкалық топтар өнер көрсетті. Тұрғындардың назарына театрлық қойылымдар да ұсынылды. Сонымен қатар, Бірлік күніне орай салтанатты жиын Саксонияның әкімшілік орталығында өткізілді, себебі бұл федералды орын бундесратқа төрағалық етеді. Жыл сайынғы дәстүрге сай ГФР ұлттық мерекесіне байланысты негізгі іс-шараларды Германия парламентінің жер палатасын басқаратын өңір ұйымдастырады.

Неміс Бірлігі күні. Фото: https://cod66.ru

Мерекеге байланысты өткен құдайға құлшылық ету шарасына ГФР президенті Йоахим Гаук және канцлер Ангела Меркель қатысты. Сонымен қатар иудаизм мен ислам өкілдері де шақырылды. Төменгі Саксония мұсылмандары жер одағының төрағасы Авни Альтинер діни қақтығыстардың мемлекет іргетасын бұзатын негізгі әрекет екенін айтты.

Бұл күні Машзей көлінің жағалауында ГФР субъектілері, барлық 16 федералды аймақ туралы ақпараттар, музыкалық және басқа да көркем ұжымдардың өнерін көруге арналған арнайы орталықтар ашылған. Мәліметтер бойынша, мерекені атап өтуге арналған халықтық серуенге демалыс күндері жарты миллионға жуық адам қатысады.

Сарапшылардың еспетеуіне сүйенсек, Германияның бірігу процесіне өткен кезеңде шамамен 2 трлн еуро жұмсалған. Аталған сома ішінде экономиканың дамуына арналған барлық шығындар – әлеуметтік қамсыздандыру қорларына аударымдар мен зейнетақы төлемдері, Еуроодақ субсидиялары, қаржылық көмек, т/б бар. Ал 1991 жылдан бастап осы уақытқа дейін жұмсалған қаржы 560 млрд еуроға жеткен.

 

"The Qazaq Times"