Естеріңізде болса, жыл басынан бері Нұр-Сұлтан қаласында «Тіл тазалығы – баршаға ортақ іс» жобасы бастау алған еді. Қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы атқарылған шаралар туралы толымды ақпарат та берген. Енді, міне жаңа оқу маусымы басталған мезетте жоба қайтадан қызу қарқын алды.

Ақпараттық-идеологиялық сипаттағы ауқымды әрі кешенді іс-шара өткізу кезек күттірмейтін мәселе екенін айтқан едік. Осыған орай, "Тіл тазалығы - баршаға ортақ іс" жобасы аясында Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары М. Бектұрова акцияның екінші кезеңін бастаған болатын.
Малика Ерланқызы аудан әкімдіктері мен құзырлы органдарға сыртқы (көрнекі) жарнамаға қатысты нақты тапсырмалар берді.
Ресми орган қызметкерлері мен қоғам белсенділерінен құралған арнайы жұмыс тобы Тіл заңнамасы талаптарының сақталуы бағытындағы жұмыстарды үлкен ауқымда жалғастыруға кірісті.

Сонымен, акцияның кезекті шарасы жеке меншік балабақшалардан басталды. Оның өзіндік мәні де жоқ емес. Бүлдіршіндер елдің ертеңгі иесі, мемлекеттік тілді ары қарай өркендетіп, әр салада берік орнықтыратын жанашырлары екені мәлім. Бала бақшадағы тіл тазалығы - ұрпақ санасының тазалығы екені  де даусыз. Бұдан бұрын акция аясында жүргізілген жұмыстар бойынша жекеменшік балабақшалардың сыртқы жарнамасы мен көрнекі ақпараттарының сын көтермейтіндігі анықталған. Елордамызда 210 жекеменшік балабақша болса, көп бөлігінің маңдайша атаулары мен сыртқы (көрнекі)  жарнамасы тіл туралы заңның талаптарына сай емес болып шыққан.

Енді міне, нақты іс қолға алынып, Тілдерді дамыту және архив ісі Басқармасы және Нұр-Сұлтан қалалық кәсіпкерлер палатасы бірігіп жеке балабақша басшыларының басын қосқан жиын ашты. Жиынды Басқарманың Бас маманы Айгүл Ғизатқызы шараның маңызына тоқтала келіп, Мемлекеттік тіл нормаларын орындау, қателіктерді түзеу бойынша нақты талаптар қойды. Қарсы сауал қойғандарға заң аясында және тілге жанашыр ниетімен сауатты жауаптар берді. Жиынға қатысқан мемлекеттік мекеме қызметкерлері ойларын білдіріп, заңды қатаң сақтау керектігін баса айтты. Жеке меншік бала бақша басшыларына Тіл туралы Заңының талаптары жан-жақты түсіндіріліп, әдістемелік көмек көрсетілді.

Қазіргі таңда мемлекеттік тілдің қоғамдағы аясы күн сайын артып келе жатқаны анық. Алайда, немқұрайлық танытып, Тіл туралы заңға салғырт қарайтындар да жоқ емес. Бұл жағдай енді жіті назарда болмақ. Алдағы уақытта, қала әкімінің орынбасары М. Бектұрованың бекіткен тапсырма - жоспарына сәйкес, жекеменшік балабақшалардың сыртқы (көрнекі) жарнамасына Басқарма тарапынан мониторинг жүргізіледі және оның қорытындысы ашық түрде жарияланады. Қаланың төрт ауданын қамтыған бұл ауқымды акция өзге бағыттарда да жалғасын табады. Оған мемлекеттік мекеме өкілдері мен сауатты қоғам белсенділерінен құралған сарапшылар атсалысатын болады. Барлық нәтиже, атқарылған шара әлеуметтік желілер мен БАҚ-та елге жетіп отырады.

Жақында президент Қ.Тоқаев өзінің тұңғыш Жолдауында "Қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдыратын уақыт келетінін" айтып еді. Аталған шара мемлекет басшысының осы идеясына үн қоспақ. Бүгінде мемлекеттік тілдің ахуалы, әсіресе елордамыз Нұр-Сұлтан қаласындағы қазақ тілінің талапқа сай болуы қатаң қадағалануға көшті.

Өткен аптада елорда әкімі Алтай Көлгінов Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің Нұр-Сұлтан қалалық филиалының жаңа құрамын қабылдаған болатын. Басқосу кезінде қаладағы қазақ тіліндегі сауатсыз жарнамаларды түзету жайы назардан тыс қалған жоқ. Бұл тұрғыда "Тіл сақшысы" сынды бұрынғы бірқатар жобаны қайта жаңғырту да айтылды. Алтай Сейдірұлы бірлестік мүшелерінің мемлекеттік тілге қатысты ұсыныстарын  қолдайтынын білдірді.

Мемлекеттік тілді дамыту, аясын кеңейту ел болашағы үшін өте өзекті, маңызды стратегиялық бағыттың бірі. Ұлттық саясаттың негізі болып саналатын тіл мәселесі қоғам назарын өзіне бұрып отырғаны белгілі. Қазақ тілін қолдану заң талаптарына сай болуы көптің қолдауына ие болып отырғанын айта кеткен жөн. Осыған орай, «Тіл тазалығы – баршаға ортақ іс» жобасы аясында да көптеген кемшіліктердің қалыпқа келіп, қаладағы тіл тазалығы күшейе түсетініне сенеміз.

Мұрат Алмасбекұлы

"The Qazaq Times"