1947 жылы тамызда КСРО Министрлер кеңесінің шешімімен шартты түрде «№2 оқу полигоны» деп аталған Атом полигонын құру туралы қаулы қабылданды. Ауданы  18 миллион гектар Семей ядролық полигонынан қала маңындағы радиациялық әсер аймағында тұратын 500 мыңдай адам осы сынақтан зардап шекті. Созылмалы залалы жеті ұрпаққа дейін жалғасатын бұл тақсірет құрбандарының нақты қысабын шамалау өте қиын. Тіпті билік жасыруға мүдделі де болуы бек мүмкін.  

Жантүршіктірер деректер

  • Семей ядролық полигонында 42 жыл бойы сынақтардың жалпы саны 456 ядролық және термоядролық жарылысты құрады. Олардың 116-сы ашық болды, яғни жер бетіндегі немесе әуе кеңістігінде жасалды.
  • Жарылыстан радиация алған мыңдаған адам қатерлі ісік, жүйке ауруларына, тағы басқа түрлі дертке шалдықты, көптеген сәбилер дүниеге мүгедек болып келді.
  • Қазақстан ұлттық ядролық орталығының қызметкері Жанболат Ғылманов Совет билігі сыналған бомбалардың қуаты туралы шындықты жасыратынын айтады. «Сол күндері таратылған ақпараттар шындықтың ауылынан алыс болды. Мәселен, ақпарат құралдары Семей полигонында 20 тонна атом бомбасы жарылды деп хабар таратты. Бірақ біз ол бомбаның қуатын зерттеп көргенде, біз оның 80 тоннадай болатынын анықтадық. Билік бомбалық сынақтардың салмағын мүмкіндігінше азайтып көрсетуге тырысты. Сондықтан 0-ден бастап 20 тоннаға дейінгі кейбір кітаптардағы көрсеткіштер өтірік ақпараттар», – дейді.
  • Жанболат  Ғылманов алапат шығын әкелген ядролық сынақтардың залалды салдары әлі жүз жылға дейін жетеді деп отыр. Және ол Совет Одағының 715 сынағының 500-дейі, шамамен 70%-ы не себепті Қазақстан жерінде жасалғаны әлі күнге анық емес дейді.
  • Қазақ даласындағы атомдық жарылыстың ең бір қасіретті тұсы – адамдар мақсатты түрде зерттеу нысаны қатарына алынған. Белгілі ядрофизик маман Жанболат  Ғылманов «Семей полигоны адамдар тұратын әлемдегі жалғыз сынақ алаңы. Және сынақ алаңында әлем бойынша тек қазақтар мекен етеді. Бейбіт халықтың сынақ аймағында жылдар бойы тұрып жатуы үлкен проблема», – дейді.
  • Семей полигонында жер бетінде және үстінде сынақтан өткізілген ядролық зарядтардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп болды.
  • Атом бомбаларының сынақтары жайлы халыққа тек 1953 жылдан кейін айтыла бастаған.
  • Полигоннан БҰҰ мен өзге ұйымдардың есебі бойынша, 1,5 миллионнан астам адам азап шекті. Және полигон тудырған түрлі аурулар генетикалық жолмен беріліп, атом азабын қазақ халқы әлі күнге тартып келеді.
  • Семей полигонынан басқа, Батыс Қазақстан және Атырау облысы шекарасында Нарын өңірінде 3 сынақ полигоны болды: Азғыр атом полигоны, Мемлекеттік Жазғы-сынақ орталығы және Мемлекеттік орталық полигоны (соңғы екеуі Ресей кешеніндегі Капустин Ярға тиесілі, қазіргі уақытта да қолданыста). Осы полигондар аумағында 29 ядролық жарылыс жүргізілді (18 жер асты, 11 атмосфералық). Зерттеулер мақсатында тағы да 10 ядролық жарылыс жүргізілді: 6 – Қарашығанақта, 3 – Маңғыстау облысында және 1- Ақтөбе облысында.

1989 жылғы Семей жұртшылығының ядролық сынақ полигонын жабу туралы шеруі. Фото: e-history.kz

Қасіретті хроника

1949 жылы тамыздың 29-ы таңғы 7-ге қараған шақта алғашқы сынақ іске асырылды. Абай және Абыралы аудандарында халыққа алдын ала ескертілместен қуаттылығы 22 килотонна болатын бірінші жарылыс РДС-1 сутегі бомбасымен жасалған еді.

1953 жылғы 12 тамызда Семей ядролық полигонының төңірегін тетіренткен қуаты 480 килотонналық жарылыс болды. Әзірейілдің саңырауқұлақ бұлты 16 километр биіктікке көтерілді. Жарылыстан соң бірнеше күн радиусы ондаған шақырым дала шөптері көгілдір сәулеге бөгіп тұрды.

1955 жылы 22 қарашада ТУ-16А әскери бомбалағышы Семей полигонының үстінен ұшып бара жатып, жаңадан жасалған қуаты 1,7 мегатонна болатын, А.Сахаровтың термоядролық РДС-37 зарядын тастады. Бомба бір жарым километрлік биіктікте жарылған. Бұл жарылыстың соққы толқыны мен жер қабатының дірілі бүкіл дерлік Қазақстан аумағы мен Ресейдің көршіліс аймақтарында сезілді.

1961-1989 жылдар арасында Семей полигонындағы Дегелең тауының жер астындағы шахталарында 340 жарылыс жасалды. Бұл арада жыл сайын 14-18 ядролық сынақ өткізіліп тұрды. Есеп-сұраусыз сынақтардың салдарынан кесек-кесек жартасты Дегелең тауы қиыршықтанған тас үйіндісіне айналды.

1965 жылы қаңтар айында жасалған жарылыс-сынақта 3,5 миллион текше метр топырақ көкке ұшқан. Бұл сынақтың мақсаты – жасанды су қоймасын жасау еді. Сынақ нәтижесінде пайда болған «Атом көлі» көрінісі. «Айна» түріндегі су қоймасы бетінің диаметрі 400 метр, тереңдігі 100 метр шамасында. Жасанды көл радиоактивті ыдыраудың қалдықтарымен ластанған.

1966-1979 жж. аралығында Азғыр атом полигонында 10 алаңда 17 ядролық жарылыс жүргізілді. Жарылыстар нәтижесінде жалпы көлемі 1,2 млн шаршы метр болатын 9 жер асты жолағы және диаметрі 600 метр бір жасанды көл пайда болды. Бірінші жарылыс 300 тұрғыны бар Азғыр кентінен 1,5 км жерде 165 метр тереңдікте жүргізілді. Жарылыс ұңғымасынан 20 күн бойы қосынды радиоактивтілігі 190 мың Ku болатын газ шықты. Полигон 80-жылдардың өзінде де жабық болатын.

...

1989 жылы 12 ақпанында үңгірлердің бірінде қуаты кезекті 70 килотоннадан астам ядролық заряд жарылды. Сыртқа саңылаудан ыршып шыққан радиоактивті газдар бұлты екі күн бойы жайылып, 30 мыңнан астам тұрғыны бар аумақты бүркеп тұрып алған. Нәтижесінде радиациялық фон табиғи нормасынан 200 есе ауытқып, сағатына 3000-4000 микрорентгенге жеткен.

1991 жылғы 29 тамызда Қазақстан Республикасы экс-президенті Н.Назарбаевтың  Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигоны жабылды.

Оқыс та орасан апат топаны қазақ даласына һәм жанына мәңгілік жасылмас жара қалдырды. Адамның азғын пиғылынан талай Ләйләлар аймен мұңдасып, «мәңгілік бала бейнесінде» қалып қойды. 70 жылдық қасіреттің зардабы мен салдарына мемлекеттік тұрғыда кешенді зерттеу жүргізіп, жалпыхалықтық деңгейде еске алу, тағзым ету шарасын ұйымдастыруда билік бұл жолы тағы да шет қалды.

P.S.: «Жан-жаққа мен көріп-білмеген от тасқыны, жарық тасқыны гу ете түсті. Жер отқа түскен қағаздай бүрісіп бір қалды да жоқ болды. От пен жарық сұрапылы көзінді ашып-жұмғанша қаланы тозаңға айналдырды да үлкен бір өңеш барлық шаң-тозаңды суырып-сорып аспанға ұшырып әкетті. Қала орнында кедір-бұдырлы қара күйік қалды.  ...Қара күйік тым үлкен, бүкіл бір елдің басына қара жамылуға жететін».

© Ғабит Мүсірепов «Жапон балладасы»

БҰҰ бұрынғы бас хатшысы Пан Ги Мун Семей полигоны музейінде, ядролық сынақтарды басқару пунктінде тұр. Шығыс Қазақстан облысы, Курчатов, 6 сәуір 2010 жыл. Фото: БҰҰ/Азаттық

Жойқын жарылыс. Фото: e-history.kz

89 жылдары "Невада-Семей" қозғалысының жиынындағы полигоннан зардап шегуші. Фото: e-history.kz

Сынақтардың нәтижесінде пайда болған жасанды "Атом көлі". Фото: e-history.kz

340 жерасты жарылыстары жүргізілген шахталардың бірі. ШҚО. Фото: e-history.kz

Ядролық қаруға қарсылық шарасындағы семейлік оқушы. ШҚО. Фото: e-history.kz

Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы №409 жарлық шығар алдын. Фото: e-history.kz

*Деректер мен кейбір мәліметтер ашық дереккөздерден, документалист жазушы Медеу Сәрсекенің «Семей қасіреті» еңбегінен алынды.

"The Qazaq Times"