Тамыз айынан бастап президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі» өз жұмысын бастайды. Бұл қазақ қоғамы мен билігі үшін таңсық дүние емес. Себебі Қазақстанда қандай да бір мәселеге байланысты кеңес немесе комиссия құру дәстүрінің қалыптасқанына кем дегенде 17 жыл болды.
Сонау 2002 жылы Ақорданың бастамасымен «Азаматтық қоғам мен демократияны дамытуға ұсыныс жасауға» арналған кеңес құрылды. Ол кезде биліктің демократияны дамытуға құштарлығын арттырған оппозициялық топтардың бас көтере бастауы болды. Бірақ бастапқыда тұрақты жұмыс істейді деген кеңес, ақыр соңында демократияны дамыта алмады. «Жабулы қазан жабулы күйінде қалды».
2004 жылы билік қазақ қоғамын демократияландыруға байланысты кезекті бастама көтерді. Бұл жолғы бастама алдыңғысынан да асып түсті. Себебі кеңестің аты демократияға кереғар ұғымдардың бірімен тура келді. Дәлірек айтқанда, НКВД (Национальная комиссия по вопросам демократизации) деп аталды. Бұл да оппозиция өкілдері сол кезде өткен парламент сайлауын мойындамай, шу шығарғаннан кейін құрылды. Оның да ешқандай заңдық мәртебесі жоқ, консультативтік орган болмады.
2006 жылы сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «демократиялық реформаларды қалыптастыру және жүзеге асыруға» байланысты комиссия құрды. Ол да қоғаммен байланысты нығайтып, саяси жүйені модернизациялап, демократияны дамытуы тиіс болған. Бірақ дәстүр бойынша бұл кеңесте түк бітірмей тарих қойнауына кетті.
2006 жылдан кейін билік «демокартияны дамытуға» бағытталған бастамаларын күрт азайтты. 2016 жылға дейін Ақорда қоғамдық кеңес немесе комиссия жөнінде жақ ашпады. 2016 жылы болған жер митингілері кезінде билік мұрағатта жатқан «сенім кеңесі» папкасын қайта шығарды. Бұл жолы да ол өзіне жүктелген міндеттерді "абыроймен" атқарып шықты. Жә, енді өткенді қойып, бүгінімізге оралайық.
Жоғарыда айтқанымыздай, тамыз айынан бастап құрамына 44 тұлға енген «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі» өз жұмысын бастайды. Әзіргі басталмаған жұмысқа қандай да бір пікір айту қиын. Десе де, әлеуметтік желі мен БАҚ біткен аталмыш кеңеске байланысты бұған дейін құлаш-құлаш мақала жазып, ой-пікірлерімен бөлісіп тастады. Біздің оларға алып-қосарымыз жоқ. Тек кеңеске байланысты бір нәрсені айтуға болады. Ол Ақорда саяситехнологтарының 17 жыл бойы халықпен диалог орнатуда жаңа тәсіл ойлап таба алмауы. Жылдар өтіп, билікке қойылған халықтың талаптары өзгергенімен, әлі күнге дейін «сенім кеңесі» папкасы өзгерер емес. Негізі, билікке кеңес құрмас бұрын, бірінші, осы сияқты ұсыныстар жасап, халықтың «тамырын басып», «сәуегейлік жасайтын» сарапшылар тобын жаңарту жөнінде арнайы комиссия құру керек сияқты...