Жапонияның Осака қаласында өткен кездесу барысында Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй Ресей президенті Владимир Путинге қарата «Ресей Ұлыбритания мен оның одақтастарына қауіп төндіруге бағытталған қызметін тоқтатқанға дейін екіжақты қарым-қатынастарды қалыпқа келтіру мүмкін емес», – деп, «жалған саясатты» тоқтатуын талап етті.
Мэй сөзінде Скрипальдердің улануына тоқталып өтті. Скрипальдерге қарсы шабуылды Ресейдің ұйымдастырғанын айтқан Мэй, кінәлілер сот алдында жауап беруі тиіс деді. Мэй сондай-ақ Біріккен Корольдік «барлық топтар үшін демократия мен теңдікті ұстанатынын» атап өтті.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, британдық премьер Скрипальдерді улағандарды табуды талап еткен.
«Ресей өз азаматтарын бермейді, бірақ осы екі қылмыскерді тұтқындауға еуропалық ордер берілді. Егер олар Ресейден тыс жерге шықса, біз сот шешімін қатайту үшін барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз», – деп мәлімдеді Мэй.
Сөз соңында Ұлыбритания премьер-министрі: «Ресей өз іс-әрекетін мойындап, мұндай келеңсіздіктің алдын алуға міндетті. Және бүкіл әлем бойынша жүргізіп отырған басқа да тұрақсыздандыратын қызметіне, мәселен дезинформация мен кибершабуылдарды пайдалануды түбегейлі тоқтатуы тиіс», – деді.
Үш жылда алғаш рет
Мэй мен Путин соңғы үш жылда бірінші рет Жапониядағы «Үлкен жиырмалық» саммитінде кездесіп отыр. Олардың соңғы толық форматты келіссөздері 2016 жылдың 4 қыркүйегінде Қытайда, сондай-ақ G20 саммитінде болған.
Жапонияға барар жолда журналистерге сұхбат берген Мэй: «Егер Мәскеу әлемдік саясатта әділ бағыт ұстанғанда, біз байланысымызды үзбейтін едік. Ресей Халықаралық келісім-шарттарды бұзуды және ұжымдық қауіпсіздікке нұқсан келтіруін тоқтатуы тиіс», – деді.
Путин Солсбери туралы
Ресей президенті жақында осы тақырып туралы британиялық «Financial Times» газетіне берген сұхбат берді. Өз сөзінде ол: «Жалпы, сатқындық – жер бетіндегі ең үлкен қылмыс және сатқындар жазалануы тиіс. Солсбериде орын алған жағдай тәрізді жазалау керек деп айта алмаймын. Бірақ, сатқындар жазалануы керек. Бұл мырза, яғни Скрипаль бұрын да жазаланған. Ол қамауға алынды, мерзімін өтеп, кетіп қалды. Ол жазаланды және ешқандай қызығушылық тудырмады. Дегенмен, сатқындар жазалануы тиіс. Сатқындық – елестетуге қиын ең ауыр қылмыс», – деп мәлімдеді. Ал Ұлыбритания мен Ресей қарым-қатынасына қатысты: «Менің ойымша, Ресей де, Ұлыбритания да қос тарап қарым-қатынасын толық форматта қалпына келтіруге мүдделі. Өз басым қандай да бір алғашқы қадамның жасалатынына үміттенемін. Мэй ханым лауазымынан кететін жариялады. Сондықтан ол қазір қандай да бір ішкі саяси салдарлар туралы ойламай, дұрыс, маңызды және қажет деп санайтын әрекеттерге қадам басуы тиіс», – деген болатын.
4 наурызда Ресей Федерациясы Барлау қызметінің бұрынғы қызметкері Сергей Скрипаль мен қызы Юлия Скрипаль «Новичок» жүйке-сал ауруын тудырушы заттегі арқылы уланған болатын. Аса қауіпті химиялық қарудың Ресейде жасалынғаны анықталып, АҚШ пен Ұлыбритания бұл істе тікелей Ресейді айыптады. Аталған оқиғадан соң 30 маусымда Ұлыбританияның Эймсбери қаласындағы үйде ерлі-зайыпты Чарли Роули мен Дон Стерджесс те дәл осы заттекпен уланғаны белгілі болды.
Ресей президенті Путин бұлар қылмыскер емес, қарапайым ресейлік азаматтар деген. Күдіктілердің өздері Солсбериде туристер ретінде жүргенін мәлімдеген. Bellingcat зерттеу ұйымының пайымдауынша, Ресейдің бұрынғы әскери агенті Сергей Скрипальге шабуылды Лондон орталығындағы қонақүйден ресейлік ГРУ офицері Денис Сергеев бақылап отырған. Бұған дейін ақпарат құралдары «ГРУ-да жұмыс істейтін Сергеевті Қазақстанда туған Ресей азаматы» деп жазған.
Bellingcat тәуелсіз зерттеу тобы жақында жариялаған есебінде «Скрипальдерді улау операциясын Ресей бас барлау басқармасының (ГРУ) қазіргі қызметкері Денис Сергеев бақылап, басқарып отырған. Бізде телефон қоңырауларының жазбасы бар» деп жазды.