Соңғы бір аптада 30 жылдан бері өлі тыныштықта жатқан Қазақстан саяси алаңы бір сәтте тірілді. Маусым айының 9-ы мен 12-і күндері аралығында Алматы, Нұр-Сұлтан (Астана), Шымкент және Ақтөбе қалаларында болған наразылық акциялары Ақордадағы жұрттың ұйқысын бұзғандай. Су жаңа президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Euronews» арнасына берген сұхбатында: «халық наразылығы әлеуметтік мәселелерге байланысты» екендігін айтып, кейіннен Қоғамдық сенім кеңесін құру туралы жарлыққа қол қойды.
Жоғарыда айтқанымыздай Ақорда соңғы уақыттары Қазақстанда болып жатқан «халықтық толқулардан» кейін қоғаммен диалог орнату үшін бар күш-жігерін салып жатқандай сыңай танытуда. Бірақ дәл қазіргі жағдайда билікке халықпен диалогқа келетін қандай тетіктер бар? Жалпы ондай тетіктер бар ма өзі? Тәуелсіздік алған 28 жылда оппозиция мен жекелеген азаматтық белсенділер алаңын толықтай тазартқан билік, енді соның зардабын өзі шегіп жатқан жоқ па? Әрине, осы уақыт аралығында Қазақстан саясат алаңында бірде-бір ой көшбасшысы қалмады деп айтуға болмас. Бірақ халық сөзіне тоқтап, артынан еретін жекелеген тұлғалардың қалмағаны анық. Оның үстіне президент сайлауы кезінде оппозициялық саясаткер Әміржан Қосановқа иманындай сеніп, дауыс беріп, бюллетенін таң атқанша күзеткен электорат енді билік тарапынан жасалған бастамаларға оңайшылықпен сенеді деп айту қиын. Дәл осы жерде саясаттан хабары бар, көзі қарақты адам «Бізде ЖСДП «Ақиқат» оппозициялық партиясы бар ғой» - деп айтуы мүмкін. Иә, ол бар, бірақ ЖСДП «Ақиқат» деп атауын өзгерткенімен ол «шалажансар» күйде. Себебі «Ақиқат» әлі күнге дейін елде болып жатқан саяси, әлеуметтік оқиғаларға нақты көзқарасы мен ұстанымын білдірген жоқ.
Соңғы екі-үш күнде президент кеңесшілері Дархан Қалетаев пен Ерлан Қариндер қоғамда ой көшбасшылары болып жүрген Марғұлан Сейсембаев, Арман Шораев сияқты азаматтарды қабылдап, Қоғамдық сенім кеңесіне байланысты мәселелерді талқылады. Біз бұл азаматтардың халық арасында тынымал екендігін, өзіндік ой-пікірі бар екендігін жоққа шығармаймыз. Бірақ, халықтың сенімін кезекті бір кеңес құрумен қайтарып аламын деу қаншалықты дұрыс шешім? Ертең кезекті рет үй немесе жәрдемақы беруді талап етіп шыққан халықпен кім диалог орнатады? Көп балалы аналар мен жұмыссыз, үйсіз-күйсіз жүрген жастарды Қоғамдық сенім кеңесі қабылдай ма, жоқ әлде тағыда күштік құрылымдар алаңда «құшақ жая қарсы ала ма»? Бұл да үлкен сұрақ. Президент кеңесшісі Ерлан Қарин: «Қоғамдық сенім кеңесінің басты айырмашылығы, азаматтық белсенділерді, партиялар мен қоғамдық бірлестік өкілдерін президенттің өзінің қабылдауында» - деді. Иә, бұл өте жақсы бастама. Бірақ, бұл жерде тағы да «бірақ» деген сөзді пайдалануға тура келеді. Себебі осыған дейін билік тарапынан көтерілген қаншама бастаманың «сайда саны, құмда ізі жоқ болып» кетті. Күні кеше ғана тұңғыш президент (ол кезде әлі қызметінен кетпеген) Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ашылған «Жастар жылы» бастамасы қайда қалды? Ашылу салтанатына 223 миллион теңге жұмсадық та ұмытып кеттік. Бұндай бағдарламаларды айтатын болсақ, санына саусақ жетпейді...