Бүгін, 10 маусым күні түстен бұрын полиция Алматы қаласындағы "Астана" алаңы мен Әлия -Мәншүк паркін қоршауға алды. Төле би көшесіне орналасқан алаң мен оның жанындағы саябақ арнайы жасақ пен полиция қызметкерлеріне толған.
Тілшілердің хабарлауынша, "Астана" алаңына жақын Абылай хан, Қазыбек би, Бөгенбай, Панфилов көшелерін полиция бақылауға алып, арнайы көліктер қойылған. Сондай-ақ, "Ұлттық ұлан" сарбаздары парк пен алаңға жақын көшелерді үзіліссіз шарлап жүргенін айтады.
Естеріңізге сала кетейік, кеше, 9 маусым күні кезектен тыс президент сайлауы кезінде аталған алаң маңында наразылық акциясы өткен болатын. Ресми тараптар жағынан заңсыз деп табылған бұл наразылық шеруін полиция мен арнайы жасақ күшпен таратқан болатын. Қазақстандағы бірқатар БАҚ өкілдері полицияның жүздеген адамды тұтқындағанын хабарлаған.
Соңғы келіп жеткен мәліметтерге қарғанда, полиция алаңдағы адамдарды бір-бірлеп ұстай бастаған.