Кеше АҚШ президенті Дональд Трамп Лондонға жетіп, Британиядағы 4 күндік мемлекеттік сапарын бастады. Трамптың мемлекеттік сапарынан бұрын Ақ үй мәлімдеме таратып, президенттің кезекті сапары АҚШ пен Ұлыбритания арасындағы «тығыз әрі айрықша қарым-қатынасты» дәлелдей түсетінін айтқан болатын. Жалпы АҚШ пен ағылшын корольдігі қатынасы туралы бұндай сөздер жиі айтылады. Олай болса, екі ел шынында «ерекше байланыста» ма? Британиялықтар Құрама Штаттармен қазіргі қарым-қатынастарға қалай қарайды?
Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейінгі, Ұлыбритания мен АҚШ арасындағы тығыз саяси, мәдени, экономикалық, әскери және тарихи екі жақты қатынастарды сипаттау үшін Британия премьер-министрі Черчилль «айрықша қарым-қатынас» терминін пайдаланған болатын. Содан бері, екі елдің ресми тұлғалары екі жақты қатынастарды осылай атап келеді.
Ағылшын аралының тұрғындары үшін, президент Трамп ең бір дау-дамайға толы тұлға. Сол елде жүргізілген сауалнама нәтижесі көрсеткендей, британиялықтардың басым көпшілігі Трампты ұнатпайды. «Ол бір пайдасыз адам», «Ол өтірікті көп айтады», «Оның мінез-құлқы қалыпсыз», «Бір мәселені айтып, басқа бір әрекетті жасайтын президент саясатқа қалай келген? Менше бұл тым күлкілі»... міне бұл Трамп сапарынан бұрын британдықтардың әлеуметтік желілерінде көптеп айтылған пікірлердің бір парасы.
Ал, кейбір ағылшын азаматтары: «Ол Британия мен Американың байланысы үшін келіп жатқан болар, бұл маңызды. Бірақ, бұл тек АҚШ пен Ұлыбритания үшін ғана маңызды», – деген пікірлерін де айтады. Президент Трамптың британиялықтар үшін өзінің жағымды образын сомдай алмағаны белгілі. Айталық, бір ретінде Трамп өзінің «Твиттердегі» парақшасына Британиядағы әсіре оңшылдар жариялаған анти-исламдық бейне роликті бөліскен, сондай-ақ, британдық барлау ұйымын өзінің әрекеттеріне барлау жасағаны үшін айыптаған болатын. Бұл әрекеттері британиялықтардың ашуын қозғап, оған деген қарсылықты тіпті де қоздыра түсті.
Ұлыбританияның ресми тұлғаларының растауынша, АҚШ пен Біріккен Корольдік арасында «ерекше қарым-қатынас» әлі де бар. Бірақ, британиялықтардың көбі бұған сене бермейді. Халықтық сауалнама нәтижесі көрсеткеніндей, басым көп қатысушы екі ел арасында мәдени ортақтық бар екенін мойындағанымен, «ерекше қарым-қатынастың» әлі де сақталып келе жатқанына сене алмайды. Дегенмен, бұған ұқсамайтын көзқарастар да бар. Олар екі ел жаңа заман тарихында бірқатар ауыр сындарды бірге бастан өткізді, бұл екі ел қатынасын нығайта түседі деп қарайтындар.
Америкадағы Сыртқы қатынастар институтының зерттеушісі Чарльз Купер былай дейді: «Британия мен АҚШ арасындағы қарым-қатынас 19 ғасырдың аяғынан бастап адамзат тарихындағы ең маңызды еларалық табысты қарым-қатынас болып саналады. Енді бір мағынадан алғанда, екі ел бір-бірінен ажырағысыз қатынаста».
Екі ел арасындағы байланыстар қай салаларда, қай бағытта дамиды? Бұл жөнінде Британияның Корольдік Халықаралық қатынастар институтының зерттеушісі Жейкоб Паракилас: «Екі ел арасындағы қарым-қатынастың негізі екі елдің арнайы құрылымдары мен қауіпсіздік салалары, соның ішінде британдық және америкалық қарулы күштерді біріктіру, америкалық университеттерге британдық студенттерді тарту, екі ел арасындағы киностудияларды және актерлерді қамтитын ашық әрі жасырын мәдени қарым-қатынасты қамтиды. Бұл айтылғандар аталмыш «ерекше қарым-қатынастардың басты негізі саналады», – деген.
Әрине, екі ел қатынасы әр кездегі басшылардың қарым-қатынасынан белгілі болады. Айталық, президент Рейган мен премьер-министр Тэтчердің, президенті Джордж Буш пен премьер-министр Блэрдің, президенті Барак Обама мен премьер-министр Кэмерон арасындағы тығыз байланысты айтуға болады. Алайда, президент Трамп пен премьер-министрі Тереза Мэй кезіне келгенде жағдай өзгерді. Трамп өз тұсындағы ағылшын бас уәзірі Тереза Мэйдің «брексит» көзқарасын ашық сынға алып келді. Тиісінше, екеуі арасындағы қарым-қатынас табысты жүзеге аспай қалды.
Трамп былтыр Британияға сапарлай барғанда Лондон мен оған жақын қалаларда наразылық шеруіне мыңдаған адам қатысқан. Биыл да осындай шаралар ауқымды түрде өтеді деп жоспарлануда. Соның өзі ағылшын аралындағы тұрғындардың Трампқа деген позициясын көрсетсе керек. Алайда, Трамп ағылшындардың наразылығына ұшыраған алғашқы Америка президенті емес. 1982 жылы президент Рейган Британияның әскери базаларына ядролық зымырандар орналастырды. Осы істен кейін Лондонға жасаған сапары кезінде президент Рейган британиялықтардың күшті наразылығына тап болған еді.