Қырғызстан билігі 22 мамырда Тәжікстан аумағынан 150 метр қашықтықта орналасқан Ескі мазарда жанжал орын алды деп хабарлады.

Аталған учаске әлі ресми бекітілмеген. Бірақ ол жерді қырғыз азаматтары пайдаланып келеді.

Қырғызстан мемлекеттік шекара қызметінің мәліметі бойынша, 22 мамырда Баткен облысындағы Ескі мазарда жақында жерленген жергілікті тұрғынға арнап құран оқылып жатқан. "Осы кезде Тәжікстан шекарашылары келіп, шекара маңынан кетуді талап еткен. Осыдан кейін шекарашылар мен тұрғындар сөзге келіп қалған. Тәжік шекарашылары әуеге оқ атқан", - деп хабарлайды қырғыз шекара қызметі.

Ал Исфара әкімшілігінің баспасөз хатшысы Икбол Ильёсзода қырғыз шекарашылары тәжік аумағына әдейілеп кірді деп отыр. Ол әлеуеметтік желілерде жарияланған видеоларды көрсетіп, "видеодан қырғыз шекарашылары жергілікті тұрғындарға егіншілікпен айналысуға мүмкіндік бермей жатқанын көруге болады" дейді.

Қазір екі елдің шекарашылары арсында келіссөз жүріп жатыр. Шекара маңындағы тұрғындар Баткен және Соғды облысы басшыларының келуін талап етуде.

Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасы 970 шақырымды алып жатыр. Оның тек 519 шақырымы ғана бекітілген.

"The Qazaq Times"