Түркияда сайлау дауы жалғасуда.
«Anadolu» ақпарат агенттігінің мәліметінше, Түркия жоғары сайлау комиссиясы Стамбұл қаласының әкімін сайлау қорытындысын заңсыз деп танып, қайта сайлау күнін маусым айының 23-іне белгілеген. ЖСК өзінің бұл шешімін сайлау учаскелерінде қызмет істеген персонал мен бақылаушылардың басым көпшілігі мемлекеттік қызметкер болмағандығымен түсіндірген. Заң бойынша, бақылаушылар мемлекеттік қызметкер болуы тиіс.
NTV телеарнасының хабарлауынша, жоғары сайлау комиссиясының он бір мүшесінің жетеуі қайта сайлау өткізуді қолдап, төртеуі қарсы дауыс берген.
Наурыз айының 31-і күні өткен сайлауда Стамбұл қаласы бойынша оппозициялық партия өкілі Экрем Имамоғлы жеңген. Билік басындағы Әділет және даму партиясы муниципалдық сайлау қорытындысы бойынша, Анкара мен Стамбұл қаласында оппозиция өкілдерінен жеңіліп, қалған аймақтардың барлығында жеңіске жеткен.
Сайлау қорытындысына сай Стамбұл қаласының мэры болып сайланған Экрем Имамоғлы Жоғары сайлау комиссиясының шығарған шешіміне байланысты: « Президент Ердоғанның басқаруындағы Әділет және даму партиясы менің жеңісімді тартып алмақ. Бірақ мен соңына дейін күресемін» деп мәлімдеді.
Стамбұл қаласының Бешикташ, Ферикёй, Кадыкей және Шишли аудандарының халқы үйлерінің терезелерін ашып қойып, дастарханды кастюльмен ұру арқылы ЖСК шешіміне қарсылықтарын білдірген. Дәл осындай қарсылық акциясы 2013 жылы билік өкілдері Стамбұлдағы Гези саябағын бұзатындықтарын мәлімдегенде болған. Сол уақытта журналистер қарсылық акциясын "кастрюль революциясы" деп атаған.