Түркияның экономикасы дағдарыс қатерінде тұр. Президент Режеп Тайып Ердоған болса дағдарыстың артында Батыс елдері тұрғанын айтады. Елдегі жергілікті кеңестердің сайлау алында бағалы қағаздардың базары аумалы-төкпелі күйге түсті. Лира бір күнде 5 пайыз құнын жоғалтса, бір апта ішінде биржадағы бағалары 10 пайызға құлдырады.
Бұған дейінгі түрік экономикасы
Ердоған билікке келген 2003 жылдары Түркия экономикасы қиын жағдайда тұрған. Ол Халықаралық валюта қорының жәрдемімен елдің экономикасын өсіруге күш салды. Содан бергі 15 жылдан астам уақытта Түркия экономикасы жедел әрі тұрақты өсу қарқынын көрсетті. Жылдық өсу қарқыны орта есеппен 5,6 пайызды құраған түрік экономикасы тек 2009 жылғы дағдарыс кезінде ғана өсім көрсете алмады.
Былтырдан берігі жағдай
15 жылдан астам дүркірей көтерілген түрік экономикасы былтырдан бері қайтадан қиын жағдайға тап болып, жұмыссыздық деңгейі артты. Былтыр ғана Түркияда 4,3 млн адамның жұмыссыз қалғаны мәлім болған, бұл ел халқының 13,5 пайызын ұстайды.
Әсіресе, түрік лирасы ауыр зардап шекті. Қысқа уақыт ішінде өзінің көп құнын жоғалтып, сыртқы қарыздары бірден артты. Былтыр күзде елдегі зат бағасы 25 пайызға жоғарлаған еді, биыл ақпаннан бері тағы 20 пайызға көтерілді. Ұлттық валютаның құнын сақтау үшін Ұлттық банк несие берудің пайыздарын көтеруді жолға қойған. Былтыр жыл соңында Ұлттық банк 24 пайызға дейін жоғары өсімді қарыз беру туралы шешім шығарған болатын. Алайда, бұған президенті Ердоған келіспеді. Себебі, жоғары өсімді қарызды алушы компаниялар мен жеке бизнесмендер азаяды, бұл зат бағасын тіпті де жоғарлатып жібермек.
Ердоған ұсынған жол
Түркия президенті экономикалық қиындықтан шығу үшін Ұлттық банк ұсынған әдіске қарама-қарсы жолды ұсынып отыр. Айталық, бірнеше мәрте төмен пайызбен несие таратуды алға қойды. Оның айтуынша бұл инфляцияны төмендетуі мүмкін.
Бірақ, елдің қаржы мамандары бұған қарсы пікірлерін айтуда. Қазірге Ұлттық банк президенттің жобасын теріске шығарып, несие пайыздарын төмендетуден бас тартуда. Олардың пікірінше, егер неисе пайыздарын жоғарлатса инвесторлар лираны тұрақты ұстау үшін қаржысын салып, оны көбейтіп қайта шығарып әкетуге қызығатын болады. Бұндай жағдайда инвесторлар лираны көптеп сатып алып, оның бағасы жоғарлайды.
Ердоған бір реткі мәлімдемесінде: «Батыс елдері, әсіресе АҚШ Түркия экономикасын тығырыққа тірегісі келеді», – деп елдегі экономикалық қиындықтың артында Батыс елдерінің тұрғанын алға тартады. Бұл сөзінің де жаны бар деуге болады. АҚШ өткен ғасырдың 70-ші жылдарынан бері Түркия экономикасын өзіне барынша кіріптар етіп келеді.
Алдағы уақытта не болмақ?
Түрік үкіметі экономиканы реттеуге өзіндік шаралар қолдануда. Финанс нарғында лираны сатып алу құны жоғарлап кеткен. Үкімет спекуляция амалдарының ұлттық валютаға қарсы пайдаланылып кетуінің алдын алу үшін, түрік банктеріне лира қорын мұздатып тұруды тапсырған. Сонымен бірге, базар бағасы төмен деп саналған азық-түліктерді сатып алу үшін қаржылық операцияларды да жүргізіп жатыр.
Батыстың кейбір экономика сарапшылар, түрік үкіметінің бұл әрекеттер жекелеген тұрғындарға үлкен жәрдем болғанымен, мемлекеттің экономика қиындығына көмектеспейді дейді. Ал, валюта бағамын сақтау әрекеті қысқа уақытқа өнімді шара болғанымен, инвесторлардың лираға деген көзқарасын жаман жаққа бұрып, бұның соңы болашақ ірі инвесторлардың келуіне тосқауыл қояды деп санайды.
Дегенмен, халықаралық экономика сарапшыларының бірқатары Түркия алдағы уақытта бұл жағдайдан шыға алады деп қарайды. Сондай-ақ, алдағы екі жылда экономикасы 2,5 пайыз мөлшерінде өсу көрсететінін болжайды. Бұл көрсеткіш Түркия экономикасының алтын дәуірімен салыстырғанда төмен болуы мүмкін, алайды дүниежүзілік экономиканың өсу қарқынымен қарайлас болмақ. Соның өзінде бұл экономиканың тұрақсыздығын көрсетеді екен.