Әлемді шулатқан «әл-Каида» террорлық тобының бұрынғы жетекшісі Усама бин Ладеннің ұлы Хамза бүгін бірқатар елдердің үрейін алуда. Хамза бин Ладен бала жасынан жиһадтық әрекеттерге қатысып, сол ортада тәрбиеленіп келгені белгілі. Бин Ладеннің отбасымен түскен суреттері мен бейне жазбалардың көбінде бала Хамза автомат ұстап тұрады. Тіпті оның 14 жасынан бастап «әл-Каида» қатарында қарулы күштермен соғыстарға қатысқаны туралы анық деректер бар.
Мемлекеттік департамент оны «халықаралық терроршы» және «әл-Каиданың» негізгі жетекшілерінің бірі ретінде мәлімет таратқан. Құрама Штаттар Хамзаның жасырынған жері туралы мәлімет берген адамға 1 млн АҚШ доллары көлемінде сыйақы дайындаған. Соның өзінде, Хамза би Ладен туралы деректер тым аз.
«11 қыркүйек» оқиғасынан кейін Усама бин Ладенге халықаралық қуғындау жарияланды, 2011 жылы АҚШ арнайы қызметі оны Пәкістанда жасырынған тұрағында көзін жойды. Бұл кезде баласы Хамза да өлген деп мәлімделген. Алайда, кейін Усама бин Ладенмен бірге өлген Хамзадан үлкен ұлы Халид бин Ладен екені мәлім болды. Хамза 2012 жылы ғаламторда өзі жазған поэмаларды жариялап, өзін шарасыз жер аударған және қорқыныш пен үрей арасында өмір сүрген панасыз бала ретінде суреттеген. Бірақ оның жыл өткен сайын «әл-Каида» ұйымы ішіндегі ықпалының артып келе жатқаны байқалуда.
Хамза бин Ладеннің әлемді үрейлендірген видеосы 2015 жылы жарияланды. Онда «әл-Каиданың» қазіргі жетекшісі Айман әл-Завахири оны топтың мүшесі ретінде таныстырды және «азуы тісі жетілген арыстан» деп бағалады. Видеода Хамза Кабул, Бағдад және Газадағы «әл-Каида» содырларын АҚШ, Ұлыбритания, Франция және Израильге террорлық шабуыл жасауға шақырған. Сонымен бірге, сауд арабиялық жастарды да топ қатарына шақырып, ел билігін құлатуға үгіттеген. Аталған террорлық ұйымға Сауд Арабия жастары көбірек қатысқаны мәлім.
Британия лауазымдылары Хамзаны террорлық топ жетекшісінің мұрагері ретінде қарайды. Көптеген сарапшылар да болашақта «әл-Каиданың» жетекшілігі Хамза бин Ладеннің қолында болады деп болжайды. Хамза өзінің және әкесінің топ ішіндегі, әлемдегі жиһадшылар арасындағы беделінен пайдаланып «әл-Каиданы» қайта күшейтуі мүмкін деп болжануда.