Осыдан бірнеше күн бұрын президент Назарбаев Коституциялық Кеңеске Ата Заңның 42 бабының 3-тармағына түсініктеме беруді сұрап өтініш түсірді. Кеңес өтініштің конституциялық іс жүргізуге қабылданғанын мәлімдеді. Кейіннен Назарбаев өзінің Коституциялық Кеңеске түсірген өтінішіне бола «улап-шулаудың қажеті жоқ» екендігін айтты.
Мемлекет басшысы түсіндіруді сұраған 42 бабтың 3-тармағында:
«Республика президентiнiң өкiлеттiгi жаңадан сайланған Республика президентi қызметiне кiрiскен кезден бастап, сондай-ақ президент қызметiнен мерзiмiнен бұрын босатылған немесе кетiрiлген не ол қайтыс болған жағдайда тоқтатылады. Республиканың бұрынғы президенттерiнiң барлығының, (қызметiнен кетiрiлгендерден басқасының) Қазақстан Республикасының экс-президентi деген атағы болатыны» - айтылған.
Осыған байланысты бүгін біз аталмыш мәселеге байланысты саясаткер Әміржан Қосанов пен Дос Көшімнің пікірлерін білуді жөн көрдік.
Әміржан Қосанов, саясаткер: «Бұл дегеніңіз – саяси мимикрия!». Биологияда «мимикрия» деген құбылыс бар, яғни белгілі бір жануар не жәндіктің өзін қоршаған ортаға сай өңін, түсін өзгерту қабілеті. Бұл ұсыныс саяси мимикрияның нақ өзі.
Оның бір басты себебі бар: бізде шын мәнінде тәуелсіз Конституциялық сот жоқ! Құрамын өзі тағайындайтын Конституциялық кеңестің құқықтық билік танытуына президент мүлдем зәру емес. Ол орган оның «жұмса, жұдырығында, ашса, алақанында». Сондықтан президент нені қалайды, ол кеңес сондай шешім шығарады! Осы себепті мұндай сауалнама салудың артында белгілі бір құйтырқылық жатыр, яғни президенттің жуық арада қабылдағалы жатқан бір саяси шешімінен «конституциялық» негіз дайындалып жатқаны анық. Әйтпесе, тыныш отырған елді соншалықты дүрліктірудің не қажеті бар?!
Ел ішінде билік транзиті туралы ашықтан-ашық айтылып жүр. Президент те осы кезеңге дайындық ретінде бірнеше сценарийді әзірлеп қойғаны рас. Әзірше, бізге мәлім екі нұсқа бар – «тұңғыш президент – елбасы» мен «Қауіпсіздік кеңесі төрағасының мәртебелері беретін мүмкіндіктер».
Сондықтан да президент мерзімінен тыс сайлау жариялап, сайланып алып, содан кейінгі конституциялық мерзім ішінде өз мұрагеріне формальды билікті тапсырып, оның екінші президент ретінде қалыптасуына жоғарыда аталған екі креслоның бірінде отырып, барлық жағдайды жасауға тырысады. Өз басым осындай жолды жобалап отырмын!
Және де өршіп бара жатқан нарызылық президенттің күнделікті саясатқа тікелей жауап бермей, тек стратегиялық мәселелермен шұғылданып, қалың елдің ашық сынынан аулақ болуға мүдделі етпек. Қарап отырсаңыз, өмірде болып жатқан жалқы оқиғалар жалпы түрдегі пайымдауларға, қазіргі саяси жүйенің іріп-шіріп, әбден жарамсыз боп қалғанын ап-анық көрестіп отыр! Бұрын жеке әкім не министр, парламент пен үкімет тарапына айтылып келген сын ендігі жерде бет-жүзіне қарамай, президенттің өзіне бағытталып жатыр. Мұның өзі президенттің билік транзиті жөніндегі басты шешіміне өз әсерін тигізбей қоймайды!
Саясаткер, Дос Көшім: «Шынын айту керек, қандай нәрсені түсіндіруді сұрағанын мен өзім де түсінбедім. Егер бұны бүкіл қоғамға естіртіп сұрайтын болса, бұл саяси айла. Бұндай мәселе өздерінің арасында ақ шешілетін мәселе ғой. Президенттің өзі Конституцияның кепілі болып отырып, Конституцияның мағынасын сұрағаны ыңғайсыздау екен. Өз басым бұны белгілі бір саяси тәсіл, саяси ойын деп ойлаймын. Өйткені бұндай мәселе көп жағдайда қоғамға шығарылмайды. Оның тек қана шешімі шығарылуы мүмкін көп жерде. Ал мынаны дүркіретіп, бұрқыратып, осыған байланысты көптеген саяси ұйымдардың, саясаткерлердің көңілін аударып, дүрліктіру керек болып отыр. Бұл шындығында да Ақ үйдің бір ойыны. Аяғында не жатқанын мен біле алмай отырмын. Өйткені шындығында жаңағы сұрақты мен өзім де түсінген жоқпын. Бұны ашық жұрттың көзінше ойнауға көшті ме, демек, бұның астында белгілі бір мақсат, мүдделері бар. Мен мынандай бір мысал айтайын. Кезінде «Арқанкерген» шекарасында қырып кетті ғой барлығын. Соның алдында менің бір жақсы танысым сыртқы барлаудың басшысы болған. Ол айтады, дәл сондай «Арқанкергендегі» сияқты бір заставаны қырып кеткен болды дейді Қазақстанда. Бірақ оны шығармайды. Себебі ол мемлекеттік құрия жөніндегі заңның ішінде бар. Неге ол «Арқанкергенді» таратты, бүкіл халық білді? Демек бұл керек болды дейді. Сол сияқты ғой бұл жерде де. Ондай нәрсені таратты ма? Демек ол біреуге керек. Бұл сценарий бойынша жасалып отырған нақты бір ойын».