БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымы жариялаған мәліметке қарағанда, әлемде 56 млн адам жедел азық-түлік жәрдеміне мұқтаж. Бұлардың басым көбі соғыс және түрлі қақтығыс болған 8 елдің тұрғындары.
Мәліметте айтылуынша, соғыс пен қақтығыс салдарынан Ауғанстан, Йемен, Орталық Африка Республикасы, Конго Демократиялық Республикасы, Оңтүстік Судан қатарлы елдерде ашаршылық болуда. Бұлардан тыс Сүрия, Сомали және Чад елдерінде де жағдай тым ауыр. Осы елдердің 56 млн тұрғыны жедел азық-түлік, тұрмыстық керек-жарақ және дәрі-дәрмек көмегіне мұқтаж.
БҰҰ мәліметінде айтылуынша, кей елдерді ұзақ уақыттан бері жалғасқан соғыстар бұрын-соңды болып көрілмеген ашаршылықты алып келген. Халықаралық қауымдастық аталған елдерге гуманитарлық көмек көрсетуді тез арада ұйымдастыру керек екенін баса айтады.
Алайда, мәліметте тұрғындарға жеткізілетін гуманитарлық көмектерге түрлі қарулы топтар жағынан шабуылдардың да жиілей түскені айтылған. Тіпті, кей елдерде халықаралық қауымдастық гуманитарлық көмек қызметін тоқтатуға мәжбүр болған.
Қазір әлемде гуманитарлық дағдарыс ең ауыр ел Йемен болып саналады. Онда алты миллионнан астам адам ашаршылық қаупінде өмір сүруде. Бұның жартысына жуығы балалар.