Еуропалық Одақ Керш бұғазында орын алған жағдайға байланысты Ресейге қарсы санкция енгізу талқылайды. Бұл туралы Еуроодақтың ақпарат көзіне сілтеме жасап, 20minutes.fr агенттігі хабарлады.
Ақпанда осы мәселеге қатысты одақ құрамындағы елдер санкциялық шара аясында жаңа тізімдер жасайды. Ресми сайтта айтылғандай, Керш бұғазында болған жағдай Украинаның тәуелсіздігі мен егемендігіне, аймақтық тұтастығына қауіп төндіреді. Осы ретте Еуропа Одағының уақытша төраға қызметін атқарушы, Аустрия сыртқы істер министрі Карин Кнайсль желтоқсанда өтетін саммитте одақ елдерінің басшылары Азовта Украинаның үш әскери кемесін экипажымен қоса басып алғаны үшін Ресейге салынған санкцияларды қатаңдату мәселесін қарастыратынын мәлімдеді. Бұл ұсынысқа Эстония, Польша қолдау білдірсе, Германия мен Франция қарсы шықты. Екі ел өкілдері Украина мен Ресей арасындағы достық қатынасын күшейту керектігін және санкцияның бұған сай келмейтінін айтқан. Бірақ, ЕО басшылығы осы уақытқа дейін орын алған жайттардан кейін одақ құрамындағы елдер Мәскеуге қарсы салынатын санкциялық режимді бір ауыздан қолдауы тиіс дейді. Айта кетер жайт, егер санкция енгізу туралы шешім мақұлданса, жаңа санкциялық тізімге Мәскеу мен Киев текетіресіне қатысы бар адамдар ілігеді.
Бұған дейін Мәскеу мен Киев текетіресіне қатысты БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысында АҚШ-тың тұрақты өкілі Никки Хейли Ресейдің кезекті агрессиялық әрекетін «қауіпті эскалация және халықаралық құқықтың бұзылуы» деп сынға алған. Ал мемлекеттік хатшы Майк Помпео: «АҚШ Ресейдің агрессивті әрекеттерін айыптайды. Украинаға кемелерді қайтарып, ұсталған экипаж мүшелерін босатуды, Украинаның егемендігі мен оның аумақтық тұтастығын құрметтеуді Ресейден талап етеміз», – деп мәлімдеді.
Еске сала кетейік, 25 қарашада Ресей арнайы жасағы Азов теңізінде Украина әскери теңіз күштеріне тиесілі үш бірдей кемеге шабуыл жасап, басып алған болатын. Осыдан кейін Украина қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс отырысы өтіп, ел президенті Петр Порошенко соғыс жағдайын енгізген. Екі ел арасындағы текетірес НАТО мен ЕО елдерін және АҚШ-ты бей-жай қалдырған жоқ. НАТО Ресейден Украинаның аумақтық тұтастығына құрметпен қарауды талап етсе, Уашингтон Мәскеуді «агрессиялық бағыттағы мемлекет» деп айыптады.