Еуроодақ, НАТО және АҚШ елдері Ресейге Керч бұғазындағы кемелердің еркін өтуін қалпына келтіруге және сенбі күні басып алынған Украина кемелерін қайтару туралы қатаң талап қойды.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері Мәскеу ұсынған «Украинаның Ресей шекарасын бұзуы бойынша» отырыстың күн тәртібін қабылдаған жоқ. АҚШ пен Ұлыбританияны қоса алғанда жеті ел қарсы дауыс берген. Ал Қытай, Қазақстан және Боливия Ресейді жақтап дауыс берсе, төрт ел қалыс қалды. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында сөз сөйлеген АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Польша және Швеция өкілдері Ресейді қатаң сынға алды. Олар 23 украиндық теңізшінің әлі де Ресейде қамауда отырғанына алаңдаушылық білдіріп, Ресей әрекетіне қатысты пікір білдірді.
Ұлыбритания премьер-министрінің өкілі Джеймс Слак Керчь бұғазындағы оқиға Ресей билігінің аймақтағы тұрақтылықты бұзуға талпынып отырғанын дәлелдейтінін мәлімдеді. Біріккен Корольдіктің өкілі Ресейдің Азов теңізіне толық бақылау жасауға тырысқанын айтса, Франция өкілі кешегі қақтығысты Қырым аннексиясының тікелей салдары деп атады. АҚШ президенті Дональд Трамп Керч бұғазындағы оқиғаға қатысты: «Бізге бұл жайт мүлде ұнамайды. Қазір еуропалық көшбасшылармен бірге аталған мәселені талқылауды қолға алдым», – деді. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео 25 қарашада Қара теңізде орын алған оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, Ресейдің бұл қылығы қауіпті эскалация және халықаралық құқықтың бұзылғандығына анық дәлел. «АҚШ Ресейдің агрессивті әрекеттерін айыптайды. Біз Ресейді Украина кемелерін қайтаруға, ұсталған экипаж мүшелерін босатуға, сондай-ақ Украинаның егемендігін және оның халықаралық шекараларындағы аумақтық тұтастығын құрметтеуін талап етеміз», – делінген мәлімдемеде.
БҰҰ-дағы АҚШ-тың тұрақты өкілі Никки Хейли мен Украина бойынша Американың арнайы өкілі Курт Волкер Ресейдің агрессорлық саясатқа қайта оралғанын айтып, жағдайдың оң шешім табатынына сенім білдірді. Ал Ақ үй сенаторы Роб Портман Ресей агрессиясын айыптай отырып, «Украина халықаралық бұғазды пайдалануға құқылы. Оның кемелеріне соққы жасау – Ресейдің Украина ғана емес, АҚШ-қа қарсы заңсыз және қауіпті әрекеті деп есептейміз», – деді.
АҚШ Қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары Майкл Карпентер BBC-ге сұхбат беріп, Керчь бұғазындағы оқиғаның кездейсоқ еместігін айтты. Яғни Ресей бұрыннан дайын болған және Украинадағы сайлау қарсаңында қақтығыс ұйымдастыруды алдын-ала қолға алған. Ресей, Карпентердің айтуынша, Керчь көпірінің құрылысы басталғаннан бері, өз әскери кемелерін Азов теңізіне ауыстыра бастады. Осылайша, Мәскеу Украинаның экономикалық және қауіпсіздік жағдайына қарсы бағытталған өз саясаты аясында Азов және Қара теңіз арасындағы теңізде жүзуді оқшаулағысы келеді.
НАТО не дейді?
НАТО Ресейді Керчь бұғазында ұстаған украин әскери кемелері мен теңізшілерін дереу босатуды талап етті. Осы мақсатта НАТО-ның Бас хатшысы Йенс Столтенберг телефон арқылы Украина президенті Петр Порошенкомен бірге аталған оқиғаны талқылады.
НАТО мәлімдемесінде альянстың бас хатшысы Украинаның аумақтық тұтастығы мен егемендігіне, оның ішінде халықаралық құқыққа сәйкес өзінің аумақтық теңізінде еркін жүру құқығына толық қолдау білдіретінін айтады. Еуропалық Одақ Ресейден Керчь бұғазындағы еркін кеме қатынасы құқығын қалпына келтіруді күтетінін мәлімдеді және барлық тараптар шиеленісті деэскалациялау үшін барынша оң шешім шығару керектігін айтты. ЕО мәлімдемесінде, сондай-ақ, Ресейдің Керчь көпірі құрылысы Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығын бұзу болып саналады деді.
Еске сала кетейік, 25 қараша Ресей Керчь бұғазында Украина әскери-теңіз күштерінің үш кемесін басып алып, оқ атқан. Украина президенті Петр Порошенко Ресейдің бұл әрекетін «басқыншылық» деп атап, олардан Азов теңізінде ұсталған Украина әскери кемелері мен теңізшілерін дереу босатуды талап етті.