Бүгін Астана қаласында президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен жастар жылының ашылу салтанаты өтті.
«Нұр Әлем» орталығында өткен шарада Нұрсұлтан Назарбаев Жастарды қолдау жылында мемлекет пен жастар сапалы, қолжетімді білім, тұрақты жұмыс, баспана және отбасын құруға мүмкіндік жасау мәселелеріне баса назар аударуы тиіс деді. Осыған байланысты бүгін біз осы төрт бағыт бойынша жарияланған статистикаларды жариялауды жөн көрдік.
Сапалы да сапасыз білім
2017-2018 жылғы статистикалық мәліметтер бойынша, Қазақстанда 127 жоғары оқу орны бар. Олардың ішінде 47 университет мемлекеттік, 75 жоғары оқу орны жекеменшікте. Бұдан бөлек 5 шетелдік ЖОО бар. Аталмыш білім ордаларында тәлім алып жатқан студенттердің жалпы саны 496 209 адам. Олардың 64,3 пайызы қазақ тілінде, 31,9 пайызы орыс тілінде, 3,8 пайызы ағылшын тілінде оқиды. Студент жастардың статистикасына қарап, Қазақстанда жастардың білім алуына барлық жағдай жасалған деп айтуға болады. Бірақ дәл қазір елімізде білімнің емес, дипломның, тамыр-таныстықтың дәуірі жүріп тұрғанын естен шығармаған дұрыс шығар. Себебі шетелде білім алып, Қазақстаннан кетіп жатқан жастардың да саны аз емес. Соңғы статистикалық мәліметтер бойынша, қазіргі таңда шетелге білім алуға кеткен 120 мың Қазақстан азаматы бар. Олардың басым көпшілігі Ресей, Қытай, Түркия, Оңтүстік Корея елдерінің жоғары оқу орындарында білім алуды. Қазірдің өзінде аталмыш студенттердің қаншасының елге қайтып оралатыны, ал қаншасының сол жақта қалатынын дөп басып айту қиын...
Тұрақты да тұрақсыз жұмыс
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2018 жылдың ІІ тоқсанының қорытындысы бойынша, еліміздегі жұмыспен қамтылған жастардың саны 2,1 миллион адам. Оның ішінде 1,5 миллион адам жалдамалы жұмыскер болса, 456 мың адам өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарына жатады. Бір сөзбен айтқанда жұмыспен қамтылды делінген жастардың өзінің болашағы бұлыңғыр. «Жалдамалы жұмыс пен өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз ету» - деген сөз «бір де көл, бір де шөлдің» кебі. Енді Finprom.kz сарапшыларының 2018 жылдың 3 айының қорытындысы бойынша жастар арасындағы жұмыссыздыққа байланысты статистикасына көз жүгіртейік. 2018 жылдың алғашқы үш ай бойынша жұмыссыз жастар рейтингін еліміздің қаржы орталығы саналатын Алматы қаласы бастап тұр. Оңтүстік Астанада 16, 2 мың жас жұмыссыз жүр. Бұл жалпы республикалық көрсеткіштің 19,3 пайызын құрайды. Екінші орында 13,5 мың жасқа жұмыс тауып бере алмай отырған Түркістан облысы (бұрынғы ОҚО). Үшінші сатыда жаңа жылдан бері басынан дау арылмай тұрған Қарағанды облысы. Бұнда жұмыссыз жүрген жастардың саны 7,3 мың адам. Әрине бұл статистикалық мәліметтер 100 пайыз дұрыс деп айта алмаймыз. Бірақ ел назарына ұсынылған зерттеулердің қорытындысы осындай.
Баспана
Ranking.kz сараптама орталығының статистикасы бойынша, Қазақстанда баспанасыз жүрген азаматтардың саны 2,5 миллион адамды құраған. Бұл шамамен ел халқының 14 пайызы. «Жастар үні» қоғамдық қорының 2016 жылы Алматы қаласының жастары арасында жүргізген әлеуемттік сауалнама қорытындысы бойынша, Оңтүстік Астана жастарының шамамен 14 пайызының ғана жеке баспанасы бар. 28 пайызы пәтер жалдап тұрады. 40 пайызы ата-анасымен немесе туыстарымен бірге тұрады. Сарапшылар пікірінше, Қазақстан дәл қазіргі қарқынмен тұрғын үй құрылысын жүргізетін болса, Біріккен Ұлттар Ұйымының халықты баспанамен қамту стандарттарына 2035 жылы жететін болады. Ал халық санынының жыл өткен сайын өсіп жатқанын ескерсек, Қазақстанның БҰҰ стандарттарына жақын уақытта жететініне сену қиын.
Отбасын құру
Статистика бойынша, Қазақстанда орта есеппен жігіттер 29 жаста, қыздар 26 жаста отбасын құрады. «Жастар үні» қоғамдық қорының Алматы қаласы жастарының арасында жүргізген әлеуметтік сауалнамасының қорытындысы бойынша, шаһар жастарының шамамен 35 пайызы «тұрақты жұмыс пен баспананың жоқтығынан отбасын құра аламай жүргендігін» айтқан.
2016 жылғы статистика бойынша, Қазақстанда 140 840 неке қиылған. Оның ішінде 51 775 отбасы ажырасқан. Әлеуметтанушы мамандардың пікірінше, жас отбасылардың ажырасуының басты себептерінің бірі тұрғын үй мәселесі, жұмыссыздық және әлеуметтік жағдайдың төмендігі.
Жоғарыда айтылған статистикалық мәліметтерге қарап, Қазақстанда жастар мәселесі қаншалықты дәрежеде ушығып тұрғанын айтудың өзі артық сияқты. Жастарды жинап алып, таң атқанша ақыл айтып, 27 жылда жеткен жетістіктер жөнінде жыр-дастан оқу соншалықты қиын дүние емес екендігі де белгілі. Жастардың білім алуынан бастап, отбасын құруына дейінгі аралықтағы шешілмеген мәселелерді шарт-шұрт шапалақ пен флешмоб шешпейтіндігі де анық. Биліктің 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауы қаншалықты оң нәтиже беретінін дәл қазір дөп басып айту қиын әрине. Бірақ бүгін «Нұр Әлемде» өткен шараға қарап, бұл бастаманың жүзеге асуына да еріксіз күмәнмен қарайсың...