«Университеттің ұзын дәлізінен шығып келе жатқанымызда, қазақтың қаракөз қыздары орысша айқайлап сөйлеп, дөрекі сөздерді төгіп барады екен. Оны естіген Ақселеу ағам Қойшығара ағаға қарап:
- Бүгінгі қазақ қыздарына үлгі етіп көрсететін нағыз қазақ әйелін аташы? – деді. Әдеттегідей жаңа ой, жаңа санамен толғатып жүретін кейпіне ене сөйледі.
Оған жауап ретінде:
– Е-е, ондай қыздар, әйелдер көп қой, қайсібірін атаймыз, – деді Қойшекең өзінің қарапайым, ұяң мінезіне салып.
– Халықтың алдында жүрген, көптің көзіне түсіп, ұлты үшін шыр-пыр болып жүрген бір әйелді айтшы, – деді Ақаң.
– Анау шенеунік әйелдер бар ғой, – дей салды Қойшы-екең.
– Қымбат үлде мен бүлдеге оранып, асыл тастардан алқа тағынған айымдарды айтасың ба?
– Не десең де, елдің алдында жүр ғой.
Сонда Ақселеу аға:
– Мен білсем, тап осы Оразкүл Асанғазықызы іспетті әйелдерді үлгі етіп көрсетуіміз керек, – деді.
Ол Оразкүл басқарған тілдерді дамыту басқармасы бас болып бірер күн бұрын ғана Астананың үш жүзден астам көшесіне қазақ атаулары берілген кез еді».
Филология ғылымдарының докторы, профессор Қаржаубай Сартқожаұлының «Оразгүл біздің осындай» атты мақаласында осылай жазылған екен.
Жуырда «Palitra press» баспасынан жарық көрген «Қайсарлық пен қайраткерлік» атты кітапта автор осы мақаланы өз түйіні ретінде қолданыпты.
Жаңа кітап қырық жылдан бері еліміздің өсіп-өркендеуі мен дамуы жолында аянбай қызмет етіп келе жатқан, атқарған баға жетпес жұмысы мен ел игілігіне қосқан үлесі үшін «Құрмет» орденімен (2008); «Еңбектегі Ерлігі үшін» (1978), «ҚазКСР ағарту ісінің үздігі» белгісімен (1983), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» (2016) медальдарымен, Астана қаласы әкімінің алғыс хатымен (1999), Астана қаласының 10 жылдығына орай Астана медалімен (2008), ОҚО Сарыағаш және Бәйдібек аудандарының, Жамбыл облысы Шу ауданының Оңтүстік Қазақстан облысының «Құрметті азаматы» атағымен, Мәдениет қайраткері (2010), «Тіл жанашыры» (2015) құрмет белгісімен марапатталса, ал 2012 жылы бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, болған Оразкүл Асанғазықызының бүгінге дейінгі өмір және еңбек жолын қамтыған. Ғұмырнамалық жазба эссе-диалог түрінде берілген.
Әу баста жазушы-ғалым Ақселеу Сейдімбектің ой тастауымен әйгілі әйелдер жөнінде жазуды мақсат еткен кітап авторы Нәзира Байырбек жоғарыда жазылған мақалаға жуырда кездейсоқ тап болғанын айтады. «Мен Қаржаубай ағамыздың «Оразкүл біздің осындай» атты мақаласын оқымаған екенмін. Кейіпкерімнің жеке мұрағатындағы құжаттармен танысып отырып, осы мақаланы көргенімде қуанып қалдым. Жазбаға қарап, мен «тақырып» таңдағанда жаңылыспаған екенмін дедім. Ақселеу ағамның бір аманатын орындағандай қуанып отырмын. Бұл мен үшін – мәртебе!» дейді ол.
Қаперге сала кетейік, Оразкүл Асанғазықызы туралы кітаптың «беташары» 22 ақпан күні сағат 17-00-де Астана қаласындағы Шабыт орталығында өтеді.
«The Qazaq Times»