Бүгін, 17 ақпанда «Mizam» көтерме-бөлшек сауда орталығының ресми ашылу салтанаты өтті. Шараға Алматы қаласының әкімінің орынбасары Әукенов Ерлан Мұратұлы, Алматы қалалық Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының жетекшісі Керімбеков Айдын Жанұзақұлы және «Мизам» ЖШС көтерме-бөлшек сауда орталығының басшысы Керімбаев Досмұхан Сұлтанбекұлы қатысты.
«Mizam» – экологиялық таза жоба, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерден тұтынушыға тікелей жеткізетін жаңа үлгідегі базар. Ресми салық төлеушілер мен ресми жұмыс орны.
Алматы қаласының әкімінің орынбасары Әукенов Ерлан Мұратұлының ашылу салтанатында айтқан сөзі:
«Мизам» – қаламыздағы бірінші ауыл-шаруашылық өнімдерінің көтерме-бөлшек сауда орталығы. Статистикаға сүйенсек, қала тұрғындары жыл сайын орта есеппен 228 миллиард теңгеге азық-түлік сатып алады. Ал «Мизам» барынша ортадағы делдалдарды азайтуға тырысады. Осылайша әрбір өндірушінің ешбір делдалсыз өз өнімін сатуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, 2,5 мың шаршы км аумағын алып жатқан бұл сауда орталықта 300-ден аса адам өз өнімін сатады, бұл аумаққа келесі жылы жазда тағы 8 мың шаршы км жер қосылмақ. Арзан бағамен сапалы өнім беретін жаңа «Мизам» базары тек халық үшін жұмыс істейтін болады ».
Азық-түлік өнімдерін сатудың мұндай әдісі Францияның әлемге танымал «Ранжис» нарығының тәжірибесіне сүйене отырып жүзеге асырылады. «Mizam» тауар өндірушілермен тікелей жұмыс істейді, осылайша делдал ұғымы тамырымен жойылды. Бұл орталық – азық-түлік сатылатын қаладағы ең арзан базар болмақ. Ол қала және облыс тұрғындарына арналған.
«Осындай орталық ашу ойымызда бұрыннан бар еді. Көтерме-бөлшек сауда орталығын ашудың түрлі мүмкіндіктерін іздестіріп, қарастырып жүрдік. Еуропада, Азияда, Мәскеeде, т.б. көрші елдердегі 20 шақты базарларды аралап көрдім. Жаңа, тың формат іздедік те, ең жақсы формат ол халық үшін жұмыс істейтін базар екендігін түсіндік. Сол үшін атауын «Mizam» қойдық, мағынасы – «ғажайып, сиқырлы». Кез келген тауардың өзіндік құны болады. Оларды ортадағы алып-сатарлар бағасын екі есеге қымбаттатып сататынын бәрі біледі. Біз осындай олқылықтың орнын толтыруды мақсат еттік. Себебі, қазіргі таңда тұтынушы сапалы тауарларды арзан бағамен сатып алғысы келеді. Сондықтан біздің ең басты ерекшелігіміз – бағасының тиімділігі», – дейді «Мизам» ЖШС көтерме-бөлшек сауда орталығының басшысы Досмұхан Сұлтанбекұлы.
Оған қоса, бұл тек тұтынушыларға ғана емес, ауыл шаруашылық өнімдерін өндіретін фермерлерге және т.б. адамдарға да өте қолайлы базар. Ол туралы Домұхан мырза былай дейді: «Қазірдің өзінде 300 адам жұмыс істейді. Олардың делдал емес екендіктеріне көзіміз жеткен соң, келісім жасап, қабылдап отырмыз. Осында 70 адамды жұмыспен қамтып отырмыз, ал одан бөлек 300 адам өз тауарларын сатып, одан түскен пайдасын өздеріне алып отыр. Яғни біз оларға орын ұсынғанымызбен, бастапқы 3 ай жалға берілген орынға ақша алмаймыз. Себебі, адамдар тартылып, әркім өз тұтынушыларын тапса дейміз. Одан кейін орындарын ай сайын 30 мың теңгеге жалдап отыратын болады».
Бұл көтерме-бөлшек сауда орталығындағы бағалар өзге базарлармен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Мәселен, алма бағасы 150-228тг (қалада 300-370 тг) аралығында болса, өрік-мейіз салыстырмалы түрде 500-600 теңгеге арзан. Сонымен қатар, ет өнімдері – экологиялық таза. Сатылымдағы еттер туралы айтып өтсек. Еттерді түнде ветеринар қабылдап алады да, бірден мекеменің арнайы лабороториясындағы аппаратта тескерістен өткізіледі. Яғни, халық үшін әрбір тауардың сапасы жақсы, бағасы тиімді. Сатып алушыларға тек бағасы емес, кең, ыңғайлы автокөлік тұрақтары да ұнайтыны анық.
Алматы қалалық Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының жетекшісі Керімбеков Айдын Жанұзақұлы:
«Мұнда әрбір өнімді халықтың алаңдамай ала беруіне кепілдік беріледі. Себебі, бұл орталық арнайы лаборотория мен түрлі жоғары техникалық аппараттармен жабдықталған. Жоспар бойынша, бірінші кезең жазға дейін жалғасын таппақ және қазіргі таңда 34 арнайы келісімшарттарымыз бар. Шығыс Қазақстан облысның «Айтас» пен Солтүстік Қазақстан облысының «Тайыншы сүт» компаниялары бізге өздерінің тауарларын тікелей жіберіп отыратын болады. Алдағы уақытта Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарымен келісім шарт жасаймыз».
«Mizam» көтерме-бөлшек сауда орталығы – мемлекет пен жекеменшік серіктестігі негізінде жүзеге асырылған және толықтай жеке инвестордың қаражатына салынған. Алдағы уақытта АҚ «UzAgroTrade», «Mizam» және Алматы каласының ауыл шаруашалық басқармасымен үшжақты меморандум жобасы талқыланады. Жалпы жобаның құны: 3,1 млрд теңге. Ал бүгінгі 2,5 мың шаршы км ауданды қамтитын орталыққа 1,5 млрд қаржы кеткен. «Mizam» сауда орталығы қазір 300-ден аса адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырса, алдағы уақытта бұл көрсеткіш 2000-ға дейін көтерілмек.
Айта кетейік, «Mizam» көтерме-бөлшек сауда орталығының мекен-жайы: Солтүстік айналма көшесі, 28. Базар 8.00-21.00 аралығында жұмыс істейді, басшылары кейіннен аптасына 7 күннен, 24 сағат халыққа қызмет ететіндігін айтады. Егер жүзеге асып жатса, «Мизам» – 24 сағат жұмыс істейтін алғашқы көтерме-бөлшек сауда орталығы болмақ.
«The Qazaq Times»