Әлемдегі ең ауқымды еркін сауда келісім Еуропа Одағы мен Жапония арасында жасалды. 635 млн тұтынушыны қамтыған бұл келісімді Жапония мен ЕО 2013 жылдан бері талқылап келіп еді. Бұған дейін тараптар келіссөз кезінде даму жобалары мен климат өзгерістері мәселесінде басты тақырыпқа қойып келгені белгілі болатын.

Келісім бойынша, алдағы уақытта тараптар бір-бірінің тауарларына бажы салығын алып тастамақ. Бұның нәтижесінде еуропалық компаниялар жыл сайын бажы салығына кетіп отыратын 1 млрд АҚШ доллары көлемінде қаржыны үнемдеп қалмақ.  Ал, Жапония болса бұл келісім арқылы жалпы ішкі өнімін 1 пайызға көтереді.

Күні кешеден бастап Еуропадан Жапонияға жеткізілетін вино және ет өнімдеріндегі 15 пайыз бажы салығы толығымен алынып тасталды. Ал сүт өнімдеріндегі 29,8 пайыздық бажы салығы 2035 жылға дейін алынып тасталады. Ал, бұның қарымжысы ретінде Еуропа елдеріне кіретін жапон өнімдеріне 10 пайыз бажы салығы 2027 жылға дейін кешірілетін болады.

Өткен бір жыл әлемдік сауда тармағы үшін аса ауыр жылдардың бірі болды. Оған АҚШ президентінің «Әуелі Америка» саясатының да белгілі дәрежеде салқыны тиді. Бір жылдары әлемнің еркін сауда бағытына көшбасшы болған ел, ендігі жерде АҚШ өндірушілерінің мүддесін қорғау мақсатында бірқатар халықаралық келісімдерден бас тартты. Әлемнің ең ірі экономикасының еркін саудаға қарсы бағыт алуы құнды қағаздардың базарын астаң-кестең етіп, еркін сауда дағдарысқа қарай бет алған еді.

CPTPP келісіміне қол қойған елдердің басшылары. Фото: GETTY IMAGES/BBC.

Осыған байланысты ЕО мен Жапония және бірқатар Тынық мұхит арқылы шектесетін елдер еркін сауданы қайта жандандыру жолдарын қарастырды. Айталық, 2019 жылдың басталуымен Транс-Тынық мұхит ынтымақтастығының көпжақты және прогрессивті келісімі (CPTPP) күшіне енді. Бұл келісімге 11 мемлекет қол қойған, оның арасында Жапония, Австралия, Канада, Мексика, Жаңа Зеландия және Сингапур секілді экономикалық ықпалды елдер бар.

Жапония- ЕО арасындағы және CPTPP келісімдері АҚШ-тың өз базарын қорғау саясатына қарсы келеді. Оның үстіне 2018 жылы әлемнің алдынғы екі экономикасы арасындағы 600 млрд доллар көлеміндегі сауда таласы екі ел базарын тарықтырды. Ал, 2019 жылы күшіне енген келісімдер әлемдік еркін сауданы алға ілгерілетеді деп күтілуде. Әлемнің үшінші ірі экономикасы болған Жапонияның бұл келісімге қол қоюы екін сауданы жақтаушы елдерге үміт сыйлағандай болды.

Әсіресе, сауда тармақтары бұл келісімдерді қуана қабылдады. Себебі, бажы салғы қысқарса немесе алынып тасталса бұл тауар бағасын арзандатып, сол арқылы айналымын тездете түседі. Базардағы бәсекені күшейтіп, барынша сапаға қарай ұмтылатын болады деп болжанады. Дегенмен, бұл келісімдердің әр елдегі ішкі өндіріске кері ықпал ету мүмкіндігін де жоққа шығара алмаймыз.

“The Qazaq Times”