Аустралия «Қытайды Үндістанмен алмастырды». Өткен аптада Аустралия Үндістанмен еркін сауда қатынасын алға ілгерілету бойынша келіссөздер өткізіп, жоғары нәтижеге қол жеткізді. Ал, екі күн бұрын Аустралия билігі келіссөз туралы мәлімет бергенде: «Қытаймен бүкіл мәселені шешудің жолы – Үндістан» атап көрсетті. Осылайша Қытаймен сауда соғысына түсіп жатқан Аустралия ірі сауда серіктесі ретінде Үндістанды таңдады.
Аустралияның келіссөз делегациясын елдің сауда өкілі әрі бұрынғы премьер -министрі Тони Эбботт бастап барды. Үндістан премьер-министрі Аустралиялық «қонақтарын» жоғары деңгейде қарсы алды. Келіссөзден кейінгі мәлімдемесінде Тони Эбботт екі ел арасындағы еркін сауда келісімі «демократиялық әлемнің Қытайдан бас тартатынын көрсетеді» деп бағалаған екен.
Аустралияның сауда өкілі Қытай сынды жаңа державаның барған сайын күшейіп келе жатқан кезінде Үндістанға қолдау көрсетудің маңызды екенін ашық айтқан. Ол және: Сауда келісімдері экономикаға да, саясатқа да қатысты болғандықтан, Аустралия мен Үндістан еркін сауда келісімін тез арада дамытуы демократиялық әлемнің Қытайдан бас тартып жатқанын айғақтайды. Сондай-ақ, бұл келісім екі елдің ұзақ уақыт өркендеуіне де үлкен ықпал жасайтын болады», – депті Тони Эбботт сөзінде.
АҚШ, Аустралия сынды елдердің Қытаймен сауда соғысы күшейіп, қарым-қатынасы нашарлай түскен бастапқы кезде Үндістан бұл екі тарап ортасында балансты тең сақтап отыруға тырысқан еді. Бірақ, осыдан бір жыл бұрын болған шекаралық қақтығыстан кейін Үндістан мен Қытай қатынасы күрт нашарлап, нәтижесінде Үндістан Қытайға қарсы тараппен ынтымақты дамытуға бет бұрды. Ал, соның нақты көрінісі ретінде өткен апта Үндістан мен Аустралия ортасында кең ауқымды еркін сауда келісімі жасалды.