Алматы қаласындағы Нархоз Университетінде әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына арналған «We Art» шығармашылық орталығы ашылды. Болат Өтемұратов қорының қолдауымен іске асырылған жобаның басты мақсаты ата-анасының қамқорлығынсыз немесе қиын қаржылық жағдайда қалған жігерлі жастарға білім беруге, балалар үйі түлектерінің шығармашылық білім алуына, мамандыққа ие болуына және өз таланттарын жүзеге асыруына мүмкіндік беру.

70-ке жуық шәкірттің білім алуына мүмкіндік беретін орталықта, бүгінде 30-ға жуық жас өз тәжірибиесін шыңдауда. Қазіргі таңда мұнда негізінен орыс тілді жастардың көптеп білім алула. Осыған байланысты мамандар қазақ тілінде өзін дамытқысы келетін жастарды да мұндай жобадан тыс қалмауға шақырады.

«We Art» шығармашылық орталығында жастарға камера, телефон және студияда қалай жұмыс істеу керектігін тек қазақстандық мамандар ғана емес, шет елдік мамандар да үйретеді. Сонымен қатар дизайнерлерге де берілетін мүмкіндік жетерлік.

Бүгінде статистика бойынша, елімізде 84 мың жас «екі қолға бір күрек» таппай жүр. Мұндай көрсеткіштің тым жоғары екендігіне Нархоз университеті ректорының стратегиялық даму істері бойынша орынбасары Виктория Цайдың өз ойы бар.

«Жұмыссыздықтың бұл көрсеткіші қазақстандық жастардың арасында қылмыстың өсуіне алып келеді. Жұмыспен қамтылатынына көзі жетпейтін және өмірге бейімделмеген жасөспірімдер қылмыс жолына түседі. Дарынды балалар даму мүмкіндіктерінің жоқтығына байланысты қоғамда адасуы мүмкін» - деп есептейді Виктория Цай.

"The Qazaq Times"